КЕЛІСІМ-ШАРТ МӘТІНІ ТҮСІНІКТІ БОЛУЫ ТИІС
Кәсіпкерлермен өткен кездесуде облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бастығы Әліпқали Дәулетьяров жаңа заңның талаптары туралы түсіндірді.
Жаңа Еңбек кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларға байланысты мекемелердегі кадр бөлімінің қызметкерлері және жұмысшылар тарапынан әртүрлі сауалдардың туындағаны рас. Мәселен, еңбек шарты жұмысшыға түсінікті болуы тиіс. Заңгерлердің пікірінше, бұл үшін кадр бөлімінің маманы келісім-шарт мәтінін заң тілімен емес, баршаға ұғынықты етіп, терминдерін өзгертіп, жеңіл тілде жазғаны дұрыс.
«АМӨЗ» ЖШС және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның келісім-шарттары өте түсінікті тілде жазылған. Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара екіжақты қарым-қатынас, сонымен қатар, әлеуметтік көмек пен әртүрлі жеңілдіктер де еңбек шартында жан-жақты қамтылған. Бұл құжатпен танысқан жұмысшыда ешқандай сұрақ туындамайды. Көптеген жұмыс орындарында жұмысшыға келісім-шартқа бірден қол қойдырады да, бір данасын қолына ұстатады. Жұмысшы бұл құжатпен таныспастан оны үйіне апарып қоя салады. Егер өзін жұмыстан шығаратын болса ғана қолына алып оқи бастайды» дейді Ә.Дәулетьяров. Оның айтуынша, келісім-шарт жұмыс орнында көрнекті жерде ілініп, мазмұны қызметкерлерге жан-жақты түсінді-рілгені абзал. Өйткені, жұмысшының көңіл-күйі еңбек өнімділігіне де әсер етері сөзсіз. Маман сондай-ақ, кезекті еңбек демалысының мерзімі, жұмысқа жарамсыз болған күндеріне төлемнің есептелуі сияқты маңызды жайлардың бәрі келісім-шартта қамтылуы керек екенін атап өтті.
Семинарда штатты қысқарту, ұжымдық келісім-шарт, сынақ мерзімі, т.б. жаңа Еңбек кодексіндегі қызметкер білуге тиіс маңызды жайттарға түсінік берілді.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.