«ӘКЕ – ЖАУАПТЫ ЛАУАЗЫМ» облыстық әкелер слеті осылай аталды
Халықаралық отбасы күні қарсаңында білім беру басқармасының ұйымдастыруымен Атырауда «Әке – жауапты лауазым» тақырыбында облыстық әкелер слеті өтті.
Отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ананың балалары мен қоғамның алдындағы жауапкершілігін арттыру, соның ішінде жанұяның асыраушысы, қамқоршысы, тірегі саналатын әкелердің алатын орнын айқындап, рөлі мен беделін көтеруді мақсат тұтқан елдік шараның шымылдығы Жеңіс саябағында мектептер жанынан құрылған «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубтарының слетімен ашылды.
Шара одан әрі қаладағы №30 орта мектеп-гимназиясы ғимаратында әкелер слетімен жалғасты. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен, облыстық білім беру басқармасының мұрындық болуымен өткізілген дәстүрлі слетке Атырау қаласы мен аудандардан жеті үміткер қатынасты. Қатысушыларды алдымен облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова құттықтап, сәттілік тіледі.
«Әкелер мектептерінің бастамалары» байқауында атыраулық Рүстембек Жиреншиев «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», жылыойлық Амантай Башаров «Қиын баламен жұмыс», индерлік Жасұлан Сабыров «Әкелер салған сара жол», исатайлық Аяпберген Салихов «Ақжол» – әкелер мектебінің бастамасы», құрманғазылық топ (Нұрлан Өтегенов, Расул Байғазиев, Қайыржан Бимырзаев) «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті», мақаттық Әділбек Нұрманов «Әке – ұрпағына ісімен өнеге, ақылымен – көреген» және махамбеттік Сырымжан Тілегенұлы «Жан жылуы» тақырыптарында дайындаған жобаларымен таныстырды.
Айта кету керек, бұлардың әрқайсысы өз ерекшеліктерімен дараланды. Көрермендер назарына ұсынылған жұмыстардың ішінен Құрманғазы ауданынан келген әкелер тобы қорғаған жоба үздік деп танылды. Оған қоса, Құлсары қаласындағы №4 орта мектеп оқушылары дайындаған «Әке махаббаты» атты сахналық көрініс те әсерлі шықты.
Өмірдің түрлі сынақтарына мойымай, белгілі бір себептермен жарынан айырылса да балаларына анасын жоқтатпай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қатарынан кем қылмай тәрбиелеп-өсіріп, парызын абыроймен атқарып жүрген әкелер аз емес. Слетке арнайы қонақ ретінде шақырылған солардың бір тобы елеусіз қалмады. Оларға лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Олардың барлығы да «Отбасының қамқоршысы, асыраушысы – әкелер» аталымы бойынша марапатталып, әрқайсысына «Үздік әке» дипломы мен естелік сыйлық табысталды.
Осындай өнегелі де үлгілі әкелердің қатарында өзінің бес баласымен қоса бірге туған бауырының үш перзентін тәрбиелеп отырған Аманғали Дәуітәлиев (Индер ауданы), алты ұлды асырап, тәрбиелеп отырған Әлижаппар Сұлтанов (Махамбет), отбасындағы екі ұл мен төрт қызына қамқор – пана болған Батыржан Ізімов (Мақат) және тағы басқаларының есімдерін атауға болады.
Дәулетқали АРУЕВ.