ҚАЗЫНАЛЫ ӨҢІРДІҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, еліміздің Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Әбдірахим және облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, жергілікті мәслихаттар депутаттары, бизнестік құрылымдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері, жалпы жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиналыста облыстың өткен жылғы жетістіктері таразыланып, кемшіліктері сараланды. Алдағы межелер жан-жақты бағдарланды.
Аймақ басшысының есепті баяндамасынан соң залдағы көрермендер көкейдегі сауалдарын жолдады.
Клара Мұқатова,
Атырау қаласының тұрғыны:
— Баршамызға белгілі, қалада бірнеше құрылыс нысандарының жұмысы тоқтап қалды. Соның ішінде кәріздік-тазарту қондырғысының құрылысы сағызша созылып кетті. Бұл мәселе қашан шешімін табар екен?
Облыс әкімі:
— Жайықтың сол жақ бетіндегі бұл нысанның біраз жылдан бітпей тұрғанын білемін. Кезінде оған мемлекеттен қомақты қаржы жұмсалғанымен, сол қаражат бұрынғы мердігер мекеменің аяқталмаған жұмыстарына аударылып кеткен. Енді қосымша ақша төлеу механизмін қарастырып жатырмыз. Есебімізше оған тағы да 7 млрд.теңгедей қажет.
Текей Қарамурзиев,
экономика ғылымдарының докторы:
— Ел дамуына сүбелі үлес қосқан, еңбегі сіңген геологтар, барлаушыларымыз баршылық. Бірақ, олар өмірден өткеннен кейін есімдерін көпшілік біле бермейді. Осы орайда «қара алтын» өндіруде өңірімізде де аянбай қызмет еткен мұнайшыларымызды ардақтап, еске алып отыру мақсатында мұражай ашылса деймін. Екіншіден, қазақ мұнайының атасы саналатын, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Сафи Өтебаевтың есімін Атырау мұнай және газ институтына беруді ұсынамын.
Облыс әкімі:
— Мұнайшылардың мұражайын ашу туралы ұсынысыңызды облыстық мәслихат депутаттарының қарауына жолдаймыз. Орынды ұсынысыңыздың шешімінен хабардар етеміз. Ал, абзал ағамыздың атын беруді тек облыс қана емес, республика жұртшылығы қолдайды деп сенемін. Мәселе заңға сәйкес қаралады.
Бахтияр Вахитов,
Құрманғазы аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:
— Аудандағы Дәшін селолық округіндегі мәдениет үйі апатты жағдайда тұрғандықтан бұзылған болатын. Енді ауылымыздағы мәдени ошақтың құрылысы қашан басталатынын білейін деп едім.
Облыс әкімі:
— Биылғы жылы Дәшін елді мекеніндегі мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда, биыл аяқталады деп отырмыз. Келесі жылы 400 орындық мәдениет ошағының құрылысы басталады.
Майшара Киікбаева,
Индер ауданының тұрғыны:
— Индербор кентінде төрт мектеп бар. Осы орайда оқушыларымыздың білім ордасына қатынас жайы түйінді мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе, қыс мезгілінде кенттегі жалғыз автобус жүріп-тұруға жарамай қалады. Мен осы мәселені шешіп беруіңізді өтінемін.
Облыс әкімі:
— Аудан әкімінің есепті жиынына барғанымда жағдаймен таныстым. Жұмыс барысында бір «ПАЗ» және екі микроавтобус алуға тапсырма бердім. Бір-екі айдың ішінде мәселе шешіледі.
Айдана Ермұханова,
Исатай ауданының тұрғыны:
— Өзім еңбек етіп жатқан Тұщықұдық ауылындағы 1968 жылы бой көтерген мәдениет үйінің апатты жағдайда екенінен хабардарсыз. Жас буын өкілдерінің бос уақытта бас қосатын орны – жаңадан мәдениет үйі салына ма немесе күрделі жөндеуден өте ме?
Облыс әкімі:
— Алдағы уақытта Тұщықұдық елді мекеніндегі мәдениет ошағының жарамдылығы тексерілетін болады. Тексеру қорытындысымен жөндеуге келетіндігі анықталса, жасалады. Егер жағдайы тым нашар екендігі белгілі болса, онда жаңасын салуға жұмыстанамыз. Бұл ғимарат мен үшін де ыстық.
