Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстан — Ресей: ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДАН – ИГІЛІКТІ ІСТЕРГЕ!

КӨРМЕДЕ – ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

Ауқымды шараның ашылуына қатысқан ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин форум аясындағы көрме тақырыбының маңыздылығына ерекше тоқталды.
— Қазақстан мен Ресей елдері басшылары бекіткен биылғы форумның тақырыбы өте маңызды және заман талабынан туындап отыр, — деді бірінші вице-министр Ұзақбай Сүлейменұлы. — Өйткені, жыл сайын «қара алтынды» геологиялық барлау және өндіру қиындап бара жатқаны белгілі. Сондықтан, ол үшін жаңа технологияларды пайдалану қажет. Осыған орай, ғылымды дамыту, мамандардың білім сапасын арттыру бағытында үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Оның жемісін де көріп отырмыз. Қазақстандықтар үшін ресейлік мұнайшылармен, ғалымдармен байланыс ерекше мәнге ие.
Мұндай маңызды да, ауқымды шараны ұйымдастыру – Атырау облысы үшін үлкен абырой. Екі күн бойы мұнайлы өлке – Атырау көршілес елдер арасында көмірсутегі саласындағы бірлескен істер мен нақты шешімдердің орталығына айналмақшы. Бүгінгі күні Атырау тек еліміздің мұнайлы астанасы ретінде ғана белгілі емес, ол мұнай-газ инновациялық жобаларынан басқа, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және өнеркәсіп салалары да қарқынды дамып келе жатқан аймақ ретінде танылуда. Сондықтан, «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» тақырыбындағы ХІ форумның Атырауда өткізілуі аймақаралық ынтымақтастық пен іскерлік байланыс орнатуға кеңінен жол ашпақ.
— Өткен жылы Екатеринбург қаласында өткен алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті форумды Атырауда өткізуді ұсынған болатын. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын осы жерде тұңғыш рет мұнай табылып, оны өндіретін кен орны ашылды. Қазіргі таңда қазақстандық мұнайдың 30 пайызы біздің облыста өндіріледі. Атырау өңірінде бүгінгі күні шетелдіктердің қатысуымен ондаған мұнай компаниясы жұмыс жасауда. Олардың қатарында әлемге белгілі мұнай компаниялары бар. Әсіресе, Ресей елімен тығыз қарым-қатынасымыз орнықты. Мен бұл көрме біздің серіктестігімізге тың серпін береді деген сенімдемін, — деп облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ресейлік қонақтарға «қош келдіңізін» білдірді.
Форумға ресейлік компания өкілдерін бастап келген РФ Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық саясат департаментінің директоры Алексей Кулапин де өз сөзінде екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайта түсіру үшін көрме мен ынтымақтастық форумының қосар үлесі зор екендігін атап өтті.
— Біздің іскерлік байланысымыздың дамуына бұл шаралар үлкен жол ашатынына сенімдімін. Осы көрмеге Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі 30 жобаны мақұлдап, ұсынды. Бұл жобалар біздің іскерлік байланыстарымызды арттыру үшін маңыздылығы жоғары. Сол себепті, ұйымдастырылып отырған көрменің екіжақты келісімдерге келуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деді ресейлік мейман.

