КЕМЕЛ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ – БІЛІМДЕ
Жылыой
АУДАНҒА МАТЕМАТИКТЕР КЕРЕК
Алдымен, Жылыой ауданынан басталған тамыз кеңесі «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыпқа арналды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз сөйледі. Шыңғыс Жұмабекұлы облыс бойынша аудандардағы білім мен тәрбие мәселелерін арқау еткен нақты мәліметтерді слайд арқылы сараптады.
Арнайы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Жылыой ауданы бойынша 4040 балдырған балабақша кезегінде тұр. Облыста 11 апатты мектеп болса, биыл Жылыой ауданында құрылысы бітетін үш мектеп бар. 14308 оқушысы бар ауданның түлектері өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуден 57,8 балл көрсетті.
Әрі қарай Шыңғыс Жұмабекұлы: «Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша жалпы облыс мектептерінің орташа балы көңіл көншітерлік жағдайда болмады. Әрине, бұған себеп баршылық. Білім саласына қатысты туындап отырған мәселені тек бір жақты емес, оның себеп-салдарын жан-жақты қарастырған жөн. Өткен жылғы мәлімет бойынша, Жылыой ауданынан түлектердің 48,61 пайызы жоғары оқу орнына түскен. Бес мектептен тыс қосымша білім беру жүйесі бар. Балабақша тапшы Индер, Жылыой, Құрманғазы аудандарына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов балабақшаны көбейту туралы тапсырма берді. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Облыстың білімін айқындайтын елу шақты көрсеткішті санамалап айтуға болады. Жаңа оқу жылында мұғалімдердің ерекше серпіліспен жұмыстарына кірісуіне тың шабыт тілеймін», — деді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Жылыой ауданы әкімі Мақсым Ізбасов «Өткен 2013-2014 оқу жылында сапалы біліммен ілгері басу үшін не істедік? Қандай жетістіктерге жеттік?» деген сауалдар төңірегінде баяндама жасады. Баяндамадан білгеніміздей, ауданда биылғы жылы «Аэропорт» ықшамауданында салынып жатқан 280 орындық «Құлыншақ» балабақшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, «Жауқазын» балабақшасының 140 орындық қосымша құрылысын аяқтау міндеті тұр. «Автожолшылар» ықшамауданынан «Каспий құбырлар желісі консорциумы» демеушілігімен 200 орындық балабақша құрылысы басталса, Жаңа Қаратон поселкесінде ТШО мекемесінің қаржыландыруымен және бюджет есебінен 280 орындық екі балабақша құрылысы салынып жатыр. Жылыой ауданы мұғалім тапшылығынан жоғары деңгейде. Сондықтан, келісім бойынша биыл бұл салаға Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы педагогикалық оқу орындарынан 23 жас маман келді. Өткен оқу жылында «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен келген 10 жас маманға 121 мың теңге көлемінде 1 млн. 212 мың теңге көтермелеу жәрдемақысы берілген. Ал, 2014 жылы бюджеттен 5 млн. 374 мың теңге бөлініп, №№ 4, 22 орта мектептердің екі дене тәрбиесі пәні мұғалімдері пайызсыз несиемен пәтер алуға қол жеткізген.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев өз сөзінде мұғалімдердің орташа жалақысына, педагог мамандығын таңдаған студенттер шәкіртақыларының көлеміне тоқталып өтті. «Педагогикалық мамандықтарға бөлінген гранттардың саны жыл сайын артып отырса, сондай-ақ, мектеп бітірушілер математика пәні мұғалімі мамандығына жиі барса» деген ұсынысын да айтып қалды.
— Биыл аудан бойынша 1 сыныпқа 1750, мектепалды даярлық тобына 1700 бала қабылданады деп жоспарлап отырмыз, — деді Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Света Аманшиева. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» кафедра меңгерушісі Жаңыл Балапанова, №19 орта мектептің директоры Салтанат Жұмағалиева және тағы басқалары пленарлық мәжілістің жарыссөз бөлімінде оқушыны сапалы біліммен қамтамасыз ету, жеке тұлғаның дамуы, әлеуметтік жауапкершілігі жайында ойларын ортаға салды.
Жиын соңында білім саласына сүбелі үлес қосқан №19 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Алуа Тілеубергенова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, бір топ жылыойлық ұстаз аудан әкімінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» Алғыс хатына ие болды.
Мақат
МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ АРТА ТҮСТІ
Мақат ауданының білім саласында жеткен жетістігі аз емес. Биыл облыс бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден төртінші орыннан көрінді.
