«Қарттарым — асыл қазынам»
Атырау облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне келіп, өздерінің өнерімен бөлісіп, қолдарында бар сый-сияпатымен қарасып жүретін ұжымдарда есеп жоқ десе де болады. Олардың арасында жалпы білім беретін орта мектептер де аз емес.
Айталық, үлкендер арасына Еркінқала орта мектебі оқушылары да «Қарттарым — асыл қазынам» атты қайырымдылық концертімен келді. Қарттар алдында оқушылар «Ақ бидай» және «Қыз алып қашу» көріністерін сомдап, ән-биден шашу шашты. Жергілікті қаламгерлер кітаптарынан көрме ұйымдастырып, үлкендер көңілін бір көтеріп тастады. Шара соңында аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Хасанова қарттарға деген ақ тілегін жеткізіп, тәттілер тарту етсе, қарттар үйі басшысының орынбасары Марина Жайырова мен мәдениет ісі жөніндегі қызметкер Нұрша Ахметова өздерінің шынайы алғыстарын айтты.
М.БРАЛИЕВА,
Еркінқала орта мектебінің кітапхана меңгерушісі.