Жарнама
Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН-ВЕНГРИЯ ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

 

Венгрия мемлекетінің энергетика және экономика министрі Михай Варга көпшілікке осы елдің Атыраудағы құрметті консулы – «Атырау-Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновті таныстырды.

-Атырауда құрметті консулдықтың ашылуы және құрметті консулдың тағайындалуы – заңды құбылыс. Қазақстанда жұмыс жасайтын венгерлік компаниялардың басым көпшілігі осы аймақта орналасқан, немесе осында өз қызметін жүзеге асыруда. Ал, бүгінгі бәріміз куәсі болып отырған оқиға, яғни құрметті консулдықтың ашылуы – бұл түрлі саладағы байланыстарды өрістетіп, жетілдіре түсудің жаңа мүмкіндіктері,-деп түйіндеді ойын Михай Варга.

Атырау облысының әкімі  Бақтықожа Ізмұхамбетов те өз сөзінде бүгінгі таңда өңірімізде 500-дей бірлескен кәсіпорынның жұмыс жасайтындығын, соның тек 10-ға жуығында ғана венгерліктердің үлесі барлығын алға тартты. Аймақ басшысы ілгеріде бұл көрсеткіштің бірнеше еселеп өсетіндігіне үмітті екендігін жасырмады.

-Елбасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық алдында сөйлеген сөздерінде сыртқы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытып, нығайтудың аса қажеттілігі мен айрықша маңыздылығын атаусыз қалдырмайды. Қазіргі уақытта біздер 50-ден астам алыс және жақын шет елмен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Соның ішінде Атырау аймағы инвестицияларды тарту жөнінен еліміз бойынша жетекші орындардың біріне ие. Осылайша,өңір экономикасын өркендетуге 2 млрд. 300 млн. АҚШ доллары шамасында қаржы құйылған, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.  – Қазақстанның мұнайлы астанасында Венгрия елінің құрметті консулдығының ашылуы мемлекеттер арасында қалыптасқан іскерлік байланыстардың жаңаша сипатта дамып, жаңа қарқын алуына септігін тигізері сөзсіз.

Аймақ басшысының айтқандарын салтанатты рәсімге қатысқан Венгрияның Қазақстандағы елшісі Имре Ласлоцки де толығымен қолдады. Атырау облысындағы құрметті консулдықтың басты мақсаты – экономикалық қарым-қатынастарды жаңа арнада дамыта отырып, венгерлік азаматтар мен бизнес иелерінің заңды мүдделерін қорғау болып табылатындығына тоқталды. «Өйткені, мұнда экономикалық белсенділік жоғары», — деп қорытындылады сөзін елші мырза.

Айтпақшы, Атырауда ашылған бұл өкілдік республика көлеміндегі осындай үшінші құрылым (Астанадағы Венгрия елшілігі мен Алматыдағы бас консулдықтан кейін) болып саналады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button