Ұлдай Доғарова,
Ауғанстан жесірлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
— Ауған жерінде от кешкен жауынгерлерге арнап ескерткіш қою жайы жылма-жыл көтеріліп келеді. Осы мәселе қалай шешімін табады?
Облыс әкімі:
— Өкінішке орай, бұрынғы жасалған жоба пайдаға аспай қалды. Сондықтан, биыл жобаны қайтадан қарап, жаңартып жатырмыз. Жағдай бақылауда болады.
Дінғали Дәулетбаев,
Мақат ауданының тұрғыны:
— Доссор поселкесіндегі О.Сарғұнанов атындағы мектептің тозығы жеткен. Соған байланысты биыл жаңа білім ордасын салу жоспарда бар ма? Екіншіден, Доссордағы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған су құбырларының жайы мәз емес. Жаз айларында қысымға шыдамай, қиындық келтіретіні бар. Осы мәселе қалай шешілер екен?
Облыс әкімі:
— Биыл жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау үшін қаржы бөлінді. Жаңа мектеп құрылысы үшін республикалық бюджеттен қаражатқа сұраныс бердік. Қанағаттандырылмаған жағдайда, жергілікті бюджет есебінен 2015 жылы құрылысты бастаймыз деген жоспарымыз бар. Ал, су құбырының мәселесін шешу үшін 57 шақырымдық су жүйесін ауыстыруға 449 млн. теңге қаржы бөлінді, жыл соңында аяқтаймыз. Мәселе тікелей бақылауымда ұсталады.
Серік Қойшығұлов,
Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:
— Ауданымыздағы халыққа қызмет көрсету орталығы ескі ғимаратта орналасқандықтан, тұрғындарды қабылдауда қиындық келтіруде. Алдағы уақытта орталық салу жоспарда бар ма?
Облыс әкімі:
— Жарамсыз ғимараттың орнына жаңасын салуға қаражат қарастырдық. Жобалық-сметалық құжаты жасақталғаннан кейін жыл аяғына дейін салып береміз.
Айгүл Жиенбаева,
Қызылқоға ауданы, жеке кәсіпкер:
— Ауылымызда бес мыңнан астам тұрғын, жеті елді мекен бар. Бірақ, олар бір-бірінен қашық орналасқан. Әсіресе, жаз айларында дала, үй өрттері жиі орын алады. Осы орайда өрт сөндіру машинасы керек-ақ.
Облыс әкімі:
— Өрт сөндіру бекетін салу республикалық бюджеттен қаржыландырылуы тиіс. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында менің ұсынысыммен «Агрореммаш» зауытынан әмбебап шаруашылық машинасы жасап шығарылған болатын. Ол қыста қар күрейді, жазда көше сыпырады, ағаш та суарады, керек кезінде өрт те сөндіреді. Мұқыр елді мекенінің алыста орналасқандығын ескеріп, осындай шаруашылыққа қолданатын бір машинамен қамтамасыз етемін деп уәде беремін.
Қажымұқан Есқалиев,
Махамбет ауданы, зейнеткер:
— Тұрғындар атынан тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон мәселесін қозғамақпын. Осы жайт қалай шешімін табар екен?
Облыс әкімі:
— Бұл тек Махамбет ауданында ғана емес, облыс орталығында да әлі шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Тіпті, былтыр Үкіметтік деңгейде қаралды. Осы саланы қарайтын министрлік бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алды. Сол жобаға сәйкес ортақ шаруа қолға алынады.
Ш.Уахитұлы,
жеке кәсіпкер:
— Мен Жұмыскер ауылының тұрғынымын. Ауылымыздан емхана салу жөніндегі мәселе бұған дейін көтерілген болатын. Оның қашан салынып, пайдалануға берілетінін білгіміз келеді?
Облыс әкімі: — Өткен жылы Өркен ауылында емхана салу жөнінде ұсыныс айтылып, мәселесі қаралғанын білемін. Қазір оның қаржылық жағын жекеменшік және мемлекеттік тұрғыда бірлесіп шешу республикалық деңгейде қарастырылып жатыр. Қаралып болған соң бұл іс қолға алынатын болады.
Гүлнар Кәрімова,
Қызылқоға ауданы: балабақша меңгерушісі:
— Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылынан заман талабына сай балабақша салуға көмектесуіңізді сұраймын.
