«КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ»
Жасы 80-ге жақындаған атыраулық Балкенже әжей адам өз ісі, жасаған әр жақсылығы арқылы көпке, кейінгі ұрпағына, қала берді айналасына үлгі бола алатынын айтады.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Бала отбасында, өмір сүрген қоғамынан не көрсе, есейгенде соны қайталайды. «Бала – ата-ананың айнасы» деп ата-бабаларымыз сол үшін айтқан. Ұрпағыңнан қайырымды іс көргің келсе, сен оны балалық шағынан мейіріміңе бөлеп, жан жылуын сыйлауың керек. Сонда ғана қайырымын көресің. Көбіне үйде отырсам да жастардың іс-әрекеттерін көріп-естіп, кейде басымды шайқап та аламын. Адам бойындағы аяушылық сезімі ананың сүті мен әкенің ақылымен дариды. Өмірдегі көп нәрсе отбасы тәрбиесіне байланысты. Адам баласына жасалған қастандықтарды естігенде, тұла бойым тітіркеніп кетеді. Қоғамда мұндай жағдайлардың көбейіп кетуі әрине жақсы емес. Адамдар бір-біріне, жақын-жуығына кешірімшіл болып, мейірімділік танытуы керек. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қанатты сөз де содан қалған. Қоғам жақсы болсын десек, алдымен әркім өзін жақсы жолға салып, айналасына жақсы ниетпен қарауы керек. Ал, адамның бір ғана ізгілік әрекетінен ондаған адам үлгі алады, — дейді қарт ана.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА