Жарнама
Жаңалықтар

КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ ҚАЙТСЕ КЕҢЕЙЕДІ?

Кәсіпкерлікті дамытудағы әйелдердің рөлі туралы сөйлеген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды. Қазіргі қоғамдағы кәсіпкерлік саласының маңызы турасында, жалпы өңірдегі кәсіпкерлік саласының дамуы жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Әлия Өтепқалиева жан-жақты айтып берді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» Бірыңғай қолдау және дамыту бағдарламалары бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының кеңесшісі Жаңылсын Сисенова баяндама жасады.

– Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап ауылдық және қала тұрғындарына арналған жаңа бірыңғай қолдау мемлекеттік бағдарламасы енгізілді. Оның ерекшелігі – тұрғындарға екінші деңгейлі банктер арқылы несие алудың тиімділігінде. Мысалы, сіз ісіңізді жаңадан бастайтын кәсіпкер болсаңыз алдын ала 15 пайыз қаражатыңызды төлеп, 20 миллионға дейін несие алуыңызға болады. Ал, банк қалған 85 пайызына кепілдік және мемлекет субсидия береді. Кәсібіңізді қалада ашсаңыз мемлекеттен жеті пайыз субсидия аласыз, ал ауданда, ауылдық жердегілер 10 пайыздық мөлшерлемемен субсидияға ие болады. Қаланың ауылдық округтеріне де арнайы бағдарламалар бар. Егер ісіңізді бұрын бастаған болсаңыз, кепілдікке қажет қаражаттың 50 пайызын төлеп, қалғанын «Даму» қоры арқылы алуыңызға болады», — деді Жаңылсын Жұмақызы.

Кәсіпкер әйелдер шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында қол жеткізген жетістіктері мен жұмыс барысында кездескен кейбір кемшіліктерін ортаға салды. Соның бірі – Тоты Махамбетова. Ол кәсіпкерлікпен 2002 жылдан бері айналысып келеді екен. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 40 миллион теңге несие алып, наубайхана аштым. Қазір жұмысшыларым да бар. Цехта нан өнімдері мен тәттілерді де пісіреміз. Бірақ, қазір өнімдерімді өткізе алмай жүрміз. Өйткені, барлық дүкендер өздерінің бұрыннан байланысы бар наубайханаларынан алғысы келеді. Оған қоса несие төлеуім керек», — дейді Тоты Махамбетова.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Әлия Өтепқалиева өз кезегінде Тотының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, банк өкілдерімен сөйлесіп, дұрыс кеңес беріп, кәсібінің ілгерілеуіне көмек көрсететінін жеткізді.

Нұрила Құлбалиева да ет өндірісі цехын ашуды көздейді. Онда шұжық, қазы, бұжы секілді тағамдарды жасап шығар-ғысы келеді. Алайда, Нұрила Амангелді-қызы несие алуға бір жылдан бері қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Семинарда арнайы мамандар Нұрилаға да бірыңғай қолдау бағдарламасы арқылы қол жеткізуге болатынын айтып түсіндірді. Сондай-ақ, Дамбы поселкесінің Амангелді ауылынан наубайхананың құрылысын салып бітіріп, оған құрал-жабдықтар алуға қаржысы жетпегендіктен жұмысын бастай алмай жүрген Бибігүл Ізбасова да «Бизнестің жол картасы – 2020» Бірыңғай қолдау және дамыту бағдарламасымен несие алып, жақын күндері жұмысын бастауды жоспарлап отыр.

Оқыту семинарына қатысушылардың бәрі арнайы сертификаттармен марапатталды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button