Жарнама
Жаңалықтар

ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ АРМАНЫ – ТҰРМЫСТЫҢ ЖАҚСАРҒАНЫ

 АТЫРАУДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛЫПТЫ

Үкімет басшысының орынбасары мұнайлы мекендегі сапарын «Кәсіпқор» Атырау мұнай-газ саласын оқыту орталығынан бастады. Еліміздегі көмірсутегі шикізаты өндірісіне қажетті мамандарды даярлайтын бұл оқу орнының ашылғанына бірер жыл ғана болғанымен, қазірдің өзінде жоғары беделге ие болып үлгерді. Мұнда келешек кадрларға отандық үздік ғалымдар мен педагогтар ғана емес, шетелдік оқытушылар да дәріс береді. Оны бітірушілер әлемдік озық технологияны меңгеріп, дүние жүзінің кез келген елінде еңбек ете алады.

Жиналғандар алдында астаналық меймандарға «қош келдіңіз» айтқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірдің әлеуметтік ахуалына қысқаша шолу жасады. Аймақ басшысының айтуынша, Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаржы мемлекет қажетіне жаратылғалы отыр. Құрылыс, кәсіпкерлік, индустрияландыру, жол салу секілді басым бағыттарға берілетін миллиардтаған теңге нақты есептеліп, тиісті мақсатқа жұмсалады.

Бүгінде облыстағы үш жоғары және 20 кәсіптік білім беретін мекеме аймаққа қажетті мамандарды дайындауда. Солардың бірі – қазіргі заманның талабына сай жарақталған «Кәсіпқор» мұнай-газ саласын оқыту орны.

Өңірде жұмыссыздық мәселесін шешу ретімен жүргізілуде. Өткен жылы 17 мың адам қызметпен қамтамасыз етілді. Соның 11 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Бұл – жақсы жетістік. Оның үстіне, кәсіпорындарда қысқартуға жол бермеу мақсатында өңірдегі 110 ірі және орташа деңгейдегі компаниялармен меморандумға қол қойылды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша былтыр облыста 20 амбулаториялық нысан пайдалануға берілді. Бұл жолғы ерекшелік – солардың әрқайсысының жанынан дәрігерлерге арналып тұрғын үйлер салынуы. Қазір кейбірі тапсырылды. Соңғы төрт жылда алты аудан орталығында жаңа емханалар қатарға қосылды. Биыл Индер ауданы мен Атыраудың іргесіндегі Геолог елді мекенінде осындай ғимараттар пайдалануға беріледі. Өткен жылы балалар ауруханасын қайта жасақтауға мүмкіндік туды, СПИД орталығы салынды. Ал, биыл облыстық перзентхана жаңартылады.

Облыстың денсаулық сақтау жүйесінде еңбек ететін 14300 дәрігер жергілікті тұрғындар мен қонақтарға жыл бойы үздіксіз қызмет етеді. Соның нәтижесінде аймақта демографиялық ахуал да орнықты. Өткен жылы облыста 16,5 мың сәби дүниеге келді. Бүгінде аймақ халқының саны 580 мыңнан асты. Осы қарқын сақталса, енді бірер жылдан соң 600 мыңдық меже де алынбақ.

Мәдениет саласында өткен жылы есте қаларлық біраз шара ұйымдастырылды. Алдымен, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің Еуропаны аралап шыққандығын айтқан абзал. Бұдан басқа филармония өнерпаздары Ресей, Үндістан, Катар елдеріне барды. Атырау мен Орал қалалары арасында мәдениет күндерін өткізу дәстүрге айналды. Биыл атыраулық өнерпаздар Оңтүстік Қазақстан облысына бармақшы. Эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды. Оның алғашқы концертін көрермендер 4 ақпанда тамашалап үлгерді. Қазақтың ұлы ақындары Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш орнатылмақшы. 

Облыста Ұлы Отан соғысынан оралмаған 13 мыңнан аса боздақ бар екен. Солардың есімдері жазылған ескерткіш-тақта бой көтереді. Осындай құрмет Ауған соғысына қатысқандарға да көрсетіледі.