Әкім: — Қазіргі таңда облыс бойынша бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 53 пайызды көрсетіп, республика бойынша тоғызыншы орында тұр. Бұл, әрине, төмен және облыстағы күрделі мәселенің бірі болып табылады. Сіздің сұрағыңыз міндетті түрде қаралады. Ол бойынша балабақшаның жобалық-сметалық құжатын дайындау жөнінде тапсырма беремін.
Жанаргүл Жанғалиева,
Исатай ауданы, Тұманды бекеті ауылының тұрғыны:
— Ауылымызға табиғи газ тарту мәселесі шешімін таппай келеді. Биыл Тұманды бекетіне көгілдір отын келе ме?
Әкім: — Бұл жөнінде 2012 жылы ұсыныс жасалған. Өткен жылы да республикалық бюджеттен қаражат бөлуін сұрағанбыз, өкінішке орай, бөлінген жоқ. Биыл 214 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаты жасақталып жатыр.
Арай Бағытжанқызы,
«Мұнайлы астана» газетінің тілшісі:
— Сіз баяндамаңызда ипподром салынатынын айтып өттіңіз. Ол облыстың қай жерінен салынбақ, жоспар бойынша қашан басталып, қашан аяқталады, жобасы жасақталды ма, мердігер мекеме анықталды ма, осы жайларды білгіміз келеді? Екінші сұрағым: Еркінқала елді мекенінің жолдарын жөндеу алдағы атқарылатын жұмыстар қатарында бар ма?
Әкім: — Алдымен, екінші сұрағыңызға жауап берсем, Еркінқала, сондай-ақ, қала маңындағы елді мекендердің жол жағдайы маған жақсы таныс. Оларды жөндеу жұмысының келесі жылы қаншалықты жүзеге асатынын қазір нақты айта алмаймын. Бірақ, бірте-бірте жұмыстар жүргізіледі.
Ипподром жобасын жасау алдағы мамыр айында аяқталып, құрылыс жұмысы биыл басталмақ. Бұрын ипподром салудан тәжірибеміз жоқ болғанымен, салынатын нысан заман талабына сай болады. Мердігер мекеме сараптама жасалғаннан кейін барып анықталады.
Гүлмайда БаИмова,
Мақат поселкесінің тұрғыны:
— Аудандағы Бәйгітөбе округіне қарасты ПМС ауылына газ жүргізу жоспарда бар ма?
Әкім: — Бұл мәселені өткен есеп беру жиналысында аудан әкімі де қозғаған болатын. Былтыр ПМС-ке газ жүргізуге жобалық-сметалық құжатқа қаржы бөлініп, ол жылдың соңында игерілмей кері қайтарылды. Биыл осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға облыстық бюджеттен 8 млн. теңге бөлініп отыр, ол әзір болғасын, бастауға дайынбыз.
Зүбайда Әжіғалиева,
«Атыраубалық» АҚ қызметкері:
— Жұмыс атқарған мекемеміз банкротқа ұшырағаннан кейінгі жалақыны өтеу жайы қалай шешілуде?
Әкім: — «Атыраубалық» мекемесінің банкротқа ұшырағаннан кейінгі жалақы борышы 80 млн. теңге құраған. Былтыр оның 49 млн. теңгеден астамы жабылды. Қазір мекемеге қарасты балабақшаны әкімдікке 40 млн. теңгеге сатып алуды көздеп отырмыз. Қалған бережақ сол арқылы өтеледі. Бір-екі ай ішінде мәселені шешуге уәде беремін.
Талғат Майлыбаев,
Жылыой ауданының тұрғыны:
— Қамыскөл және Құрсай өзенінің экологиялық ахуалын сауықтыру жайы қалай шешілуде?
Әкім: — Бұл шараның жай-жапсарын мұқият қарадық. Ол үшін 25 млн. теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Жоба келесі жылы моноқалаларды дамыту жоспарына енгізіледі. Жалпы, бұл жұмысты түгелдей жүзеге асыру үшін 708 млн. теңге қаражат қажет.
Еркінбай Қуанов,
№1 емхананың бас дәрігері:
— Атыраудың батыр ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың бюсті орталық көпірдің түбіне, елеусіздеу жерге орналасқан. Соны әуежайдың алдына орнатуға болмас па екен?
