Кене шақса, дәрігерге жүгін
Атырау облыстық балалар ауруханасының жарақат бекетіне кене шағумен 2014 жылы – 25, ал, өткен жылы 40 бала қаралған. Ағымдағы жылдың маусым айына дейін 34 бала тіркеліп отыр. Осы мәліметтерге сүйенсек, кене шағудың жылдан-жылға өсіп отырғанын байқауға болады.
Кене шаққанда дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Кененің басы теріде қалмауы үшін оның жабысқан орнынан өздігінен жұлуға болмайды. Өйткені, сілекейінде, тұмсығында және бездерінде вирустар шоғырланған. Еш жағдайда кенені тіспен алуға болмайды, себебі, вирус ағзаға ауыздың шырышты қабаты арқылы түсуі мүмкін. Ауруханада кене шағумен келген баладан кенені тістеген жерінен жіппен байлап (неғұрлым тұмсығына жақын), еш серпіліссіз, жіптің екі жағынан ұстап, ақырын тартып алып, алынған кенені санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасына жібереді. Кене тістесе, кенелік энцефалит, Конго-қырым қанды безгегі (көкала) ауруларын жұқтыру қаупі бар. Сондықтан кене тістегеннен кейін үш апта ішінде жергілікті емханада бақылауда болып, ауруға күдік немесе шағымдар болған жағдайда, дереу дәрігерге қаралған жөн.
Көкала ауруының белгілері – бас ауыру, әлсіздік, ұйқышылдық, буын және бұлшық етте ауру сезімі, іште қыжыл, кейде құсулар болады. Басты кезеңде бет, мойын, кеуденің жоғарғы аймақтары қызарады («капюшон симптомы»). Сирек бас айналу, сананың бұзылуы, жоғарғы тыныс жолдарының қабыну белгілері де кездеседі. Аурудың екі-алты күндері геморрагиялық синдром дамиды. Сонымен қатар, кеуденің бүйір, иық, бел аймағында, аяқ-қолдарда геморрагиялық бөртпелер пайда болады. Егулер салынған жерлер қанталап, мұрыннан және қызыл иектен қан кетулер байқалады. Бұл кезеңде ауру қозып, адам есін жоғалтуы мүмкін. Асқазан-ішек жолдарынан қан кету белгілері байқалады. Өліммен аяқталуы шамамен 30% болып табылады.
Кене энцефалитіне жедел қалтырау, дене қызуының көтерілуі (37-39оС), бастың қатты ауруы, әлсіздік, бұлшық етпен буындардың ауруы, жарықтан қорқу сезімі (жарық бас ауруының күшеюіне және жалпы жағдайдың нашарлауына әсер етеді) пайда болады. Қызба төрт-бес күннен кейін уақытша тоқтап, бір-екі аптадан кейін қайта басталады. Бұл уақытта желке бұлшық еттердің кернеулігі күшейіп, тырыспалар кездесуі мүмкін. Бет, иық, қолдың терісі жиі қызарып, көздің шырышты қабаттары қабынуы ықтимал. Науқас әлсіз, ұйқышыл, тәбеті төмендеп, ауыр жағдайға түседі. Кейбір адамдарда ауру тырыспамен немесе жедел қозулармен басталады. Кене энцефалитімен ауыратын адам айналасындағыларға қауіп төндірмейді, өйткені, ауру адамнан адамға таралмайды. Кенелер адам мен жануарларға тек қан ішу мақсатымен шабуылдайды. Сол үшін кенені дер уақытында анықтап, тұмсығымен бірге теріден алып тастау – адам өмірін сақтап қалудың бірден-бір жолы.
Қазақстанда жылына сегіз мыңнан он бір мыңға дейін кене шаққан адамдар медициналық ұйымдарға жүгінеді, оның ішінде, 30 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Рахымбек ТӨЛЕПОВ,
Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігер-эпидемиологі.