Жастар да барынша қамқорланып жатыр. Өткен жылы 53 мың жергілікті жас әртүрлі бағдарламаларға қатысты. Барлық аудандар мен Атырауда Жастар ресурсы орталықтары ашылды. Былтыр Жастар сарайының іргетасы қаланған-ды. Қазіргі міндет – осы құрылысты тездету. Негізі, тіршілік түйткілдері реттелсе, жасаған жұмыс та жемісті болады емес пе? Сайып келгенде, халықтың басты арманы да – тұрмысының түзелгені.

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР БАСТАУЫ

Одан әрі сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ әлеуметтік ахуалдың кейбір түйткілдерін сөз етті. Бірлесіп шешетін проблемаларды ортаға салды.

Қазіргі ең басты мәселе – халықты қызметпен қамтып, олардың жалақысын мезгілінде төлеу. «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі мақсаты да – сол. Осы құжатта көрсетілген инфрақұрылымды дамыта отырып, жұмыс орындарын барынша көбірек ашу көзделген. Бағдарламада көрсетілген шаралардың бәрі жүйелі жүзеге асқанда қосымша 400 мың адам жұмысқа тартылады. Демек, кейбір салада жұмыс күшінің артықтығы байқалса, олар жаңа жобаларға жұмылдырылады.

Ел бюджетіне енгізілген өзгерістерге орай жаңадан салынатын мектептер құрылысы уақытша кейінге шегерілді. Әйтсе де, алдағы үш жылда апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептерді жоюға қосымша қаражат қарастырылды. Осы уақытта республикада 77 мектеп пен 27 балабақша тұрғызылады.

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін де жетілдіру керек. Оқу бағдарламалары мен мерзімдерін өзгерткен жөн. Шындығы керек, бүгін диплом алып шыққан жастардың бәрі қызметпен қамтылып жатқан жоқ. Олар жұмыссыздар қатарын толтыруда.

Оның бір шешімі – мамандарды келісім негізінде даярлау. Яғни, ертеңгі күні компаниялар кадрларды қабылдауға дайын болуы шарт.  Статистикалық деректерге қарағанда, республикада оқу орындарын бітірген мамандардың 70 пайызы жұмысқа орналасады екен. Атыраудағы мәлімет одан да көбірек. Бірақ, осы есеп нақты жүргізілген бе? Кәсіпорын басшыларынан жалған анықтама алып, оқу орнына тапсыра салу бар. Енді, жастардың қызметпен қамтылғаны зейнетақы қорына аударылған жарнасы арқылы анықталады. Сонда ғана еңбек нарығы нақтыланады.

Қазір мемлекеттік және жеке меншік оқу орындарын жүйелеу жүріп жатыр. Негізгі бағыты болмаса да, тобымен экономист немесе заңгер дайындауды қою қажет. Оларды әзірлейтін арнайы оқу орындары бар. Бұл – солардың шаруасы. Осы мамандардың денінің жұмыс берушінің талабына сәйкес келмей жататындығы сондықтан.

Қазір республикада мұғалімдермен аз қамтылған мектептер көп. Бір мұғалім дайын болмаса да физикадан да, химиядан да, математикадан да дәріс береді. Соларды заңды негізде топтастыруға болмас па? Мәселен, бір мұғалімді химиядан да, биологиядан да, физикадан да сабақ жүргізуге даярлау керек. Сонда әлгі оқытушы үш пәннің маманы болып шығады. Кәсіби оқудың мерзімін де қайта қарастырған жөн. Мәселен, темір пісірушіні үш жыл бойы әзірлеу тиімді ме? Оған болашақ негізгі мамандығынан тыс мектеп қабырғасындағыдай тарих пен географияны немесе әдебиетті оқыту дұрыс па? Әрине, өзі үшін білгені жөн. Әйтсе де, тездетіп кәсіби білімін алып, жұмысқа араласқаны абзал емес пе? Әлгі пәндерді оқығанша, жұмысшыға өндірісте тәжірибе жинақтағаны қажет қой.

