ҚАРЖЫНЫ ҰҚЫПТЫ ЖҰМСАҒАН ҰТЫСҚА ШЫҒАДЫ
— Жоғары тұрған бюджетке берілетін қаржының көлемі (үш жылдық кезеңге бекітілген сомаларға сәйкес) келесі жылға 46,9 млрд. теңге, ол жергілікті бюджеттің 75,6 пайызын құрайды. Қала бюджетінің өзіндік шығындарына 12,1 млрд. теңге жоспарланып отыр, — деді бөлім басшысы.
Есеп-қисапқа жауапты тұлға қаражаттың қандай бағытқа жұмсалатынын депутаттарға нақтылап айтып берді. Мәселен, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке 60,6 млн. теңге жұмсалмақ. Ал, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бағытталатын ақшаның көлемі 1,2 млрд. теңге шамасында. Дегенмен, кейбір депутаттарды мұндай саумалаған саннан гөрі, нақты мақсаттарға қандай көлемде қаржы жұмсалатындығы, оның сомасын көбейту мәселесі қызықтырды. Сондықтан, халық қалаулыларының бұдан бұрын берген сауалдарына қала әкімі Нұрлыбек Ожаев пен оның орынбасары Амантай Айтбаев бірлесіп жауап берді.
— Депутаттардан спортты дамытуға бөлінетін қаражатты 30 миллион теңгеге дейін өсіру туралы ұсыныс түскен. Дегенмен, бұл мәселе жергілікті жерде шешілмейді, анығында, мұндай көлемде ақша бағыттауға қалалық спорт бөлімінің құзыреті жетпейді, — деді осы тұста шаһар басшысы.
Ал, қала әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев халық қалаулыларының берген ұсыныс-өтініштері ескерусіз қалмайтындығын баяндады. Мысалы, тұрғындар Атырауда көлік аялдамаларының аздығы, оның дұрыс жабдықталмағандығына қатысты жиі шағымданады екен. Оның жауабы ретінде Айтбаев «қала бойынша 144 аялдама болса, қазіргі күні оның 20-ы жөндеуден өтіп отыр. Қосымша аялдамалар салу мақсатында жұмыстанып жатырмыз» деген жауабын айтты. Алмагүл ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің астыңғы бөлігін тиімді пайдалану, «Геологтан» балабақша салу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асып жатқан шаралармен де таныстыруды ұмытпады.
— Нұрсая мөлтекауданындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы туралы айтсам, бүгінде оны салушы мердігер өзгерді. Ол келесі жылы бітеді деп жоспарлап отырмыз, — деді қала әкімінің орынбасары.
Сессияда өзге де мәселелер қаралып, шешім алынды. Депутаттар белгілі өнер қайраткері Чапай Зұлқашқа «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысты да қолдап дауыс берді.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.