Әкім: — Маған тұрғындардан мыңдаған хат келсе оның елу-алпысы ескерткіш орнату жөнінде. Менің есебімде 23 кісіге ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныс бар. Сіздің айтқан мәселеңіз тасада қалмайды, қаралады. Бірақ, қазір мемлекеттік дәрежеде тапсырма бар: оған сәйкес, көшелер мен елді мекендерге жаңа атау беру, ескерткіш орнату қатаң тәртіппен қарастырылады. Кейбір адамдардың жақын-жуығына көше, жер аттарын оңды-солды беруі себепті бұл жағдай үкімет деңгейінде сынға ұшыраған болатын. Дегенмен, ұсынысыңыз ескеріледі.
Гүлайым Сисаева,
Жылыой ауданының тұрғыны:
— Ауданның елді мекендерін балабақшамен қамту мәселесі қалай шешілуде?
Әкім: — Көтерген мәселеңіз орынды. 2012 жылы аудандарды аралағанда Жылыой ауданының үлкен елді мекендерінде балабақшаның мүлдем дерлік жоқ екендігіне таңғалған едім. Проблеманы шешу мақсатында «Игілік» бағдарламасы бойынша Жаңа Қаратоннан 280 орындық, Жаңа таң, Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай ауылдарынан 160 орындық – барлығы бес елді мекенде балабақша салу жоспарланып отыр.
Түйін сөз
Залмен жанды байланыс орнап, жиналғандардың сан-салалы сауалдарына жауап берілген соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жиналысты қорытындылады.
Аймақ басшысы, алдымен, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға баса назар аударылатындығын айтты. Шындығында, өзімізді өзіміз қажетті азық-түлікпен және бау-бақша дақылдарымен қамтамасыз ете алмасақ, онда сыртқа тәуелділіктен құтылмаймыз.
— Біз өзіміздегі барлық мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, — деді облыс әкімі, — өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдау бағытында барлық шаралары алынуда. Демек, мен жерлестерімді ортақ мәселені бірлесіп шешуге шақырамын.
Одан әрі, облыс әкімі жер телімдеріне қатысты мәселені түйіндеді. Жасыратыны жоқ, сонау жылдары ешқандай инженерлік желілері жүргізілмеген жерлерден жеке тұрғын үйлерге жаппай телімдер берілді. Соны пайдаланып баспаналарын тұрғызып алғандар бар. Бірақ, солардың кейбірі тұрмысқа қажетті ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз етілмеген. Ал, мұндай үйлерде қалай тұруға болады? Тіпті кейбірінің құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттары да жоқ көрінеді. Сондықтан, жеке меншік тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беруге уақытша тыйым салынған еді. Әйтсе де, биыл алдыңғы жылдары кезекте тұрғандарға біртіндеп жер телімдері беріле бастайды. Мұны аймақ басшысы орнынан көтерген Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков айтты.
— Барлық жер телімдері, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы, — кезекпен беріледі. Заң бұзуға ешкімге де жол берілмейді.
Облыс әкімінің қабылдауына келген және хат жолдаған азаматтардың біразы Атырау қаласынан пәтер сұрайды. Бүгінде республика бойынша да бұл бағытта проблема бар. Одан Атырау аймағы да тыс емес. Әйтсе де, аталмыш мәселе біртіндеп шешіліп келеді.
— Ешкімге, — деп тұжырымдады облыс әкімі, — заңсыз пәтер бере алмаймын. Демек, бәрі де кезегін күтуі тиіс.
Жерлестерін бірлік пен ынтымақтастыққа шақырған облыс әкімі кейбір азаматтардың жергілікті жерде шешілетін мәселелерін өзіміздің атқарушы билікті аттап өтіп, Президент Әкімшілігі мен Министрлер Кабинетіне, сонымен қатар Парламентке хаттарын жолдайтындығын қынжыла жеткізді. Жергілікті атқарушы билік өңірде «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында жұмыссыздық мәселесін де, басқа да жайларды шешуге бағытталған барлық шараны алып жатыр.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өткен жылдың қорытындысы мен биылға белгіленген міндеттерді белгілеген шараларды салмақтаған кеңейтілген жиналысы өңірдің өрісті өркеніне деген сенімділікпен аяқталды. Ендігі міндет – кешегі табысқа тоқмейілсімей, болашақ биікке бірлесіп қол созу.
Материалдарды дайындаған Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Айбөпе
Сабырова, Құралай ҚУАТОВА.Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.