
Кәріздік тазарту құрылғысы қайта жаңғыртылады
Өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі «Жол картасына» енген жобалардың қатарында Атырау қаласының оң жағалауындағы «Кәріздік тазарту құрылғысын қайта жаңғырту» (КТҚ) жобасын айтуға болар еді. Аталған нысан құрылысының барысымен танысу мақсатында облыстық экология департаменті баспасөз турын ұйымдастырды.

Іс-шараға Атырау облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Сапар Тұрсынбеков, қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, мердігер кәсіпорын – «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамының өкілдері қатысты.
Баспасөз турының мақсаты – кәріздік тазарту құрылғысын қайта жаңғырту жұмыстарымен таныса отырып, оның барысын бақылауда ұстау. Оның төңірегінде қордаланған мәселелердің уақытылы әрі оңтайлы шешілуін қадағалап, туындаған сауалдарға жауап беру.

Мамандардың мәліметінше, қазірге дейін жоба бойынша аэротенктің қабырғаларын, түбін, ағынды суларды залалсыздандыруға арналған резервуардың қабырғаларын бетондау жұмыстары атқарылған. Шұңқыр қазу және алаңішілік дренаж жүйесіне арналған құбырлар мен су жинау құдықтары орнатылған. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешен мен бақылау-өткізу бекетінің екі қабатты ғимаратында металл құрастырмалы шатыр монтаждалған. Бұған қоса, біріктіруші резервуарлардың, сорғы станциясының қабырғалары қаланған. Бүгінде жоба шеңберінде жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Дәулетқали АРУЕВ