ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ: КЕҢ ӨРІСТІ КЕЛІСІМДЕР
— Елдеріміз арасындағы тауар айналымының негізгі көлемі өңірлер арқылы іске асырылады. Бұл дәстүрді, әсіресе, қазір, әлемдік дағдарыстың әсерін сезініп отырған кезде жалғастыру қажет. Шараның гипержобаға айналған, болашақ ұрпақ үшін жұмыс істеп, пайда әкелетін Сочиде өтуінің символдық нышаны бар, — деді Елбасы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ, әлемдегі ең тұрақты валюта азық-түлік екенін атай отырып, форум тақырыбының маңыздылығын сөз етті.
— Біздер аграрлық-өнеркәсіптік елдерміз, сәйкесінше, осы салада зор мүмкіндіктеріміз бар. БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Жер бетіндегі халық саны 9 миллиард адамға жетеді. Сондықтан, азық-түлік қауіпсіздігі бұдан әрі қарай жаһандық дамудың өзекті мәселесіне айналады. Қазақстан мен Ресей баға жетпес байлыққа – жалпы аумағы 435 миллион гектар болатын алып ауыл шаруашылығы жерлеріне, іргелі аграрлық ғылым тәжірибесіне ие. Табиғиклиматтық аймақтардың әралуандылығы, құнарлы топырақ бізге көптеген аграрлық сала бойынша бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің агроөнеркәсіп кешені бірегей экспорттық әлеуетке ие екенін де жеткізді.
— Қытай, Үндістан, Каспий маңы мен Орталық Азия елдерінің жиынтық импортының өзі ғана 170 миллиард АҚШ долларынан асады. Біздің елдеріміздің әлемдік азық-түлік нарығында жетекші рөлге ие болу үшін қажетті әлеуеті бар. Ресей қазірдің өзінде астық экспорты бойынша әлемде үшінші орын алады. Бүгінде біздің ел де осы нарықтың бір бөлігі болып саналады, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде аграрлық саланың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанына да көңіл аударды.
— Біздің елдерімізге сүт өндірісінің тек 6 пайызы, сиыр етінің 3 пайызы тиесілі. Еңбек өнімділігі Канада мен Қытайға қарағанда 8-10 есе төмен. Қазір жағымсыз экономикалық үрдістер елдеріміздің дамуына қысым көрсетіп отыр. Сонымен бірге, бұл жағдай өсімнің, соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласындағы өсімнің ішкі резервтерін ашуға мүмкіндік береді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті елдеріміздің аграршылары мен өңдеушілері арасындағы өндірістік кооперацияны кеңейту қажеттігіне тоқталды.
— Бүгінде елдеріміз Еуразиялық экономикалық одақта болса да, аграршылардың жұмысы әрқилы екенін байқап отырмыз. Ресей 1,5 миллион тонна ет импорттайды, соның ішіндегі 600 мың тонна сиыр етін үшінші елдерден әкеледі. Қазақстан қазір осы нарықты игеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, өйткені, бізде мал шаруашылығы саласында зор әлеует бар. Республикамыз қазір жылына 4 мың тонна сиыр етін өндіреді. Біз бұл көрсеткішті ұлғайтуға дайынбыз. Еліміздің оңтүстігінен жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін Ресей нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға қажетті айтарлықтай ресурс бар және біз Түркиядан, Польшадан, Қытайдан келетін импортты алмастыра аламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір басымдық ретінде өнімнің құрамын нақты жазу бөлігіндегі жаңа стандарттар мен техникалық регламент талаптарын әзірлеу мәселесін айтты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығында инновациялар енгізудің маңыздылығына да қатысушылардың назарын аударды.
— Аграрлық сектор жаңғыртуды, озық технологиялар енгізуді қажет етеді. Израильді мысалға келтірейін, бұл елдің іс жүзінде құнарлы жері жоқ болса да, әлемдік нарыққа жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін шығарады. Сондықтан, елдеріміздің ауыл шаруашылығы министрліктеріне бірлескен агроинновация орталықтарын құру жөнінде ойланған жөн, — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өзара инвестициялар, трансшекаралық бірлескен кәсіпорындар құру, өндірістік тізбектер түзу, сапалы көлік-логистика инфрақұрылымын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың пайдалы екендігін де сөз етті.
— Қазақстан Ресей арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі құрылысын аяқтауға таяды. Осының арқасында біз азық-түлік жеткізу мөлшерін ұлғайту жөніндегі орталықтар құра алар едік. Бұл үшін Еуразия даму банкінің ресурстарын пайдалануға болады. Мәселен, банктің биыл қаржыландырылған 12 жобасының 10-ы ауыл шаруашылығына тиесілі болды, — деді Қазақстан Президенті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев келесі Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын Астанада өткізуді және оны көлік-логистикалық салаға бағыттауды ұсынды.
Елбасы сөзінің соңында Еуразиялық экономикалық одақтың артықшылықтарын пайдалану және мүше елдердің экономикалық мүдделерін бірлесіп қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.
— Қазір ЕАЭО күрделі кезді бастан өткеруде, тауар айналымы 20-25 пайызға төмендеп кетті. Бірақ мәселе интеграцияға емес, сыртқы ықпалдарға, соның ішінде, әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты болып отыр. Біз қиын кезеңді еңсеруге тиіспіз. Кез келген дағдарыстан соң өсім болады, сондықтан тың серпіліске дайындалуымыз керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, жиын кезінде Елбасы Ресейдің Свердлов облысының және Урал федералдық университетінің басшылығымен кездесті.
