Жарнама
Жаңалықтар

Киноиндустрия саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері әзірленіп жатыр

Киноиндустрия саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері әзірленіп жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.

«Мемлекет басшысының кинематография саласын реформалау бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет «Кинематография туралы» Заңға түзетулер енгізу және киноиндустрия саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмін әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енгізілетін түзетулердің қатарында балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі фильмдер санын ұлғайту бойынша нормалар қарастырылған. Тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында», — деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Үкіметтің қаулысымен бекітілген Қазақстан мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын атап өтеді. Онда отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің кинопрокат үлесін 2022 жылғы деңгейден 2030 жылы 35 пайызға дейін арттыру (2023 жылы – 18 %, 2024 жылы – 21 %, 2025 жылы – 25 %, 2026 жылы – 28 %, 2027 жылы – 30 %, 2028 жылы – 32 %, 2029 жылы – 35 %) нысаналы индикаторы көзделген.

«Анимациялық фильмдер өндірісі «Кинематография туралы» Заңның негізінде (фильмдерді іріктеу және қаржыландыру қағидалары) реттеледі. Яғни, анимациялық өнер құрылымы аталған Заңда кеңінен қарастырылған», — деді Олжас Бектенов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button