КИЕлі мекенге сапар
Atr.kz/25 шілде, 2019 жыл. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бір топ студенті қазыналы өлке – Маңғыстау жеріне сапарлап барды. Бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университеттің 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған еді. Сөйтіп, заманында батыр, абыз, әулие атанған Бекет ата басына тәу етуге оқу орнының он оқытушысы мен әр факультеттен құралған 70 студент жолға шықты.
Вокзал іші жолаушыға лық толы. Маңғаз өлкеге сапар шеккелі тұрмыз. Бұл тәу ету сапары болғандықтан, Бекет ата мазарына барушылар ұлтқа, дінге бөлінбейді. Бәрінің де ойлағаны бір мақсат. «АтырауМаңғышлақ» пойызы орнынан қозғалып, бәрі орындарына жайғасты. Түніміз тыныш өтіп, таңсәрімен Маңғыстауға жеттік. Бізді вокзал маңынан арнайы автокөліктер күтіп алды.
Алдымызда тағы да ұзақ жол. Біз Бекет ата мазарына бет алдық. Автокөлік жүргізушісі сақтық шараларын айтып, ата басында әдепсіз қылықтардан ада болуымызды ескертіп келе жатты. Даланың әсем табиғатты көз сүйсіндіреді. Жүйіткіген көліктің терезесінен қарап, бір кезде осы жерде шексіз-шетсіз теңіздің орны болғанына сенбейсің-ау… Осынау киелі өңірде Шопан ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Қараман ата мешіттері бар. Біз Шопан ата мен Бекет ата мешіттеріне тоқтадық.
Тәртіп бойынша қыздар ұзын белдемше киіп, басына орамал тартып, жабық киінуі керек. Сапарластар бас сұққан алғашқы бекет Шопан ата мазары болды. Ғибадат ететін орталығында жартас қабақтан қашалған бірнеше бөлмеден тұратын мешіт бар. Бұл жерде «әкеге қыз тілекші» демекші, қызы жерленген екен. Жиылған қауым енді Бекет атаға қарай жол тартты. Шопан атадан Бекет атаға дейін 70 шақырымдай жолдың жартысынан көбі бүлінген. Ойдым-ойдым.
Бірақ, бұл бізге кедергі келтірмеді. Екі сағаттан соң межелі жерге жеттік. Бекет ата 1750 жылы қазіргі Атырау облысындағы Ақмешітте дүниеге келген. Хиуа медресесінде білім алған. 1813 жылы бақилық болған Бекет ата халық есінде батыр, алдын болжайтын көріпкел ретінде қалды. Емші ретінде оған ауыр науқасқа шалдыққан адамдар келген. Көмек сұраушыларға Алла қалауымен шипа беріп отырған.
Бекет ата өзі салған мешітте жерленген. Бұл жер бүгінде тәу етушілер келетін киелі орынға айналған. Мешітке қайыршақ тастан қашап салынған сатылы жол арқылы барады. Жалғыз аяқты жолда түрлі адамды кездестіресің. Туристер де бар. Егде тартқан жандарға демалуға арналған орындар бар. Мешітте екі бөлме бар. Бірінде атаның өзі жерленген, екінші бөлмеде киелі ағаш орналасқан.
Алдымен, ата жерленген бөлмеде құран оқып, тілегімізді тіледік. Содан соң киелі ағашқа нияз байладық. Үш рет тілек тілеп, киелі ағашты айналып шықтық. Мешіттің сол жағында жартастың етегіне алып баратын соқпақ жол жатыр. Сол жерде киелі құдық бар, ауырмас үшін міндетті түрде суымен көзіңді жуу керек. Жуынудың екі түрлі пайдасы болуы мүмкін. Көзің ауырмаса – дүниәуи пайда, осы су арқылы жан дүниең ашылса – рухани байлық.
Таң ата Ақтауды бетке алдық. Маңғаз Маңғыстаудың тағы бір кереметі қарт Каспий теңізіне саяхат жасап, қаланы араладық. Осылайша, киелі жердің қасиетін ұғынып, ұлтымыздың тарихы тереңде, рухани құндылыққа толы екеніне көз жеткіздік.
Айсәуле АРДАҚҚЫЗЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің студенті