«Тамыз мәслихаты әдетте жаңа оқу жылының бастамасы ретінде қабылданады» деп сөзін бастаған Шыңғыс Жұмабекұлы Мақат ауданындағы білім саласының жетістіктерін нақты саралады. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші облыста екінші орында тұрғанын, мектеп бітірушілердің жоғары оқу орнына түсу көрсеткіші бойынша облыста үшінші орында екенін, заманауи кабинеттермен қамтылу бойынша бірінші орыннан көрінгендігін атап айтты.
Мақат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Хайдар Төлеуішов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ербол Ермағамбетов баяндамаларында аудандағы атқарылған негізгі істер мен атқарылар міндеттерге тоқталды. Ербол Қонысбайұлы НКОК компаниясының демеушілігімен Доссор поселкесінде салынып жатқан 100 орындық шипажай типті балабақшаның құрылысы ағымдағы жылдың қараша айында берілетіндігі туралы жақсы хабарды жеткізді. Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, барлық мектептер кең жолақты ғаламторға қосылған. Өткен жылы облыстық бюджеттен 70 компьютер сатып алынып берілген. Ағымдағы жылы 17 157,0 мың теңгеге 27358 дана оқулық пен әдістемелік нұсқаулықтар сатып алынған. Әлі де 20073 оқулық жетіспейді. Биылғы оқу жылында Мақат балалар өнер мектебінен би, вокал, ақындық, бейнелеу өнері үйірмелері ашылып, тағы сексен оқушыны қамту жоспарланған. Ауданда командалық спорт түріне бапкерлер тапшылығы мәселесі бар. Бәйгітөбе мектебін мектеп-балабақша кешеніне айналдыру үшін қайта бейімдеу жұмыстарына 4 млн. 500 мың теңге бөлініп, игерілуде. Мақат, Доссор кенттерінде «Балбөбек», «Сандуғаш», №54 балабақшаларына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты жобалық-сметалық құжаттар жасақталды. 2011-2014 жылдары аралығында білім саласындағы 38 жас маманға біржолғы көтерме ақы, 27 маманға жеңілдетілген несиемен тұрғын үй берілді. Жаңа оқу жылында физика, математика, мектепке дейінгі тәрбие пәндері бойынша 11 мұғалім еңбек етуге келді.
Кеңес соңында ұстаздық жолын бастағалы отырған жас мамандарға ардагер-ұстаз Жеміс Акимова ақ жол тіледі.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломымен «Нұрбөбек» балабақшасы, Мақат аудандық білім бөлімінің дипломымен «Үздік білім беру ұйымы – 2014» номинациясымен Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп марапатталды. Аудандағы №54 балабақша бүлдіршіндері үш тілде мектеп, ұстаз жайындағы өлеңдерді мәнерлеп оқып, ардагер-ұстаздарға гүл шоқтарын табыстады.
Индер
ҚАРЖЫ УАҚЫТЫНДА ИГЕРІЛДІ
Өткенді ой елегінен өткізіп, алда тұрған міндеттерді саралаған Индер ауданы мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз мәслихаты Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мәжіліс залында өтті.
— Бүгінгі таңда Индер ауданында 713 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Бұл былтырғы кезекте тұрған көрсеткіштен 205 бүлдіршінге азайып отыр. Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымдарының жөндеу жұмыстары аяқталып, мектептер жаңа оқу жылына дайындық актілерін алды. Кулагин және М.Сиранов атындағы орта мектептерге 27 баланың тасымал арқылы оқумен қамтылуы тұрақты ұйымдастырылды. Үстіміздегі оқу жылы ішінде білім беру саласы 11 727,0 мың теңгеге алынған үш автокөлікпен толықтырылды, — деп бастады өз баяндамасын аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Шәкімов.
Аудан әкімі Серік Арыстанның баяндамасынан аудандық білім бөліміне І жартыжылдықта жоспарлы бөлінген 241718,5 мың теңге қаражаттың 99,8 пайызы орындалғанын аңғардық. Ағымдағы жылы мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаржы толық игерілгендігі белгілі болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 015,0 мың теңге қаражат жұмсалған көрінеді. Сондай-ақ, мұғалімдер еңбекақысына бөлінген 611861,0 мың теңге және медициналық тексеруден өтуге бөлінген 611 мың теңге қаражат толықтай игерілді. Мұндай қамқорлықтың өтемі ретінде аудан ұстаздары білімді де, тәрбиелі ұрпақ өсіруге үлес қосатынына сенім білдірген аудан әкімі М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Майрагүл Темірғалиеваға, Бөдене орта мектебінің мұғалімі Нұрпейіс Тоғаевқа Алғыс хат табыс етті. Ал, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Ботагөз Дәуітәлиева, «Балдәурен» балабақшасының тәрбиешісі Гүлмәриям Шыныбекова марапатталды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлектері Ботакөз Халықова, Эльдар Ибатов, Айзада Айтқұл, «Д.Нұрпейісова атындағы халық аспаптар академиясы» Атырау музыкалық колледжінің түлегі Әсемгүл Дүйсенғалиева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі Сәнгүл Есет, Құрманғазы атындағы саз колледжінің түлегі Нұрбол Исағалиевтер алғашқы еңбек жолын бастады.
