КЕДЕНДІК ТАЛАП БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ
Жиынға «Қазақстан метрология институты» РМК бас директоры В. Михалченко, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директорының орынбасары Е.Амирханова, «ҚазСтИн» РМК техникалық хатшылығымен өзара байланыс бойынша бөлім бастығы А.Теңгізбаев, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Д.Шәріпов, сондай-ақ өңірлік штаб мүшелері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, сәйкестікті растау жөніндегі органдардың, сынақ зертханаларының және бизнес орталықтарының өкілдері қатысты.
Өңірлік штаб отырысын облыс әкімінің бірінші орынбасары, штаб төрағасы Ғ.Дүйсембаев ашып, жиналыста қаралатын негізгі мәселе ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы», «Стандарттау туралы» және «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» заң жобаларының концепцияларын жан-жақты түсіндіру екенін айтты.
«ҚазМетрИн» РМК бас директоры Василий Михалченко өз баяндамасында 2015-2020 жылдар аралығындағы «ҚазМетрИн» РМК-ның даму стратегиясы туралы және өлшем бірлігі мен өлшем құралдарын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
«ҚазСтИн» РМК бас директорының орынбасары Еркежан Амирханова ҚР «Стандарттау туралы» заңының концепциясына шолу жасап, отырысқа қатысушылардың Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін бекітудің өтпелі кезеңіндегі нормативтік құжаттарды қолдануға қатысты сұрақтарына жауап берді.
«ҰАО» ЖШС бас директорының орынбасары Дәурен Шәріпов Қазақстандағы аккредиттеу жүйесінің дамуы мен жағдайы туралы, сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай cәйкестікті растау жөніндегі органдар мен сынақ зертханаларын аккредиттеу туралы, еліміздегі аккредиттеу субъектілерінің жұмыс нәтижелерін халықаралық ұйымдар және шетел мемлекеттерінің мақұлдауы үшін жағдай жасау мәселелері туралы айтты.
«Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне (018/2011 КО ТР) қатысты баяндама жасаған «ҚазСтИн» РМК-ның техникалық хатшылығымен өзара байланыс бойынша бөлім бастығы Ақылбек Теңгізбаев қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Отырыс барысында «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В», «АтырауИнжСтрой» ЖШС, «Фирма АТК» ЖШС, «Атырау ЖЭО» АҚ т.б. мекеме өкілдері мамандарға осы саладағы шешімін күткен мәселелерге қатысты өз сауалдарын қойып, белсенділік танытты.
Мамандар кәсіпорындардың өкілдеріне техникалық реттеу және метрология саласы, соның ішінде сынақ зертханаларын аккредиттеу, өлшеу құралдарын салыстырып тексеру туралы кәсіби кеңестер берді.
ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің делегациясы индустрияландыру картасына енгізілген «Сарайшық» шаруа қожалығы, «АМӨЗ» ЖШС, «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС зертханасы сияқты кәсіпорындарында болды.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.