Жарнама
Жаңалықтар

Каспий өңіріндегі ойласу

Атырауда алғаш рет отандық және ресейлік сарапшылардың қатысуымен «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме  ұйымдастырылды. Онда   Каспий теңізі жағалауында   ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан елдерді шынайы және шұғыл  ақпаратпен  қамту жайы сөз болды.

Каспий өңіріндегі ойласу

Алматы қаласында орналасқан «Еуразиялық мониторинг» талдау-зерттеу орталығының басшысы Әлібек Тәжібаев Каспий өңірлік мемлекеттер алдында тұрған маңызды мәселелерге тоқталды. Ал, «Каспий-Еуразия» халықаралық және қоғамдық-саяси зерттеу орталығының жетекшісі Андрей Сызранов жиынның мақсаты қазақстандық сарапшылармен тығыз байланыс орнату екендігін атап айтты.

– Халықаралық аренада Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы көш ілгері тұруы тиіс деп ойлаймын. Көрші елдер достығы өзгелерге үлгі болуы керек. Осындай диалогқа болашақта Әзербайжан, Түркіменстан, Иран елдері де қосылады деп сенемін. Осы орайда біз экономика, саясат, әлеумет, ғылым, білім, тіпті, қай салада болмасын, мықты сарапшыларды іздейміз, — деді ол.

Жиналғандар еуразиялық интеграция аясында әсіресе, Ұлы Отан соғысы тақырыбына ақпарат алмасудың маңызы зор екендігін атап өтті. Атыраулықтардың арасында өлке тарихын тізіп, өткенді саралаумен айналысып жатқан ерікті жандар көп. Бір қуанарлығы, жас ұрпақ ұлтжанды азамат ретінде өз Отанын сүюге тәрбиеленіп жатыр. Мәселен, жергілікті өлкетанушы Вячеслав Афанасьевке майдан даласында қаза тауып, іс-түссіз жоғалып кеткен жауынгерлердің сүйегін табуға Виктор Горбунов деген азамат көмектесіп жүр.

Сондай-ақ, атыраулық тұрғындар қанды оқиғалар өрбіген Керчь, Мәскеу, Сталинград, Брест қамалында болды. Кейін елге оралған соң, сол көргендерін тұрғындарға, мектеп оқушыларына жеткізді. Айтпақшы, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Астрахан лагері Гурьев облысының аумағына көшірілген екен. Қазір атыраулықтар сол мәселені зерттеумен айналысып жатыр. Ендеше, осының өзі де ақпараттық қамтудың бір түрі.

Осы ретте, ресейлік «Астрахан–24» телеарнасының бас редакторы Александр Васильев кешегі Ұлы Отан соғысы тақырыбын қазір террорлық іс-әрекет ауыстырғанын алға тартты.

– Бүгінгі әлемдегі ахуал өте күрделі. Терроризм күнделікті ұғымға еніп кетті. Бұл орайда журналистер өз ісіне кәсіби тұрғыда зор жауапкершілікпен қараса деген тілегім бар. Экстремизмге қарсы күрес бағытында ақпарат берерде өте сақ болған жөн. Болмашы ғана қателік адамзатты санасынан жаңылдырып жіберуі мүмкін. Өзім халықаралық журналистер байқауларында жиі комиссия мүшесі боламын. Келіп түскен жұмыстардың ешқайсысы көңілімнен шыққан жоқ. Бірде Ислам мемлекеті жөнінде тым-тәуір материал ұсынылды. Бірақ, суретте Күрдістанның жұмысшы партиясы бейнеленген. Оның аталған ұйымға не қатысы бар? Журналист сарапшы маман болмаса да, қандай материал дайындап отырғанын білуі керек қой! Міне, осындай кемшіліктерге келесіде жол бермес үшін журналистердің сауаттылығын арттыруымыз керек, — деді  ол.

Бұл мәселе кезекті Каспий өңірлік медиафорумда талқыланатын болады. Ол  Астрахан қаласында 28-29 қыркүйек күндері өтеді деп жоспарлануда.

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button