Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Келін енесіне «қызындай» бола ала ма?!

Жер планетасындағы ең ірі деген екі мемлекет дау-дамайы да шешілер, бірақ, қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де, ене мен келін, болмаса, қайын жұрт пен келін арасындағы әңгіме, неге екенін қайдам, әйтеуір, ешқашан саябырсымайды. Кейде олардың өзара шеше алмай, қиналып жүретін осынау жағдайы мемлекеттік мәселеден де күрделі ме деп қаласың.

IMG_6512

Ақыры зорығып тынды
…Сәлима өзінің үкілеп өсірген қызын шалғай ауылға ұзатты. Ана жүрегі алдын ала бір нәрсені сезді ме, өзін қанша жерден қатты ұстайын десе де, қос жанарына жас тоқтамады. Жылай берді, жылай берді… Осылайша тұңғышының қасына еріп, құда-құдағайына оны өз қолымен табыстады.

Байқағанындай, құдалар мал шаруашылығымен айналысады екен. Даладай кең шарбақта қора да көп, мал да көп, алты бөлмелі үйде бала да көп. «Үйдің тірлігі мен түздің жұмысын қабат алып жүру қызыма қиындық тудырмаса жарар еді!» деп, қызын іштей аяған ананың көңілі бір басылмады.

Арада бір апта өткенде, қыз-күйеу аға-жеңгелерімен бұларға келеді. Қыздарын бір көргендеріне мәз болған ата-ана қос баласына соңғы үлгідегі ұялы телефон сыйлап, құрметпен шығарып салады.

Бірақ, не керек, кеткендеріне бір күн өткеннен кейін де, үш күн өтсе де, балалардан еш хабар болмайды. Мұндай үнсіздікті неге жорырын білмей дал болған қыздың анасы жанына құрбысын ертіп алып, құдаларының үйіне барады.

Шақырусыз қонақты күтпеген құда-құдағай бастапқыда ыңғайсызданып қалады да, кейіннен болған жәйға жас келінді кінәлай бастайды. «Қолынан түк келмейді. Қаланың қызы біздің қолымыз емес еді. Қайдан ғана кездесті, неге алып келді?!» — деп, енесі байбалам салады. Қыз жақ не дерін білмей, әлі жас екенін, кейін бәріне үйреніп кететінін айтып, құдағайды жұбатқандай болады.

Осылайша бір шәй ішіп, жолға шыққалы жатқанда қызы анасына:
— Мама, мені алып кетші, жағдайым өте қиын. Таңнан кешке дейін таусылмайтын жұмыс. Сотканы ұстайтын уақыт жоқ. «Күйеуіме қалаға барып тұрайық» дегем, тіпті де тыңдамайды. Мен осындай болады деп ойламаппын… — дейді жыламсырап. Келін боп түскеніне бір ай да болмаған қызынан мұндай сөз күтпеген ана мен оның құрбысы әрі-сәрі күй кешеді. Бірақ, қызбалыққа салынбай, екеулеп ақыл айтып, қызды үлкен күшпен қалдырып кетеді.

Жоғары білімді педагогқа мектептен жұмыс табылғанымен, ата-енесі келіннің жұмыс істеуіне үзілді-кесілді қарсы болады.

«Келіннің орны — отбасы — ошақ қасы!» дейді олар. Күн шығысымен қара көлеңке түскенше, тіпті бәрі ұйқыға кеткенше мал-жанның бабын табамын деп жүргенде, жас келіннің бойындағы шаранасы түсіп қалады. Одан кейін ағзасында түрлі өзгерістер пайда болып, қатты ауырады. Құдалар келіннің әбден әлі кетіп, жағдайы нашарлағанда ғана ата-анасына хабар береді. Артынан барған ата-ана қыздарын «жедел жәрдем» көлігімен қалаға алып келеді…

«Қайтып келген қыз жаман» ба?
Қалаға таяу елді мекеннің біріне келін боп түскен Асылгүлдің көрген күні тіпті қараң. Атасы шамадан тыс ұсақшыл болса, енесі — адуын. Ана, ене деген аты болмаса, көңілінен шықпаған келініне жәй ұрысқанын қоя салып, ұрып-соғып алады екен. Ал, ұлы болса, мұның бәрін көрмегендей боп жүре береді.

Шыны ма, бержағы ма, әйтеуір, әбден жаны қиналып, титықтаған келіншегінің шағымына: «Қойшы, мамадан өзім де қорқам!» — деп құтылыпты. Осының бәрін күнде көріп отыратын көршілері жас келінге жандары ашып, осындағы апа-жездесіне хабарлайды.- Мына бала қор болып жүр, неге жағдайын білмейсіңдер? Бір күні өз-өзіне қол салып, жазым болар. Одан да алып кетіңдер бұл үйден! — деседі олар. Сөйтсе, құймақұлақ қыз артындағы төркінінің: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің! Өзің таптың, өзің тидің! Барған жеріңмен тату бол! Қайтып келуші болма!» — деген ақылын құлағына әбден құйып алыпты. Тіпті артынан қалада тұратын апа-жездесі келгенде де: «Үйге папа-мама кіргізбейді ғой. Құрсыншы, осында қала берейін…» — депті. «Сонда саған не дейді енең, үй тірлігіне көмектесу үшін жұмысыңнан да шығып кеттің емес пе?!» — деген апасының сауалына сіңлісі: «Ұрсайын деген кісі сылтау таппай ма? Абысынның кішкене баласы ойнап жүріп құлап қалса да, қазан тасып кетсе де, нан көтерілмей қалса да, ит ұлыса да — кінәлі мен. Ал, негізі мұның бәрі бос сөз, бастысы — менің сәби көтере алмай жүргенім…» — дейді жыламсырап. Енесі ара-кідік осыны бетіне басып: «Ұлыма бала табатын басқа қатын әперемін!» — дейді екен. Мұны естіген апасы: «Жұрт баланы бес-он жылдап күтіп жүрмей ме, ал сенің түскеніңе бар болғаны бір-ақ жыл болды. Алла сәтін салса, болады-дағы…» — деп жұбатады.