Білім беру саласына байланысты «Серпін» аталатын бағдарлама қабылданды. Оның мақсаты – республика ішінде мұғалім мамандарын алмастыру. Мәселен, оңтүстік өңірде мұғалімдер артық. Ал, батыс пен шығыста тапшылық бар. Жергілікті атқарушы билік жағдай туғызып, неге қажет мамандарды шақырмасқа? Оқулықтармен қамтамасыз етуге  байланысты да біраз шу шыққаны белгілі. Қазір Білім және ғылым министрлігіне тапсырма берілді. Енді белгіленген кесте бойынша барлық қала мен аудандар тамызда-ақ қажетті оқулықтармен жеткілікті қамтамасыз етіледі. Сондықтан, облыстық білім беру басқармасы Астанамен жүйелі жұмыс жасауы керек. Білім стандарты да жетілдіріліп келеді.

Денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша биыл бірінші кезең аяқталады. Елбасы оның екінші кезеңін даярлауға тапсырма берді. Бұл ретте алдын ала емдеуге ерекше назар аударылмақ. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме? Демек, кез келген сырқатты болдырмау шарасына көңіл бөлу қажет. Жалпы, қызметкердің саулығына жұмыс беруші де мүдделі болуы тиіс.

Елбасы тапсырмасына байланысты әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры құрылады. Оның үш қаржыландыру көзі болмақ: мемлекеттен, жұмыс берушіден және жеке адамның өзінен. Соған сәйкес заң жобасы дайындалуда. Дәрі-дәрмекке қатысты да кейбір проблема бар. Қазір «Фармация» мекемесімен бірлескен жұмыс жүруде. Алыс елді мекендерді медициналық жабдықтармен жарақтандыру бағытында бағалы ұсыныстар бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникалары лизингтік әдіспен беріледі ғой. Соны медицинаға да енгізуге не кедергі? Сонда алыстағы ауылдарда да сырқаттарды сол жерде емдеуге мүмкіндік тумай ма? «Жедел жәрдем» жұмысын жандандырған жөн. Павлодарда бұл жұмыс толық автоматтандырылған. Бір шақырылу мерзімі 15-20 минөттен аспайды. Диспетчерлік орталық көліктің қай уақытта аттанғанын, дәрігердің нендей көмек көрсеткенін, қай ауруханаға әкетілгенін, қысқасы бәрін біліп отырады. Аурухана да сырқатты қабылдауға дайын тұрады. Міне, осы әдіс барлық облысқа таратылады.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша қосымша биыл 37 млрд. теңге бөлінді. Әйтсе де, бұдан үш жыл бұрын шағын несие бойынша алынған ақша қайтарылуы қажет. Бұл қаражат осында қалады және әрі қарай қайта беріледі. Тағы бір жағымды жаңалық, биылғы 16 наурыздан бастап бірінші рет қарттарға зейнетақы, мұқтаж жандарға төлемақы мен өтемақы тәрізді құжаттарды мерзімінде әзірлеу үшін жылжымалы топтар құрылды. Олар осы бағытта тұрақты жұмыс жасайды. Сонымен қатар, бұл топтарға жұртшылыққа жұмыспен қамту бағдарламасын түсіндіру де тапсырылған. Ең бастысы – ашылып жатқан жұмыс орындарына тұрақты мониторинг жүргізу.

Спорт пен мәдениет орындарына да көпшіліктің жиі баруын қамтамасыз ету қажет. Мұнда да ірі компаниялар өз қызметкерлеріне жағдай жасағаны жөн. Спорт алаңдарын жалға алуға болады. Халықты кітаппен қамту да маңызды. Әркімнің үйінде оқылмай жатқан кітаптары  бар емес пе? Соны кітапханаларға тапсырып, баршаның игілігіне айналдыру керек. Ескілікті жәдігерлерді де мұражайларға беріп, халықтың игілігіне жаратқан жөн.  

