Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Кешіріңізші МЕНі…

Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Қойшығұл Жылқышиев – қазақ поэзиясында өзінің өрелі жырларымен ізі бар ақын. Өткен жылы Қазақстан Жазушылар Одағының арнайы жобасымен Алматы қаласы хақында топтама өлеңдерін жазып бітірді. Бүгін біз ақынның осы циклдан бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет, Халықаралық «Алаш» әдеби, Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін Мақтымқұлы атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры

Алматының вокзалы

Ей, Қойшығұл, қалам алып қолыңа, Көп қарадың оңың менен солыңа, Өткен таңмен өргеніңе шүкір деп, Көргеніңе көңілдерің толы ма?!
…Жиырма жаста едім-ау мен ол кезде, Елу жылда елдің өңі енді өзге. Осы жерден бастау алып сапарым Осыгүні болып алдым елкезбе…
Қазір менің алдым ашық, кең арқам, Атағым бар, таққан темір, көп алқам… …Алматыда таныс-тамыр жоқ онда Вокзал менің болушы еді қоналқам.
Ерте тұрып емтиханды тапсырып, Ертеңімнен күтетін ем жақсылық. Өз үйімдей жүгіруші ем вокзалға Тамағым бір қалатындай дәп суып.
Ал, кешкісін… кеші ғажап сүгірет, Дүбірлескен дүрегейі, дүрі көп. Қалғып кетсең қағылады қалтаңыз Сес көрсетер сенен гөрі ірірек…
Анау жерде, Алатауды да ықтырар, Асып-тасып өтіп жатыр мықтылар. Мынау жерде мұңайысып, мұңданып Мәңгі-бақи айырылмастай жұп тұрар…
Түн тұмшалап, түнереді мына жақ, Оған қарап отыру да бір азап… Көз алдыма елестейді, майданды Маңдайға алып бара жатқан кіл қазақ…
Ана жақта әрлі-берлі ағылыс, Алға, қазақ, алға қарай алып ұш! «Тыңға!» деген тымағыңды баса ки Нән даладан нәпақаңды тауып іш!..
Осыны ойлап… келмей отыр әлі ұйқы, Осы маңда Алматының бар иті… Вокзал деген – қарияңның кешегі Шерлі, сырлы, қилы-қырлы тарихы.
Анда-санда тоқтап, тойып өтетін, Болған жақсы-ау бұ дүниеде бекетің… …Вокзал деген – Өмір екен кәдімгі Қимай,қимай, қимай келіпкететін…
Алды-артымды, оң-солымды байқатқан, Шабытымның шарабын да шайқатқан, Вокзал-Өмір! Мен өзіңе ырзамын Аман атсын, Алла қолдап байтақ таң!

ҚазМУ

Жақша ішінде жұтылып, Жұртпен жұтты бір көріп, Туған жерде тұтылып, Тұрды тілім күрмеліп.
Киров деген сабазың Кирден бір де «кем емес», Уақыт еді таразым – Бүгін түрі, тегі елес…
Жат бейнеге жүгіндік, Жадқа айтып сәт сайын,
Бір тұрып, бір бүгілдік… Оның несін қақсайын.
Қандай еді пәк санам! Әй,әй, көкем, әй, көкем, Мұхтар данам бастаған Марғасқалар қайда екен?!
Рухына бір сәлем! Тұрмын аң да таң болып, Қалқаланған тұмшамен Қайда қайран Қабдолов?!
Шыңыраулы, шың мінез, Түркі тектес түр жағы, Жақұт жауған жылғы көз – Қайда Қадыр Мырза-Әлі?!
Бәрің де жоқ, бірің жоқ, Қайда асығыс кеттіңдер? …Зар заманнан біртіндеп Бар заманға жеттіңдер!
Қайдасыңдар, қысқасы? Далам тектес дара күй – Ұлы сөздің ұстасы Ұлт ұстыны Фараби!
Сәлем саған, Ұлы Адам! Анам құсап аңырап, Құшағыма құлаған Қайран қара шаңырақ!
Сәлем беру парызым, Ар ма, ару ҚазМУым, Жатыр сенде әр ізім, Жастық-көктем, жаз күнім.
Жалын құшақ – ыстығым, Жаным сендей күйге енсе. Өртегенше ұшқының, Сүйем ернім күйгенше!