Сонымен не керек, көршілердің айтуымен апа-жезде адуын ененің тырнағынан Асылгүлді босатып, үйлеріне алып кетеді. Болған жәйді естіген ауылдағы ата-ана: «Оны біздікіне әкелмеңдер. Бүкіл ауыл-аймаққа күлкі болар жағдайымыз жоқ!» — деп, бір кеседі. Бір жыл бойы айқай-шу, ұрыс-керіс, төбелестің түрін көрген бейшара қыздың жүйкесі әбден бұзылса керек. Апа-жезде үйіне келгеннен кейін де ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай, ұйықтап жатқанда қатты шыңғыратын бопты…

Естімеген елде көп: ене мен келіндер соттасып жүр
Көрші халықта «Өз жейдең етіңе жақын» деген тамаша мақал бар. Мәнісі — өз затыңа ерекше қарайсың, өз балаңа жаның ашиды. Жасырып қайтеміз, қазіргі кезде келінге босағада жүрген күңдей қарайтын енелер жоқ емес, бар.

Олар жаңа келген келінді отқа да, суға да салады. Ауылдық жерлерде тіптен қиын. Шаңырақтағы президент-ене: «Бұл да өз ата-анасының әлпештеп өсірген баласы ғой. Барлық жұмысты бір өзіне артып қоймай, бәріміз көмектесейікші!» — деп ойламайды да. Олар келінді қанша жұмсасаң да, қандай ауыр жұмыс тапсырсаң да, түгі кетпейтін жаны сірі, темірден жаратылған робот санайды.
Бұл аздай, қайсыбір енелер ұлы ұнатып алған, өмірлік жар етем деген қосақтары — келіндерін төмпештеп, жұдырықтың астына алады. Мұндай қорлыққа бірі шыдап жүре берсе, енді бірі шыдамайды. Шыдай алмаған сорлы келіндердің өз өзіне қол салатыны, түрлі себеппен ажал құшып жатқандары да жоқ емес. Бірақ, мұндай оқиғалардың көбі «ұят боладымен» көпке жария болмайды, «бас жарылса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішіндемен» жабылып қалуда. Өзіміз тілдескен Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары міндетін атқарушы Ақзияш Дүйсенғалиева да енелер мен олардың қыздары (келіннің қайын апа, қайын сіңлілері) тарапынан келіндерге қатысты түрлі тұрмыстық зорлықтың болып тұратынын растады.
— Алдағы жылдың ақпан айының 1-інде бөлімшеміздің ашылғанына алты жыл болады. Осы күнге дейін бөлімшеде жүздеген әйел бала-шағаларымен паналап, оларға психологиялық жағынан түрлі көмек көрсетілді. Жас келіншектердің бірі ішетін ерінен таяқ жеп келсе, бірі енесінен, қайын апа, қайын сіңлілерінен соққы көріп келеді. Әрі-беріден соң бір шаңырақтың астында тұрып, ит пен мысықтай тірлік кешетін осынау жандардың қазақ екеніне, мұсылман екеніне таңқаласың.

Қазақпыз деп жүріп, небір сорақылықтарға барудамыз. Қазір ене мен келіндер қосақтасып, сот залдарында жүр. Бұған да көзіміз үйреніп барады… — дейді Ақзияш Қалыбайқызы.

Түйін: Бұрыннан да көнбіс қазақ келіндерінің арасында енеге қарсы келмейтін қасиеті құптарлық, әрине. Бірақ, соққыға жығылуға шейін баруларына көз жұма қарауға болмайтындай. Мақалаға арқау болған келіндердің өздері де, бастан өткерген оқиғалары да нақты өмірден алынып, жазылды. Осыған ұқсас жағдайлардың еліміздің оңтүстік өңірлерінде көптеп кездесетінін, тіпті олар туралы республикалық басылымдардың жарыса жазғанын, телеарналардың кезек-кезек көрсеткенін де білеміз.
Жалпы, ене де, келін де — әйел заты. Екеуінде де тіл бар, мінез бар. Десек те, қандай ашуды да ақылға салуға болады. Сынған ыдыстың бұрынғы қалпына келмейтінін анық білетін болсақ, ұрыс-төбелестен кейін де ене мен келін арасы жайма-шуақ боп кетпейтінін түйсіну қиын емес. Әсіресе, үй-ішілік тірлікті сот залынан шешкеннен соң қандай туыстық қасиет жалғасуы мүмкін?! Сондықтан қамшының сабындай ғана қысқа да өткінші өмірде «сіз»-«біз» десіп жүруге тырысайық, замандас. Біріміз енемізді, екіншіміз келінімізді жамандағанмен, жақсысын ешкім бере қоймас…

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button