Міне, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев білім беру мен денсаулық сақтау, спорт пенмәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуде осындайойларымен бөлісті.Содан соң меймандартүске дейінНазарбаев зияткерлік мектебінің, «Мирас» балабақшасының және балалар ауруханасының жұмысымен танысты.

Атырауда әлеуметтік ахуал қалыпты, — деді Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев журналистерге берген қысқа сұхбатында, — «Мирас» балабақшасында бүлдіршіндерге тамаша тәрбие беріліп жатыр. Балалар ауруханасы демеушілердің жәрдемімен заманауи компьютерлік томография жабдығымен жарақтандырылыпты. Жергілікті атқарушы биліктің осындай қолдауы нәтижесінде облыста сәби өлімі республикалық орташа көрсеткіштен әжептәуір төмен.

БАСТЫ НЫСАНА – ЖҰМЫС ОРНЫН САҚТАУ

Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары түстен кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жалғасты. Әуелі аймақ басшыларымен бірге кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралап шыққан ол осында өңіріміздегі ірі өнеркәсіп компанияларының өкілдерімен жүздесті. Кездесу жиынын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кіріспе сөзбен ашып, қысқаша зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Биыл құрылғанына жетпіс жыл толатын осынау іргелі кәсіпорында біраз жұмыстар атқарылды. Нақтылай кетсек, 2014 жылы мұнда хош иісті көмірсутектерін шығару кешенінің құрылысы аяқталды. 2015 жылдың алғашқы жартысында жаңа өндіріс нысанын іске қосу үшін жіберу-реттеу жұмыстары мәресіне жеткізіледі. Ал, келер 2016 жылы мұнайды тереңдете өңдеу кешені пайдалануға беріледі. Оның жобалық қуаттылығы 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол шығаруға шақталған. Кәсіпорынның негізгі қызметі мұнайды өңдеп, одан түрлі өнімдер шығару болып табылады. Қазіргі уақытта зауытта жұмыс жасайтын адамдардың саны 2500-ден асады.

Таныстырылымнан соң сөз кезегін алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы баяндады. Үстіміздегі жылдың өткен екі айында облыста жалпы көлемі 4,85 млрд.теңгенің өнеркәсіп тауарлары өндіріліп, алдыңғы жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 102 пайызға артқан. Осы мезгілге дейін өңірімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жоспарланған 20 жобаның 14-і толықтай жүзеге асырылған.  Жобаларды қосымша қаржыландыруға 10 млрд.теңге қаржы бөлініп, негізгі қордағы капитал көлемі 3,3 пайызға көбейген. 2020 жылға дейін облыста 50-ден астам жобаның іске қосылуы қамтамасыз етіледі.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жоспарланған 18 жобаның (жалпы құны 5,2 млрд.теңге) 46 пайызы немесе 3,8 млрд. теңгесі игерілген. Өнеркәсіппен қоса агроөнеркәсіп кешені бойынша қолға алынған жобаларды жеңілдікпен несиелеу жолдары қарастырылған. Құрылыста, соның ішінде ипотекалық және арендалық әдіспен салынатын тұрғын үй құрылысында да берілетін несиелердің жылдық қайтарым пайыздарын төмендету көзделген. Жұмыссыздық пен инфляция деңгейі де айтарлықтай азайып, жаңа жұмыс орындарын ашу және барын сақтап қалу мақсатында облыстағы ірі кәсіпорын-мекемелермен 2000-ның үстінде меморандум жасалынған. Биылғы жыл басынан бергі екі айда ғана осы мақсатта бекітілген келісімдердің саны 100-ге жуықтаған. Бос тұрған жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру  жұмыстары жалғастырылып, басқа да шаралар алынған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақтық тұрақтандыру қоры арқылы былтыр 70-ке тарта ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, тауарлар 20 пайызға дейін төмендетілген бәспен сатылған. Мұның сыртында, 60 орынға есептелінген коммуналдық базарда сатылымға шығарылған өнім түрлерінің жалпы саны 80-ге жеткізіліп, оның 30 пайызын жергілікті тауарлар құраған. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету мақсатында жалпы құны 4,68 млрд. теңгені құрайтын 75 меморандумға қол қойылған.