ТӘЖІРИБЕДЕН –  НАҚТЫ НӘТИЖЕ

Ақтау қаласында орналасқан «Maersk Oil» компаниясы 130-дан астам елге жүк тасымалдау мен мұнай-газ саласында қызмет көрсетеді. Дат конгломератының 100 пайыз еншілес компаниясы болып табылатын аталған мекеменің басқарушы директоры Карстен Йенсеннің айтуынша, олар, ең алдымен, қауіпсіз және тиімді өндіріспен қамтамасыз етуге жұмыстанады.
Кен орындарындағы барлық қалдықтар не пайдаға асырылады немесе арнайы полигондарға қаттап тасталады. Біз ең аз көлемдегі бұрғылау қондырғыларын пайдаланамыз, ол өз кезегінде бұрғылау алаңдарындағы топырақ бетінің бүлінуін айтарлықтай азайтып, атмосфераға қалдықтардың аз мөлшерде тасталуына септігін тигізеді. «Maersk Oil» Қазақстанды мұнай өндіру бойынша көшбасшы мемлекеттер қатарына қосуға қолдау көрсетумен қатар, жергілікті экономиканың дамуы мен халықтың жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік салаға инвестиция құю арқылы да үлес қосуда, — дейді компанияның басқарушы директоры К.Йенсен.
Ал, Ресейдің Свердлов облысының «Газ желілері» мемлекеттік унитарлық кәсіпорны Қазақстан жеріне алғаш рет келіп отыр. Кәсіпорын жобалайтын, салатын, іске қосатын газ желісі нысандарының әлеуметтік мәні зор. Осыған байланысты ұйымдастырылған халықаралық көрмеге аталған кәсіпорын өз жобаларын алып келген екен.
Жоба жетекшісі Мария Антоненконың айтуынша, бүгінгі таңда Староуткинск елді мекенінде сұйытылған табиғи газды (СТГ) пайдаланып, құбыр өткізбейтін тәсілмен баламалы газдандырудың пилоттық жобасын жүзеге асыруда.
– Бұл жоба өте тиімді, сондықтан, Ресейде үлкен қарқынмен дамуда. Қазақстаннан да өз серіктестерімізді табамыз деген ойдамын, — дейді жоба жетекшісі.
Көрмеде, сонымен қатар, ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып жатқан атыраулық компаниялар да болды. Солардың ішінде геологиялық барлау, кен орнын игеру, мұнайды, газды және күкіртті өндіру және сатумен айналысатын, әрі өз қызметін қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау бойынша ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес жүзеге асыратын қазақстандық кәсіпорын «Теңізшевройл» ЖШС екендігіне дау жоқ.

 