Тамыз кеңесі нақты ұсыныстар қабылдады.
Махамбет
БАЛАБАҚШАНЫ КӨБЕЙТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Облыс бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 54 пайыз, оның ішінде Махамбет ауданы бесінші орында тұр. Ал, 3-7 жас аралығындағы балаларды қамту бойынша жетінші орын алады. Жалпы аудан бойынша 789 бүлдіршін балабақша кезегінде тұрған көрінеді.
Ауданда өткен тамыз мәслихатының алғашқы жұмысы бойынша баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осы көрсеткіштерге баса назар аударды.
— Білім мен тәрбие саласындағы алғашқы саты мектепке дейінгі білім беру жүйесі десек, соңғы екі жылда 5115 орындық 67 осындай мекеме облыс бойынша іске қосылған екен, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Оның жиырма тоғызы – балабақша, ал, қалғаны – шағын орталықтар. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 12 балабақшаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның біреуі осы қыркүйек айында Махамбет ауданының орталығынан іске қосылады. Келер жылы 15 балабақша ашылады деп күтілуде. Біздің негізгі мақсатымыз– балабақшалардың санын көбейту. Оларды көбейткен сайын шағын орталықтардың санын азайтып отырамыз. Өйткені, шағын орталықтағы білім мен тәрбие деңгейі қалай болғанда да балабақшаның деңгейіне жетпейді. Атырау облысы демографиялық өсу бойынша республикада үшінші орын алады. 2004 жылы облыста жылына 6 мыңдай бала дүниеге келсе, қазір 10 мыңдай сәби дүние есігін ашуда. Бұл, әрине, жақсылық. Ал, осы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Сондай-ақ, биыл Ақтоғай орта мектебінің ғимараты салынып бітті. Жалғансайдағы мектеп құрылысы да биыл аяқталады. Береке орта мектебі келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл 2015 жылы Махамбетте апатты жағдайдағы мектеп болмайды деген сөз. Қосымша білім беру жөнінен Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш – Атырау облысының еншісінде. Оның ішінде Махамбетте жалғыз өнер мектебі бар. Осы көрсеткіш әлі де көп жұмысты қажет етеді.
Облыс әкімінің орынбасары баяндама соңында негізгі үш мәселеге назар аударды. Біріншісі – тәрбие мәселесі. Екіншісі – білім. Үшіншісі – мектептегі шаруашылық жағдайы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Самат Жайлашев өз баяндамасында мектептегі білім сапасының деңгейіне ерекше тоқталды. Әсіресе, оқу жылының қорытындысымен 9-сыныпты үздік куәлікке бітірген 26 оқушының емтихан кезіндегі жұмыстарын тексеру барысында олардың шығарма жұмыстарындағы орфографиялық, стильдік қателердің мұғалімдер тарапынан ескерілмеуі, математикадан жазба жұмыстарында есептеудің тиімді әдістерін қолданбау кемшіліктері байқалғандығын мысалға келтірді. «Бұл оқушы білімін жоғары бағалау, үздіктермен қосымша жұмыстың жеткіліксіздігінен туындаған» деген ойын ашық айтты.
Аудан мектептері түгелдей жаңа оқу жылына дайын. Жаңа оқу жылы білім беру мекемелерін қысқа дайындауда үш мектепке насос, бес мектепке жылу қазандығын сатып алуға, монтаждауға қаржы бөлінген. Жөндеу жүргізілген мектептерге су жаңа шкаф, парта, тақта, мұғалімдерге арналған үстел отырғыштарымен бірге алынып қойыпты. Енді мұғалімдерге жігермен жұмыстарын бастау ғана қалып тұр.
Жиын соңында бір топ ұстаз марапатталды. Қ.Қарашаұлы атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі Ғилым Жексенбаева, Қосарал орта мектебінің саз пәнінің мұғалімі Сәулеш Сатқанғалиева облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, Есбол орта мектебінің директоры Мақаш Бисенова, «Алтын балық» балабақшасының директоры Тойған Сариева, Қосарал орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Зәуреш Стамғалиева аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Құрманғазы
ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҚАДАМДАРЫ
Құрманғазы ауданы ұстаздарының ізденісін, жаңашылдығын ерекше атауға болады. Оқушылар мен мұғалімдердің электрондық оқытуды дамытып, интернет-олимпиадаларға қатысу көрсеткіштері Манаев, Абай, Гагарин, Ломоносов, Бегалиев, Ақкөл, Әуезов атындағы орта мектептерінде жоғары.
Мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға қатысы 67,7 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 2,8 пайызға өсті. Биылғы оқу жылында 676 оқушы 112 білім грантына ие болған. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда мемлекеттік грант иегерлері 19 оқушыға артып, 16,4 пайызға жеткен екен. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Марат Ғилаев осындай мәліметтерді келтірді. Білім беру бөлімінің басшысы аудан мектептері үшін 2 млрд. 674 млн. 842 мың теңге бөлініп, оның ішіне 23 млн. 430 мың теңге білім беру нысандарына оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер сатып алу және жеткізу, 85 млн. 56 мың теңге мектептен тыс мекемелерді ұстау, 677 мың теңге аудандық деңгейдегі мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс шаралар, конкурстарды өткізуге бөлінгендігін жария етті. Марат Ғилаев атап көрсеткендей, Ганюшкин, Ақкөл селоларында балабақша салу жұмысы жоспарлануда. Ганюшкин ауылдық округіне қарасты РТС елді мекенінде 280 орындық балабақшаның құрылысы басталып, жұмысы жүруде. Басталғалы тұрған оқу жылында Манаев атындағы орта мектеп жанынан музыка сыныптарын ашу міндеті тұр. Сонымен қатар, Ә.Сәрсенбаев атындағы, Нұржау орта мектептері жанынан қосымша білім беру ұйымдарын ашу жұмыстары жоспарға еніпті. Жасталап елді мекеніндегі Ш.Уәлиханов орта мектебіне оқушылар тасымалына автобус сатып алуға 6 млн. теңге қарастырылған. 2013-2014 оқу жылында «Гаухар», «Ақтолқын», «Ақмарал», «Утера» балабақшаларына күрделі жөндеуге 126 млн. 750 мың 700 теңге қаржы қаралып, бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асты. Қазір Панфилов атындағы негізгі мектептің жаңа ғимаратының құрылысы жүргізілуде.
Баяндамаға байланысты жарыссөзде Азғыр ауылдық округінің әкімі Нұржиян Биляшова, аудандық білім беру бөлімі ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәуірбай Дауытов, М.Әуезов орта мектебінің директоры Жұмақай Ғұмаров, жас маман Айдана Ермекова сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Қызылқоға
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫС – шыңдалу негізі
Қызылқоға ауданы мұғалімдерінің тамыз мәслихатында оқушыларды қосымша білім берумен қамту мәселесі алдыңғы кезекте айтылды. Өйткені, 2013-2014 оқу жылында қосымша білім беру ұйымдарының жеткен жетістіктері көп болды.
Қызылқоға ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алдымен №1 мектеп гимназиясын, аудандық орталық аурухана, Миялы ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, биыл пайдалануға берілетін «Нұршуақ» бөбекжай балабақшасын аралап, олардың жай-күйімен, жұмыс барысымен танысты. Әсіресе, аудандық аурухана басшылығынан медициналық кадрлар, ауруханалар үшін жаңа жабдықтар жайында сұрастырды. Бірқатар мәселелерге тоқталып, ауданға ең қажетті болып тұрған флюроаппаратты кешіктірмей алу керектігін де ескертті.
Ал, тамыз мәслихатының жұмысында Шыңғыс Жұмабекұлы күн тәртібіндегі бірінші мәселе – оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығына тоқталды. «Жалпы, мұғалімдер түлектерді тестілеуге қыркүйек айынан бастап дайындауы керек. Оқушының мамандығына сай таңдаған қосымша пәніне де баса зер салу қажет. Көпшілігі мамыр айында таңдаған пәнін өзгертіп жатады. Бұл олардың тестілеуден төмен көрсеткіш жинауына алып келеді. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алып, тәрбие мәселесін де қатаң бақылауға алған жөн», — деген Шыңғыс Мұқан аудандағы биыл құрылысы аяқталғалы тұрған Мұқыр, Кенбай, Тасшағыл мектептерінің директорларына жұмыс сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Мердігер компаниялардың жұмысы көңіл толмайтындай болса, тиісті шаралар қолданылатынын ескертті. Өйткені, бұл нысандар бірінші қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын болуы қажет.
Аудан оқушылары отызға тарта халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып үлгерген.