Мұхтар Әуезов (Ескерткішінің алдында)

Маң-маң басқан, маң басқан, Маң даланы маңғыстап Тасты басып, тауды асқан, Сағынышында сан қыстап Арманымен аңдасқан, Ала келген заманмен Алаш болып арбасқан, Ақылмандық амалмен Айқаласпай алдаспан,
Ақырыса алмастан, Айбалтаның айтқанын Абайламай қамдасқан, Ақырында дүние-ай, Ата жұртын қан басқан, Атом шашқан, шаң басқан, Қарашаны қақсатты Қарабауыр қарлы аспан, Жерден шығып Мәдісі, Көктен түсіп әлгісі Көкірегіңе зәр шашқан, …Айтар әлі бар дастан! Болмас бұлай жалғасар! Бізге де, міне, күн туды Маң-маң басар, маң басар!

Бүгінгі Алматы

Қаптаған машина… қапырық, көк түтін, Баяғы жоқ бітім… Ресторандар… «Магнумдар», «Мегалар», Соларға көз сүзіп, Өтті түн, өтті күн.
Базар көп… барарың қытай ма түрік пе, Үндістен үрікпе!.. Алақапшықтар алаңдап қарайды әлі де Шетелден шеттеген шірікке!
Алатау тершіген, дүрлігіп, демігіп, Қалаға емініп, Қара жер қабырғасы қайқая қайысып, Қояды кей-кейде тебініп…
Жалтылдақ әйнектер, жарқылдақ биіктер, Осыны сүйіп көр, иіп көр, Сұп-суық сұлулық жып-жылы боларға Жаһанның бояуын жиыптер!
Көктөбе, Медеуің әдіра қалғандай, Өткені-жалғандай… Қ ы з д а р д ы х и д ж а п қ а малғандай, бай-бай, қандендер Балдарды балақтан алғандай!
Сапсиған сақалды «атаны» баталы, Бір күні тәңірі атады. Мешіттер меңірейіп тұрған соң томсарып Қойшығұлдың жоқ онда шатағы.
Шынында сенеміз, көнеміз қай кепке, Қасқайтып қайырар қайда өкпе?!
Бар үміт басында расында еңсегей Елбасы Қарап жатқан жоқ шығар
Б. Байбек те!
Осымен тәмам боп, аман боп өлеңім, Алматым, көшеңде келемін. Бәрібір дүниенің дүр гауһаржауһарын Тек саған телемін!

Кешіріңізші мені…

Ресторандарда, сыраханаларда қалды ізім… «Ақындар ғана сөйтеді » дейтін бар-ды ызың. Ақын болам деп алқынып, асып жүргенде Алыстан ғана аңғарады екем Алатау жүзін…
Кешіріңізші мені сол үшін!
Асыртып мені мақтайтын еді кей көкем, «Басымды жазбай» қойғанда мен де бейнет ем. «Мархабаевыңа барсайшы» дейтін (ҚазМУ-ге), Мархабаев маған не үйретеді дейді екен?!
Кешіріңізші мені сол үшін!
Серуеншіл, сері ем – күтетін мені анық төр, Жас Қойшығұлды сол жақтан іздеп, тауып көр… Қанша қыз қалды көзімнің жасын құрғатып Қанша сыз қалды шыға алмай шындап, шабыт-тер.
Кешіріңізші мені сол үшін!
Сол шақта, шіркін, жігіттің жайсаң, жайлысы ем, Бүгін ше? Бүгін… айнаға қарап қайғы ішем. Кербез күндеріміз келмеске кетті, қайтейін, Қайтейін енді қайтпасқа кетті бәйбішем…
Кешіріңізші мені сол үшін!
Достардың бәрі бұл күнде бірбір мықтылар, Кең сарайлары бар… кеудесі, бірақ, тіпті тар. …Қымызханаға бара жатырмын, қызғым кеп Қалайша бәрі жүрегімде менің ұмытылар?!
Кешіріңізші мені…

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button