Индустриалды  даму  – ілгерілеу  кепілі

ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың айтуынша, 1993 жылдан 2013 жылдың маусым айына дейінгі кезеңде серіктестік өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әлеуметтік жобаларына 875 миллион доллар көлемінде инвестиция салып, «Игілік» бағдарламасына 25 миллион доллар қаржы бөлген. Ал, ағымдағы жылы аталған компанияның әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы аясында өңіріміздегі денсаулық, білім салаларын жақсартуға да үлкен қамқорлық көрсетілуде.
— Мұндай ауқымды шаралар өндіріс мекемелері үшін тәжірибе алмасуға, үлкен жетістіктерге жол ашуға септігін тигізеді. Биыл осы көрменің Атырауда өтіп жатқанына ерекше қуаныштымыз. Өйткені, көрменің тақырыбы мұнайға байланысты. Ал, Атырау облысы мұнай өндіруден елімізде алдыңғы қатарда келеді, сондықтан, шетелдіктерге көрсететін жетістіктері көп, — деді Рзабек Дәуітұлы.
Еліміздегі 37 кен алаңында өнім өндіріп жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ да ресейлік қонақтарға Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті ойлап тапқан «КНТУ-14» демульгаторын таныстырды. Компания тапсырысымен жасалған жаңа техника мұнайды 25-30 градус температурада химиялық реагенттен бөліп, суды және эмульсияны бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік береді.
Өндірілген мұнай пеш арқылы реагент блогына өтіп, қыздырылып, қазандыққа жиналып, эмульсиядан айырылады. Таза мұнай жеке қазандыққа жиналып, бөлінген су жерасты қысымын ұстау бағытында су айдау ұңғыларына жіберіледі. Оның ең басты тиімділігі — арзандығында. Және мұнай бір-екі сағатта дайын болатындықтан, энергияны үнемдеуге де көп көмегін тигізеді, — деп «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай-газ өндіру департаментінің директоры Абат Құтжанов мұнайды дайындау процесін толық айтып, көрсетіп шықты.
Ал, мұнай өндіру кәсіпорындары пайдаланатын заманауи құрал-жабдықтарын жасау және шығаруға маманданған «Челябі технологиялық жабдықтар зауыты» ЖАҚ өз өнімдерін бұған дейін Астана, Петропавл қалаларында таныстырған екен. Атырау облысына алғаш рет табан тіреп отыр.
Зауыттың директоры Юрий Поповтың айтуынша, қазіргі таңда мекеме мұнай саласында үлкен сұранысқа ие болып отырған «ОКО» типіндегі орнықтыру бағаналары және РФ патенттерімен қорғалатын түрлі модификациядағы техникалық шешімдер шығарумен айналысуда. Кәсіпорын өнімдері «НК «Роснефть», «Газпром нефть», «ЛУКОЙЛ», АНК «Башнефть», НК «Русснефть» ашық акционерлік қоғамдары және басқаларының үлкен сұраныстарына ие болып отыр.
Екі елдің мемлекеттік билік органдарының өкілі болғандықтан, бүгінгі көрмеге ұсынылған жобалар жүзеге асуына біз қолдан келген көмекті аямаймыз. Барлық жобалар да маңыздылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, байқағанымыз, мұнайдың сапасын жақсартуға үлкен көңіл бөлінген. Бұл, сөз жоқ, жаңа технологияларды пайдалану арқылы іске асып отыр. Мұндай жобалардың мемлекеттерімізде қолға алынып, жасалып жатқаны қуантады, — деп ресейлік Энергетика министрлігінің өкілі Алексей Кулапин көрмеден алған оң әсерімен бөлісті.
Ал, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин болса, қос ел компаниялары ұсынған жобаларының мазмұны кең, және бір-бірімен үйлесім табатынын жеткізді.
Ресеймен байланысымыздың жылдан-жылға қарқынды дамуының бірден-бір жемісі – осы көрме. Бұл жобаларды екі елде де жүзеге асырып, жаңа және үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, жобалардың әлемдік стандарттарға негізделгенін де ерекше айта кеткен жөн, — деді ол.
Атырау облысы әлемдегі ең үздік мұнай компанияларымен тығыз байланыс орнатуда. Алайда, «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» демекші, көршілес Ресей елімен жан-жақты іскерлік байланыстар орнатылуда. Осыған орай, Атырау облысының басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов көрмені аралай жүріп, мұндай шаралардың өңірдің дамуына, экономикамыздың артуына тигізер оң ықпалы зор екендігін мәлімдеді.
— Мұнай өндіру саласындағы көп жылдардан бергі қол жеткізген жетістіктеріміз екі елдің бір-бірімен тығыз байланысы мен өзара тәжірибе алмасуы, бірлесіп жасаған жұмыстарындың нәтижесі деп білемін,- деді облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Халықаралық маңызға ие шара барысында «Инновациялық шешімдерді енгізу мен көмірсутегі шикізатын өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу саласындағы жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру» тақырыбында семинар соңынан, панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, екі жақты аймақтық құжаттарға қол қойылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Бизнес үшін берері көп шара

Аймақаралық форум аясында ұйымдастырылған көрмеге қатысушыларды әңгімеге тартқанымызда, мұндай шараның екі ел кәсіпкерлерінің арасындағы ынтымақтастықты арттырып, ірі бизнес жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндігін, мұндай байланыстардың болашағының зор екендігін ұғынғандай болдық. Солардың бірі Самара облысынан келген делегацияның жетекшісі, экономикалық даму, инвестиция және сауда министрлігі сыртқы экономикалық және өңіраралық байланыстар департаментінің басшысы Никита Зубарев өз ойын төмендегіше сабақтады. 