жиында қатысушылар назарына «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының келешегі» атты көрме ұсынылды.
Шарада Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту барысымен таныстыру мақсатында көрме павильонының ортасы елдің агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін көрсетуді көздейтін ұлттық ақпараттық стендке арналды. Бұған қоса, «ҚазАгро» холдингінің инвестициялық қызметін көрсететін ақпараттар да көрме төріне ілінді.
Негізінен, көрмеге еліміздің тарапынан Алматы қаласы мен 9 облыстан келген ауыл шаруашылығы саласының 60 кәсіпорны қатысты (Атырау – 5, Қостанай – 3, Павлодар – 4, Батыс Қазақстан – 5, Оңтүстік Қазақстан – 15, Шығыс Қазақстан– 4, Алматы – 6, Ақтөбе – 2, Солтүстік Қазақстан – 13, Алматы қаласы – 3 кәсіпорын). Ал Қызылорда облысының өкілдері аталған аймақтың Ресей Федерациясымен тікелей қарым-қатынасы туралы көрсеткіштер жазылған арнайы стенд ұсынды.
Осы арада ауыл шаруашылығы саласында қарқынды дамуымен ел назарына ілігіп жүрген, өз өнімдерімен аталған көрменің шырайын келтірген қазақстандық бірқатар кәсіпорындарды атап кеткеніміз жөн. Мәселен, шараға Атырау облысы атынан қатысқан 5 құрылымның арасындағы «Сарайшық» бірлескен кәсіпорны ерекше дайындықпен келіпті. Владимир Розметов жетекшілік ететін шаруашылықтың тыныс-тіршілігі талайды қызықтырып жүргені белгілі. Бүгінде бұл кәсіпорында қой, ешкі, түйе, жылқымен қоса, 10 мың бас қаз, 1 мың бас шошқа өсірілуде. Әсіресе, голландиялық асыл тұқымды 800 бас ешкі бірлескен кәсіпорынның маңызын арттырып отыр. Қазір бұл ешкілерден тәулігіне 500 литр сүт сауылуда. Тағы бір айта кетер жайт, 700 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық бүгінде ірімшік, сүзбе, май, сүт, йогурт секілді 12 түрлі азық-түлік өнімдерін шығарып, оларды еліміздің ішкі нарығы мен Ресейдің Волгоград облысы және Татарстан Республикасына жөнелтуде. Владимир Розметовтің сөзіне қарағанда, шаруашылық келер жылы өндірісін екі есеге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондықтан ол осы форум мен көрмеге қатысу арқылы жаңа әріптестер тауып, сол арқылы құрылымның экспорттық бағытын кеңейтуді көздеуде.
Жалпы, Атырау облысы балық өңдеу компанияларымен де кеңінен танымал өңір. Мәселен, «Аманкелді» ӨК 2014 жылы 6 мың тонна өз өнімдерін экспорттаған. Балық пен оның қайта өңделген өнімдерінің көптеген түрлері Ресейге, сондай-ақ, Еуропа елдері – Франция мен Германияға жеткізілуде. Ал биылғы жылдың осы уақытына дейін бұл бағыттарға 4 мың тонна өнім шығарылыпты.
Көрменің тағы бір белсенді қатысушысы – Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Ордабасы құс» ЖШС болды. Мұрат Тағаев басқаратын құс шаруашылығы кешені – Қазақстандағы күркетауық еті мен оның қайта өңделген өнімдерін шығаратын ірі өндіруші ретінде танымал.
Шара барысында Павлодар облысының мұздатылған жартылай дайын өнімдердің өндірушісі – SMAK PV ЖШС-нің тауарлары да көрмеге қатысушылардың назарын аудара білді.
Негізінде, көрмеге қатысқан қазақстандық өзге кәсіпорындардың тауарлары да жоғары баға алып, жұртшылық тарапынан лайықты мақталғанын атап көрсетуіміз керек. Қазақстандық тауарлардың, әсіресе, экологиялық тазалығы, сапасы, құнары және басқа да талаптарға сай келетіні ерекше сөз етілді.
Көрме барысында белгілі болғандай, Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері Ресей Федерациясының аймақтық нарықтарында өз өнімдерін экспорттау үшін ресейлік әріптестерімен байланыстарын кеңейтуге дайын әрі мүдделі.
Форум қорытындысы бойынша мемлекетаралық серіктестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Волгоград облысының әкімшілігімен (Ресей), ал Павлодар облысы әкімдігі Удмуртия Республикасының (Ресей) және Омбы облысының үкіметтерімен, Ақтөбе облысы әкімдігі Ульянов облысының үкіметімен (Ресей) сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдерге келді. Бұған қосымша, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Саратов облысы үкіметі және «Букет» компаниялар (соңғы екеуі – Ресей) тобы өзара ирригациялық жүйелер мен суармалы егіншілікті дамыту бағытында меморандумға қол қойды.
Бұған қоса, «БИПЭК АВТО Қазақстан» АҚ мен «АВТОВАЗ» ААҚ (Ресей) арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту туралы келісім бекітілді. Сол сияқты, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Агрокомплекс «Чурилово» ААҚ (Ресей) өзара уағдаластық жөнінде меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, жиын аясында екі ел іскерлік кеңесінің отырысы және Қазақстан-Ресей жастарының ІІІ форумы ұйымдастырылды.
(«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды,
17 қыркүйек, 2015 жыл.)