Кілемге бергісіз алаша болған…
Өнер халықпен тығыз байланыста өрбиді. Ел ішіндегі шеберлер дамытқан қолөнер мұралары көп. Соның бірі найза, қылыш, айбалта, семсер секілді қару-жарақ болса, ағаштан түйін түйгендер киіз үйдің сүйегінен бастап, үй мүліктерін де жасаған. Зергерлер сәндік әшекейлік бұйымдардың қатарынан сырға, білезік, алқа, өңіржиек, бойтұмар, шашбауды атауға болады.
Көздің жауын алатын әсем, жеңіл сырмақ, оюлы текемет, тұскиіз, түкті немесе тақыр кілемдер мен терме алашалар да бір кездері таптырмас құнды дүниелер болды. Қазір тұрмысқа қажет болмауы себепті көпшілігі қолданыстан шығып қалды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорынан тоқыма өнерінің бірнеше түрін кездестіруге болады. Мысалы, солардың бірі – ұмыт бола бастаған алашалар.
Әрқайсысының ені – 25-35 см. Жіп-жолақтардан тоқылып құрастырылып тігілген. Негізінен алашалар төсеніш ретінде қолданылған. Иесінің талғамына қарай боялып, өрмекпен тоқылған. «Кілемге бергісіз алаша бар, Ханға бергісіз қараша бар» деген сөз орамы алаша бұйымдарының эстетикалық, композициялық шешімі жағынан кейде кілем бұйымдарынан артық бағаланғандығын аңғартады.
Алаша өрнегінің түріне қарай жолақ алаша, өрнекті алаша; жібіне жұмсалатын материалына қарай жүн алаша, мақта алаша; жиегінің көмкерілу ерекшелігіне байланысты көмкерулі алаша, жиекті алаша, шашақты алаша деп жіктеледі. Тоқылу техникасына қарай екі қабат алаша, жалаң қабат алаша, композициясының шешіміне қарай қарапайым алаша, өрнекті алаша деп бөлінеді.
Алашаның бетіне салынатын негізгі өрнектер: қошқармүйіз, сыңармүйіз, шаршы, тұмарша, қармақ, ирексу, аштархан теру, ботамойын, өрмекші, алабас және т.б.
Атырау өңірінде алашаның жүзтеру және түрікпен теру тоқу дәстүрі сақталған. Жүзтеру алаша – бір шаршы ішінде бір-бірінен туындап жатқан бірнеше ою-өрнегі бар терменің түрі.
Мұражай қорында алашаның бірнеше түрі сақтаулы. Солардың бірі – көлемі 160х220 см болатын қызыл, сары, көк түсті иірілген жүн жіптерден жүз теру тәсілімен тоқылған алаша. Он сегіз қатар жалпақ жолақтардан құрастырылып тігілген алашаға қошқар мүйіз және қармақ өрнектері қайталана өрнектеліп, жолақтардың арасы ақ түсті ирексу өрнегімен ажыратылған. Екі жаны көк, қызыл, сары, қара, ақ, ақшыл қызыл түсті иірілген жүн жіптермен көмкеріліп жиектелген алашаны Атырау қаласының тұрғыны Ж.Жетпісбаева 2001 жылы тапсырған.
137х382 см болатын өрнексіз қақпа алаша әртүрлі қызыл, сары, қоңыр, жасыл түсті иірілген жіптерден тоқылған. Екі жаны жасыл, ақ, қызыл, қоңыр, көк, күңгірт қызыл, қызғылт-сары түсті жіптермен көмкеріліп жиектелген. Алашаны Атырау қаласының тұрғыны Б.Ғайнелова 2007 жылы тапсырған.
Жеңіл әрі жиі қолданылатын өрнектің екі түрі бар. Оның бірі – «су», екіншісі «тіс» өрнегі. Сондай-ақ, өрмекте мүйіз, геометриялық фигуралар тәрізді күрделі өрнектер тоқу кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» деп атайды. Термелеп тоқу әдісі қазақтың өрмек өнерінің ең бір көп тараған және көркем дүниелерді тоқуға ең бір қолайлысы деп саналады.
Біздің қордағы қызыл, қызыл-сары, жасыл, көк түсті иірілген жүн жіптерден термелеу әдісімен тоқылған алашаны Атырау облысы, Жылыой ауданы, Қосшағыл селосының тұрғыны З.Бекбауова 2013 жылы тапсырған.
24 қатардан құрастырылған алашаның жолақтары бойына қызыл, жасыл, көк түсті қазмойын өрнегі қайталанып өрнектеліп, араларына алақұрт өрнегінен су жүргізілген. Екі жаны қызыл-сары түсті пүлішпен көмкерілген алашаның көлемі – 178х284 см.
Қызыл, сары, көк, қызыл-сары түсті иірілген жүн жіптерден термелеу әдісімен тоқылған. Алашаға сары түсті жолаққа аштархан теру, сынық мүйіз және көк, қызғылт түсті жолаққа балдақ өрнектеліп, екі жанына қызыл, сары, көк, қызыл-сары, қара түсті иірілген жүн жіптерден көмкеріліп жиек салған. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай селолық округінің тұрғыны Ы.Хасанов тапсырған. Көлемі – 145х370 см.
Алаша бүктеуге, алып-салуға, жинауға қолайлы мүлік және оны тоқитын өрмекте күрделі техникасыз, керекті жабдықтары оңай табылатындықтан Қазақстанның барлық аймақтарында жақсы дамыған. Олардың өз аймақтарына қарай өрнек мәнерінде, тоқу әдістерінде де өзгешеліктер бар.
Ләззат САЛЫҚОВА,
облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының бөлім меңгерушісі.