«Кешірім сұрау – үлкен азаматтық»
Atr.kz/15 қазан, 2019 жыл. Бұл – Индер ауданының Құрметті азаматы, Табылды Досымов атындағы қордың директоры Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВТІҢ пікірі.
– Киелі Қызылқоға топырағында туғанмен, қазір Ақтөбеде тұрасыз. Елден қашан кетіп едіңіз?
– Қызылқоғамды қимасам да, білім іздеп 1979 жылы Қарағандыға аттандым. Сол жақта әскери борышымды өтеп, кейін жолдамамен Ақтөбеге бардым. Содан бері, сол жақта қызмет атқарып, елдің игілігіне әрекет етсем бе деп жүрген жәйім бар.
– Қазір сіздің есіміңіз аталса, бард-ақын Табылды Досымов ойға оралады. Сіз Қарағандыда, Табылды ағамыз Алматыда, ҚазМуде оқыды. Сонда сіздерді не жақындастырды?
– Табылды екеуміз бір заманда тудық қой. Мен Қарағандыда болсам да, оның Алматыдағы дүркіреп тұрған аты, әні мен өлеңі шартарапты шарлап кетті. Оның өлеңдеріне, әндеріне ғашық болып, сырттай тілеулес болып жүрдік.Табылды дүниеден озғаннан кейін көп нәрсе ойға оралды. Көзі тірісінде өз әндерін дискіге басып шығаруды ойлап еді. Ақтөбедегі әнші, мәдениет саласында жүрген Қанат Айтбаевқа өтініш жасап, оның студиясында Табылдының әндерін жазып, 2000 данамен халыққа ұсынған едік. Сол кезде ол балаша қуанды.
– Сізге «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліпті. Шамасы, Табылдының жерлестері осы еңбегіңізді ескерген болуы керек?
– Елдегі азаматтар Табылды мұрасы үшін еңбек етіп жүргенімді елеген шығар. Бірақ, мен атақ-абыройға қызыққан емеспін. Маған кезінде Табылды «Биаға» деп ат қойды. Табылдың осы берген атағы жетіп жатыр маған. Басқа атақтың керегі де жоқ. Егер Табылдыны сағынып кетсем, көлігіме отырып, Оралмен айналып Табылдыға келем. Жол-жөнекей Табылдыны көргенбілген азаматтармен кездесем. Олармен сөйлесіп, Табылдыны еске алып, сәл де болса сағынышымды басып, жүрегім елжіреп қайтамын.
Бала күнімнен елге қызмет етсем деп армандаушы едім. Менің анамның өзі сондай жан-тұғын. Бәріне қайырымдылық танытушы еді. Сол анамнан көрген тәрбием мені осы бағытқа жетелеп, осы жолға түсірді. Бәріне көмек қылуға асығып тұрамын. Бірақ, көп жағдайлар болып жатады ғой. Келген кейбір адамдарға көмектесе алмаған кездерім, одан кейін іштей өзімді мүжіген сәттерім де болды. Көмектесе алмадым деген өкініш қой, әрине.
– Отбасыңыз бар, рухани да жұтаң емессіз. Материалдық жағынан да артта емессіз. Өміріңізде бір нәрседен тарығатын сәттеріңіз бола ма?
– Мен өзімді бақытты санаймын. Себебі, Тәңір мені жолдастан кем қылмады. Қазақстанның қай бұрышына барсам да, мені жақсылар мен жайсаңдар қарсы алып жатады. Бірақ, жоғалтып алған асылдарымды, алтын жандар –анамды, әкемді, жаныма жақын деген жолдастарымды сағынамын.
– Әттеген-айларыңыз бар ма?
– Әр адамның басына түсетін дүние ғой. Көп азаматтар өкініп, «әттеген-ай» деп сан соғып жатады. Бірақ, менің еш өкінішім жоқ сияқты. Өмірге қайта келсем де, осы жолмен жүрер едім. Уақытты қатты үнемдейтін адаммын. Себебі, уақыт – алтын. Не істеп, не қойғанымды жазып отыратын күнделігім де бар. Алдағы уақытта не тындырарымды да сол күнделігіме түртіп қоямын. Қазір есеп болмаса қиын.
– Соңғы рет қашан ашуландыңыз?
– Есімде жоқ. Ұмытып қалдым.
– Қателескен болсаңыз, бірінші кешірім сұрай аласыз ба?
– Кешірім сұрау – үлкен азаматтық. Жалпы, менің ашуым тез тарқайды. Кейде ұлдарыма қатты айтып жіберіп, олардан да кешірім сұрап жатамын. Артық кеткен жерім үшін жолдастарымнан да кешірім сұрайтын сәттер болады. Жалпы, жүрегінде жылу бар адам кешірім сұрай білуі керек.
– Кімге қарыздармын деп ойлайсыз?
– Алдымен анама қарыздармын. Одан кейін «айналайын» деген айналамдағы ақжарқын азаматтарға қарыздармын. Өсірген еліме қарыздармын
– Өлең жазатыныңызды ел біледі. Елге келіп отырсыз, сондықтан бір өлеңіңізді Атыраудағы ағайынға тарту етіңіз?
– Әрине. «Сағыныш» деген өлеңімді тарту етейін. Елжіресе жүрегің от-жалынды, Сағынасың бірге өскен достарыңды. Жүздеріңді көру де – бір ғанибет, Алып-ұшып, ақ көңіл ақтарылды. Көз жіберсең сөзімнің астарына, Қимастықпен қарайсың жас шағыңа. Сағынышты өлшеусіз дер едім мен, Отан-ана, туған жер, аспаныңа. Сағынасың жусанды далаңды да, Сезім, шіркін, бәріне алаң мына. Сапарыңнан күн салып оралғанда, Көргің келер жарыңды, балаңды да. Сағынышсыз адамдар тұра ала ма?
Өмір, шіркін, салғанда бұралаңға. Махаббат та болады, сүйсіну де, Ғашық жандай, әйтеуір, бір адамға. Сағыныштың шегі жоқ тұрақтар да, Арманың көп кеудеде мұрат бар да. Сағынасың, әйтеуір, сағынасың, Бір періштең жүрсе егер жырақтарда. – Сағыныш керемет ғаламат сезім ғой. Елге осындай сағынышпен оралып тұрыңыз!