«КЕGОC» қызметкерлері волейбол ойнады
Atr.kz/21 ақпан, 2020 жыл. Жуырда «Нұрсая» спорт кешенінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 31 жыл толуына орай волейболдан ерлер арасында облыстық турнир ұйымдастырылды.
Екі күнге созылған доп додасына Махамбет, Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы, Индер аудандарынан және Атырау қаласынан барлығы 16 команда қатысып, олар өзара мықтыны анықтасты. Спорт кешеніне келген көрермендерге қызықты сәттер мен көңілді күй сыйлаған жарыс қорытындысында «КЕGОC» командасы турнир жеңімпазы атанды. Олар ақтық ойында Атырау мұнай өңдеу зауыты құрама командасын жеңді.
Ал, жеңіс тұғырының үшінші сатысына Жылыой ауданының командасы шықты. Кездесулер барысында жақсы ойын өрнегін көрсеткен Хайдар Жалғасбаев («КЕGОC»), Алишер Әбдіразақ (Жылыой ауданы), Асланбек Марпешов («Иманғали» орталық мешіті), Сабырғали Гумаровтар (АМӨЗ) жарыстың үздік ойыншылары болып танылды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