Осыларды егжей-тегжейлі баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ғұмар Ислямұлы Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірістік қуаттарды кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен байланысты туындаған кейбір проблемалық  мәселелерге (негізінен кәсіпорын аумағына кіретін жер телімдеріне қатысты) де тоқталды.

Бұдан кейін «Теңізшевройл» ЖШС бірлескен кәсіпорнының бас директоры Тим Миллер, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиев, «Атыраунефтемаш» ЖШС бас директоры Александр Донсков өздері басқаратын кәсіпорындардағы ахуалдан хабардар етті. Өз кезегінде Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Диас Сұлтанов та жұмыс берушілермен өзара келісім жағдайындағы ынтымақты да нәтижелі қадамдардың аз еместігін, ілгеріде де солай бола беретіндігін алға тартты. Мұны Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Машбекұлы да құптап, елдің игілігіне бағытталған бастамаға қашан да қолдау көрсетілетіндігін, сол себепті де басталған істі аяғына дейін жеткізіп, қолайлы жағдай туғызу арқылы халықтың, мемлекеттің қуатын арттырып, әлеуетін көтеруге күш салу керектігін қаперледі. 

АГРОКЕШЕННІҢ ДЕ ҚАДАМЫ АРШЫНДЫ

Келесі кезекте аймақтың агроөнеркәсіп кешеніне кіретін ауыл шаруашылығы нысандарына назар аударылды. Осылайша, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге алдымен «Атырау Агросервис» ЖШС-не маңдай тіреді. Кәсіпорынды аралап, өндірістік базасымен танысты.

Өткен жылдың соңында «Алмалы құс» ЖШС (Махамбет ауданы) базасында іске қосылған  фабриканың жобалық  құны 480 млн.теңгені құраса, кәсіпорында 100 мың құс өсіріліп, жылына 30 млн.дана жұмыртқа және 10 тоннаға дейін тауық еті өндіріледі. Қазірде мұнда 40-тың үстінде адам еңбек етеді. Алдымыздағы сәуір-мамыр айларында жобаның екінші кезеңі іске қосылып, тағы да сонша балапан жеткізіледі, деп күтілуде. Ең бастысы, фабриканың пайдалануға берілуімен байланысты жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына аз да болса көп үлес болып қосылғандығы да анық.

Өңіріміз үшін ғана емес, ел өміріндегі елеулі жаңалықтардың қатарынан саналған «Атырау Агроөнімдері» ШҚ-ның құрамындағы «Сарайшық» БК ЖШС бұрын-соңды болмаған ешкі түлігін өсіруге маманданған бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Жұмыс жасай бастаған санаулы уақыттың ішінде жаңа кешен өзінің өміршеңдігін, келешегінің барлығын нақты нәтижелермен дәлелдеуде.

 «Бірінші мамыр» ЖШС (Бейбарыс ауылы) базасында салынып, пайдалануға берілген сүттік бағыттағы мүйізді ірі қара малы (500 басқа арналған) фермасында да жүйелі жұмыстар жалғасын тапқан.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев осылардың бәрін көріп, ауылда оңғарылып жатқан ауқымды істерге куә болды. Бұл тұрғыдағы табысты қадамдарына сәттілік тіледі. Осындай тамаша үрдіс пен теңдесі жоқ тәжірибені бүкіл елге таратып, насихаттаса да артық болмас деген ізгі ниетін де жасырмады. Жалпы алғанда, аймақтағы агроөндірістің аршынды қадаммен алға басып келе жатқандығына ризашылығын білдірді.

Соңынан вице-премьер «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылу үстіндегі жұмыстардың барысынан хабардар болды. Осыған орайластырылып, Бейбарыс ауылындағы орта мектеп ғимаратында ұйымдастырылған таныстырылым рәсіміне қатысты. Осында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндай келе, осы тұрғыда халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ұтқыр топтардың ұйымдастырылғандығын мәлімдеді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Дәулетқали АРУЕВ.

Беттің суреттерін түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ, Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button