Мәслихатта мәлім болғандай, 2013-2014 оқу жылында аудан мектептеріне қабылданған он алты жас маманға көтерме ақы төленіпті. Әлі де болса, мектептерге жаңа оқу жылында 12 маман жетіспейді. Оның ішінде 6 математика, 6 орыс тілі пәні мұғалімдері қажет. Мектептер аталған пәндер бойынша өзге пән мұғалімдерін бейімдеп, арнайы дайындық курстарын өткізу арқылы кадр тапшылығы қиындығынан шығып отыр. Аудан әкімінің білім беру саласына көмегі арқылы 2 орыс тілі, 1 математика пәні бойынша мұғалімдер жоғары оқу орындарында білім алуда.
Биылғы жылы Тасшағыл, Мұқыр, Кенбай орта мектептеріне 224 млн. 913 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Аталған мектептерге 15943,0 мың теңгеге қатты мүліктер – парта, тақта, шкаф, мұғалім үстелін алу үшін электронды конкурсқа жариялау жұмыстары ұйымдастырылып, жеңімпаз кәсіпкер 28 тамыз күні анықталады.
Исатай
ІЗДЕНІС БАР ЖЕРДЕ ІЛГЕРІЛЕУ БАР
Сапалы оқулық шәкіртке бүгінгі өмір туралы қолданбалы білім беріп қана қоймауы тиіс, ол ертеңгі күні оқушы сүйене алатын, осы білімді жаңа жағдайларда пайдалана алатындай берік іргені қалауы қажет. Исатай ауданында 2014-2015 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 15,7 млн. теңге бөлінген.
Оқушыларды тегін оқулықтармен қамтамасыз етуге бөлінген бұл қаржы өткен жылдармен салыстырғанда еселеп өскені байқалады. Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаев та алда атқарылуға тиісті келелі істерге тоқталды. Білім сапасын бұдан да жоғарылату керектігін, оқушылардың білім деңгейін тек қатып қалған заңдылық бойынша ғана емес, олардың дүниетанымын, адамгершілік және отансүйгіштік қасиеттерін арттыру арқылы да көтеруге болатынын атап көрсетті.
Баяндамашының айтуы бойынша, мектеп оқушыларын тасымалдайтын автокөлік үшін 1,7 млн. теңге қаржы қарастырылыпты. Арнайы автокөліктермен аудандағы Өркен, Нарын орта мектептерінің оқушылары тасымалданатын болады. Сонымен қатар, Х.Нәубетов атындағы орта мектепке де жаңа автобус алу жоспарланып отыр.
Жалпыға бірдей міндетті орта білім қорының шығындарына биыл 9,3 млн. теңге қарастырылған. Негізінен, бұл ауданға 2014-2015 оқу жылдарында 14 түрлі пән мұғалімдері қажет. «Бүгінгі күні сапалы білім беруге барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған. Дегенмен, ұлттық білім моделін дамытатын, жаңалықтың жаршысы болып, авторлық еңбектер жазып, ғылыми жұмыстармен айналысатын мұғалімдер тобы ауданымызда саусақпен санарлық. Ашығын айту керек, бұған әріптестеріміздің ұмтылысы баяу. Бұған білім сапасы мен мұғалімдердің шығармашылық жұмыс нәтижелерінің сәйкеспеуі себеп болып отыр. Осының салдарынан ғылыми жұмыспен айналысатын оқушылар қатары да аз. Сондықтан, шәкірттің білім сапасының төмендігі бәрімізге ой салуы қажет. Заман ағымынан қалыспай, педагогикалық білімдерін үнемі жетілдіріп, жаңалықтарды уақытында қабылдап, өз қажетіне пайдалана білу – әр ұстаздың міндеті болуы керек», — деді Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы.
ТҮЙІН
Тамыз мәслихатынан мына жайларды түйіндедік: Жалпы, облыс мектептерінің бәрі де жаңа оқу жылын бастауға әзір. Өткен оқу жылында жүзеге асқан игілікті істер биыл да жалғасын таппақ. Соның бірі – бастауыш сынып оқушыларын толықтай тегін ыстық тамақпен қамту. Алайда, бұл жылы тамақтың «әйтеуір, берілуі керек» дегені емес, сапасы мен құнары бірінші кезекте ескерілетін болады. Өзекті мәселенің тағы бірі – жыл сайын мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің саны өскенімен, балабақшаға бару үшін әлі де кезекте тұрған бүлдіршіндер санының көптігі.
Бұл өзекті мәселелер аудандарда өткен мәслихаттарға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның сөзіне де басты арқау болды. Ендеше, биыл білім мен тәрбие жайына қатысты біраз мәселе өз шешімін табады деген сенімдеміз.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.