Каспий теңізінің жағалауына курорттық аймақ салынады
Атырау облысы Исатай ауданында Каспий теңізінің жағалауында 500 орындық оқу-сауықтыру лагері салынады. Бұл туралы бүгін, 21 ақпанда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың халыққа есеп беру жиынында айтылды.
Мұндай деңгейдегі нысан облыста алғаш рет салынғалы отыр. Жоба нобайына қарап-ақ оның көлемін бағалауға болады. Лагерь аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Әкімшілік аймақта қызметкерлер жатақханасы, әкімшілік ғимарат, медициналық бөлімше орналасады.
Аумақта балалар орталығы, кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен балалар шығармашылығына арналған бірнеше үйірмелер болады Мұнда балалар жас натуралистер стансасында жаттыға алады.
Спорт аймағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты, үстел теннисі алаңы, скалодром алаңы, әр түрлі көше жаттығу құрылғылары, бадминтон, воркаут алаңдары болады. Жағажай құбылмалы тереңдіктегі ашық бассейнмен, саябақ, ролледром, скейтдроммен жабдықталады. Велосипедпен серуендеп, таңертең жүгіргісі келетіндер үшін жүгіретін жол мен екі жолақты велосипед жолы қарастырылған.
Лагерді көгалдандыру жұмыстары тұзды топырақ жағдайында өсіруге жарамды ағаш-бұталы көшеттер мен арнайы ағаш кеспектер отырғызу әдісімен жүргізіледі. Осы лагерь құрылысы Атырау облысы халқына Каспий теңізінің жағалауына өркениетті түрде шығуға жол ашады. Лагерь құрылысы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. Құрылыс 2018 жылы басталады деп жоспарланып отыр.
-Лагерь құрылысы, аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны секілді жаңа демалыс орындарын ашуға, ал тұрғындарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толыққанды демалуға мүмкіндік береді,- деді Нұрлан Ноғаев.
— Айта кету керек, осындай нысандар салу мультипликативтік нәтиже береді – жаңа жұмыс орындарын құру, ШОБ субъектілерін көбейту, сыртқы және ішкі туризмді дамыту – бұл жұмыстар елбасы тапсырмасының аясында жасалуда.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Бесікті ауылында 300 орындық балаларға арналған емдеу-сауықтыру лагерінің ЖСҚ –сы жасақталуда.
Хорлан Смадияр