Жарнама
Жаңалықтар

КӘСІПКЕРГЕ КЕДЕРГІ БОЛҒАН НЕ?

Айтқандай-ақ, қабылдауға келген кәсіпкерлердің арыз-шағымының дені жер, сәулет және қала құрылысы мәселелеріне қатысты болды. Мәселен, «Мирас» жеке кәсіпкерлігінің иесі жер учаскесін сұрап өтінгеніне бір жылдан асыпты. «Атырау қаласы әкімінің орынбасарына кіру үшін кезекті бес ай күттім. Осыншама уақыт күтіп арызымды айтқанда шешуге уәде берген еді. Алайда, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалды»,-деген бизнес иесі бұдан кейін де талай қиындыққа кезіккенін айтты.

Сәулет және қала құрылысы бөліміндегі өтінішіне мамандар «бүгін, ертең береміз» деген құрғақ уәдемен уақытты бүгінге дейін созыпты. Жеке кәсіпкердің осынау сұрағына облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасынан қатысқан өкіл құқығы бұзылған бизнесменге прокуратураға шағымдануға кеңес берді.

Ал, селолық округтен асхана салуды ойластырған жеке кәсіпкер Марфуға Ғұмарова әлі күнге дейін жеңілдікпен берілетін несиеге қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді. Өйткені, зейнет жасындағы көпбалалы анаға бірі жер учаскесіне жарық келмегінін дәлел қылса, екінші деңгейлі банктер жасының ұлғайғандығына қарай қаражат бермейтіндігін айтқан.

Партиядан демеу іздеп, көмек сұрай келген жанның бірі, керісінше, қомақты несиесінен құтыла алмай қиналып жүргендігіне қынжылды. Қарыздың күліп барып жылап қайтатыны рас қой. Баспанасыз жүрген жан бастапқыда қомақты қаржыға пәтер сатып алады. Кейін жұмыстан қысқарып, әлгі пәтердің ақысын төлеуге мүмкіндігі болмай қалады. Тағдырдың сынағына төзе алмаған күйеуі отбасының шырқын бұзады. Әйел заты қай уақытта да қиындыққа төтеп бере алды емес пе? Бұл да екі жұмысты қатар жасап, несиесін төлеуге тырысып бақты. Бірақ, денсаулығы сыр беріп, ақыры жұмыссыз қалды. Сөйтіп, бір кездері 40 мың доллардың шамасында алған қаржысы бірнеше есе өсіп кеткендіктен, банк банкоматтағы есепшотын да жауып тастаған. «Әрине, банктің өз талабы бар. Алайда, осындай қиын жағдайға тап болған маған мүмкіндігіне қарай жәрдемдессе екен деймін»,-деді ол. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев тұрғынның өтінішін аяқсыз қалдырмауға уәде берді.

Кеңөзек округінен келген тағы бір кәсіпкер де мал шаруашылығын дамытуға несиеге қаражат ала алмай жүргендігін айтады. Бизнес жолын бастап, кәсібін дамытып, азды-көпті табысын көріп келе жатқан жеке кәсіп иесі кепілге беретін бау-бақшалы үйі өтпегендігіне налиды. Жергілікті атқарушы орган өкілдері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» хабарласуға ұсыныс жасады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button