Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...ЖаңалықтарҚоғам

Карантиндік шаралар күшейтілсе…

Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Тұрғындардың бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты сақтық шараларына салғырттық танытып жатқаны рас. Соның салдарынан қазіргі уақытта қауіпті дерт дендеп кетті.

Індеттің бұлайша жылдам тарауы кім-кімге де оңай болып жатқан жоқ. Дене қызуы көтеріліп, жөтелгеннен қиналып жедел жәрдем шақырғандарға 103 қызметінің өзі қолжетімді емес. Өйткені, қауіпті дертпен күресте сала мамандарының күші жетпеуде. Ауруханалардағы науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмектердің қоры азайып, жетіспей жатыр. Науқастың көптігінен ауруханалар лық толы, орын жоқ. Осындай себептерге байланысты ауырған адам үйде болып, өз бетінше дәрі-дәрмектермен емделуге мәжбүр болуда.

Соңғы күндері облыстағы дәріханалардан іздеген дәріні табудың өзі қиынға соғуда. Ұзын-сонар кезек күтіп кіргенде қарапайым дене қызуын түсіретін парацетамол, басқа да дәрі-дәрмектер жетіспейді. Тестілеу үшін зертханалардың қуаттылығы да аз. Компьютерлік томография үшін және өкпені жасанды желдету құрылғыларының да жетіспей жатқаны шындық. Негізінен қазіргі жағдайда медицинада мұндай проблемалар мүлдем орын алмауы тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазір қазақстандықтардың саулығы үшін ең алдымен осы проблеманың шешімін табу керек. Қазір түрлі конференциялар мен «дөңгелек үстелдер», салтанатты шаралар ұйымдастыратын кез емес. Мұндай шаралардан дереу бас тартып, бұл үшін бөлінген қаражатты эпидемиямен күреске жұмылдыру аса қажет. Шұғыл түрде шетелдердермен байланыс орнатып, дәрі-дәрмектің мәселесін реттеу – кезек күттірмейтін мәселе.

Сондай-ақ, дерттің бүгінгіден бетер ушықпауы үшін карантиндік шараларды қайтадан енгізу қажет деп ойлаймын. Өйткені, ауру көрсеткіштері күн санап артып жатса да, көпшілік арасында әлі отбасылық шараларды өткізіп жатқандары бар. Бұлайша көптің шоғырланып, сақтық шараларына немқұрайлылық таныту дерттің тез таралуына әкеліп соғуда. Сондықтан, Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде наурыз-мамыр айларындағыдай карантиндік шараларды енгізіп, сақтық шараларын еселеп күшейту маңызды. Сонымен қатар, халық саулығы үшін медицинадағы олқылықтардың орын алмауын әркез қатаң қадағалауда ұстаған жөн-ақ.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button