— Бүгінгі күні Атырауда басталған Қазақстан-Ресей ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумына, соның ішінде осынау ауқымды көрмеге бір ғана біздің облысымыздан оннан астам компания қатысып, өздерінің инвестициялық жобаларын ұсынып отыр. Олардың қатарында «Самараволгомаш», «Самарские горизонты», «Контэкс», «Геоплюс», Самара мемлекеттік университетінің мұнай өндіру және мұнай химиясы кафедрасы, т.б. атауға болар еді.
Айта кету керек, облыста жылына 15 млн.тонна шамасында «қара алтын» өндіріліп, 22 млн. тоннадай мұнай өңделеді. Өйткені, мұнда сырттан да мұнай тасымалданады. Аймақта үш бірдей ірі мұнай өңдеу, Самара резервуар зауыты жұмыс жасайды. Мұндағы мұнай-газ кәсіпорындары «Роснефть», «Татнефть», «Лукойл» сияқты аттары Ресейге ғана емес, әлем елдеріне танымал алпауыт компаниялармен іскерлік байланыстар орнатқан.
Негізінен алғанда, жоғарыда аталған және одан басқа да компаниялардың барлығы мұнайды өндірумен бірге өңдеуге, тазалау мен мұнай химиясын дамытуға, дайын өнімді сапалы күйінде сақтауға маманданған. Сондықтан да, екіжақты қарым-қатынастарды өрістетіп, тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды күш біріктіре атқаруға септігі тиеді деп есептеймін.
Оның айтқандарын форумға бірге келген әріптестері Самараволгомаш жауапкершілігі шектеулі қоғамының талдау және маркетинг жөніндегі бас маманы Дмитрий Анкудинов пен «Самарские горизонты» ЖШҚ-ның бас директоры Николай Григашкин де толығымен қостады.
Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің «Көмірсутектер проблемалары институты» (Омбы қаласы) мекемесі өзінің атына сай осы саладағы күрделі мәселелерді зерттеумен шұғылданады. Жұмысын өндіріспен ұштастыра жүргі-зуді дағдыға айналдырған аталмыш институттың аға ғылыми қызметкері Анна Седанова өз пікірімен былайша бөлісті.
— Көршілес екі ел басшыларының келісімімен Қазақстанда, соның ішінде қазыналы Атырау өңірінде осындай халықаралық маңызы жоғары ауқымды шараның өткізілуі және оның «Көмірсутегі саласындағы инвестициялар» деп аталуының форумға қатысушы барлық тараптардың, мүмкіндіктерін көрсетіп, көкжиегін кеңейтуге ықпал етері сөзсіз. Барша әріптестерімнің жаңа жобаларына сәттілік, қадамдарына табыс тілеймін.
Бұл көрмеге осы Омбы өңірінен «Титан компаниялар тобы» жабық акционерлік қоғамы мен «Нефтехимпроект» ғылыми-жобалау институтының өкілдері де қатысуда екен. Орайын тауып, сөзге тартқанымызда, олар да өздерінің осындай пікірде екендіктерін білдірді. Бұрыннан қалыптасқан байланыстардың заманауи талаптарға сай келетіндей дәрежеде жанданып, жаңа арналардың ашылуына әсерін тигізетіндігіне сендірді.
Бұлардан бөлек, аймақаралық форум мен оның шеңберіндегі көрмеде Ресейдің Свердловск облысын таныстырған компаниялардың бірі – «Газовые сети» мемлекеттік унитарлық кәсіпорны болып табылады. Аталмыш кәсіпорын бас директорының инвестиция және қаржы мәселелері жөніндегі кеңесшісі Мария Антоненконың айтуынша, аталмыш құрылым аймақтағы ғана емес, ел аумағындағы ең ірі, табиғи газды тұтынушыларға жеткізуші немесе жабдықтаушы ұйымдардың бірінен саналады. Қазірдің өзінде ол 30-ға тарта қала мен поселкені, 90-нан астам село мен деревняны, 68100 пәтерді, 338 коммуналдық-тұрмыстық, 62 ауылшаруашылық және өнеркәсіп кәсіпорнын газдандырған. Сонымен бірге ол газбен жанатын жылу қазандықтарын орнатумен айналысады. Жалпы алғанда, бұл компанияның мүмкіндіктері-нің де, тиімді әрі ұтымды жағына қарай жұмыс жасау тәсілдерінің де жеткілікті екендігін аңғардық.
Одан әрі ресейлік іскер топ өкілдері ұсынған жобалардың бірі – «Өнеркәсіптік-аграрлық өңірлік кластерлер паркі», «Тұрба құбырларын кешенді қорғау инновациялары», қазақстандық «Мир масел» ЖШС, Халықаралық бизнес академиясының көрмеге қойған өнімдері мен келешекке жоспарлаған жобалары көпшіліктің көңілінен шығып, назарын аударғанын айта кеткеніміз ләзім.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button