Жарнама
Жаңалықтар

ҚАНҒА БІТКЕН ҚАСИЕТ


ҚҰШТАРЛЫҚ

Адам бойында құштарлық деген ерекше сезім болады. Кісіні қатарынан қалдырмай алған жетелейтін де–сол. Міне, осы құштарлық Төлеген Байзақов бойында жетіп-артылады.
Ол, алдымен, еңбекке ұмтылды. Жетпістің биігіне көтерілген шағында да одан «өмірлік ұстанымыңыз не?» деп сұрасаңыз, еш ойланбастан «еңбек» деп қысқа қайырады. Бұл — оған әке тағылымымен, ана сүтімен сіңген қасиет. Өзі туған Талғайраңдағы күнделікті тірлік таңсәріден басталатын. Әкесі Байзақ белгілі балықшы еді, күнмен таласа тұрып, су жағалап кететін. Анасы Мәлике жаз бойы егін баптап, өзге уақытта ұжымшардың басқа шаруасынан бас тартпайтын. Міне, соларды көрген жас Төлен де еңбектен шет қалмады.
Одан кейін бозбала Төленді еңбекке баулыған өзі Гриша ағай деп құрмет тұтатын жөндеушілер бригадасының бригадирі Григорий Отто болатын. Мұны Толик деп еркелете жүріп, жанынан тастамай, талай нәрсеге үйреткен.
Жасөспірім Төлен бригададағы ең кішісі болатын. Елгезек бозбаланы бәрі жұмсайтын. Ол кезде «істегенің бізге жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген қағида қалыптасқан. Бұл да бас тартпайтын, шауып жүріп қолынан келген барлық шаруаны тындыратын. Одан зиян да көрмеді. Бастапқы шыңдалу мектебінен өтіп, өмірлік тәжірибесінің алғашқы тәлімдерін алды. Алты айдан кейін басқарманың бас инженері бастаған комиссия алдында сынақтан өтіп, бірден екінші разрядқа ие болуының өзі – осы еңбекқорлығының нәтижесі.
Кейінгі құштарлығы – білім. Жалпы, кішкене кезінен қолына түскен кітапты талғамай оқи беретін. Ал, екі жыл өндірісте еңбек етіп, сонау Грозный қаласына оқуға аттанғанда білімге құштарлығы барлық қырынан көрінді. Аңғалдығы ғой, жанындағылар жолдаманы қалтасына басып алғанда, бұл мұндай құжаттың қажеттігін де ескермепті.
Абитуриент Төленнің институтқа түсуінің өзі қызық, Еркінқала орта мектебін бітірген бозбала орысшаға шорқақ. Ал, тапсырылатын бес емтихан орыс тілінде. Содан бұл физиканы қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтарымен салыстырып оқыды. Жазбаша математиканы тапсырды. Қазақ мектебін бітіргендіктен орысшадан диктант жазды. Ауызша сөйлесуден де өтті. Ал, шет тілін мектепте оқымағандықтан, одан босатылды. Бірақ, соны растайтын анықтама қажет еді. Шұғыл түрде Қап тауы баурайындағы Грозныйдан Жайық жағалауындағы Еркінқалаға жеделхат ұшты. Мұның орысшасы жетпей тұрғанын байқап, оны да қабылдау комиссиясының төрағасы өзі жазып берді. Қазақтың қарадомалақ баласына жасалған қандай қамқорлық еді десеңізші!
Сол орысшаға шорқақ бозбала Төлен бүгінде Пушкин мен Лермонтов тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, кітап та жазатын Төлеген Байзақовқа айналды. Алайда, оған таң қалып та қажеті жоқ. Өйткені, бұл да – білімге деген құштарлықтың белгісі.
Кітап демекші, оның әдебиетке құштарлығы жазушылық қабілетін ашты. Сонау 2001 жылы жарық көрген «Атышулы Теңіз-37» атты кітапта материалдары жарық көрген-ді. Содан 2003 жылдан бастап қолы қалт еткен сәтте өткен күннің естеліктерін қағазға түсіре берген. Сонысын алдыңғы жылы «Оңғарылған талап. Целеустремленное усердие» деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. Тұсаукесерінде болдық. Талай әдебиет тарландары тұшымды пікірлерін білдірді. Айтса айтқандай, артық-кемі жоқ, тұла бойы жұп-жұмыр дүние болып шығыпты.
Төлеген Байзақовтың спортқа құштарлығы — өз алдына бөлек әңгіме. Кішкене кезінен волейболға құмар еді. Сонысы әлі бар. Сұңғақ бойымен серпіле секіріп, дөңгелек допты қарсыластар алаңына шегедей қадағанда кәсіби спортшылардан еш кем емес. Сонау 2001 жылы Атырауда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кубогы үшін халықаралық турнир ұйымдастырылғанда ардагерлер командасында ойнаған. Бокс пен күресті де шет көрмеді, баскетболмен де айналысты.
Ал, жұрттың бәрі ішкен асын жерге қойып, жақсы көретін футболға аса құмар емес. Бірақ, соған қарамастан кезінде «Мәтен» атты футбол командасын құрып, ол облыстық жарыстарда талай жүлде алған.
Өнерге құштарлығы, сірә, алты жасында анасының домбыра алып берген кезінен басталған шығар. Бойымен бірдей домбыраны қолынан тастамайтын. Мектептегі үйірмелердің бәріне қатысты. Би өнерін үйренді. Бүгін де вальс ырғағымен шыр айналғанда, талай жанды таң қалдырады.
Міне, біз білетін оның құштарлық қасиеттерінің кейбірі осындай.

ІСКЕРЛІК

Төлеген Байзақовтың еңбек жолын толық баяндап шығу мүмкін емес, оның қажеті де жоқ. Өңір халқына жақсы таныс. Қарапайым жұмысшыдан басқарма бастығына дейінгі жүріп өткен жолы талай бұралаңға толы болғанымен, табысы да толайым. Тек сол сатылардың бәріне өзінің іскерлік қасиетімен жеткендігі ақиқат.
Институтты тәмамдап келгенінде бұрғышының көмекшісі болды. Көп ұзамай инженерлік қызметіне кірісті. Өзіне тәлім берген ағаларынан да озып, басшылық лауазымдарды атқарды. Ұстаздан шәкірт озса, ғанибет емес пе, бұған олар да ренжімеді.
Қиындықсыз да өткен жоқ. Ол кезде өндірісте тосын жай орын алса, алдымен басшылар жауап беретін. Бұл бас инженер міндетін атқарып жүргенде бір жылда төрт қайғылы оқиға тіркелді. Артынан тексеріп көрсе, бәрі де бұрғышылардың өздерінің бейқамдығынан болыпты. Күнде жасап жүрген қарапайым ісінен қателескен. Бірақ, бұған жауап беруге тура келді.
Төлеген Байзақовтың жадында, әсіресе, Балықшы бұрғылау жұмыстары басқармасындағы күндері жақсы сақталған. Әсіресе, Теңіздегі №37 ұңғымада болған апат ұмытылар ма, сірә? Талайды күйзелтіп кетті ғой сол оқиға. Бел ортасында жүрді. Кейін әр күнін ой елегінен өткізіп, көлемді естелік жазды. Шынайы шындық жұртшылыққа жеткізілді. «Жергілікті бұрғышылардың қолынан еш нәрсе келмейді, олар үлкен істі тындыра алмайды» деген күңкіл сөздің күлін көкке ұшырды.
Соңғы жылдары «Мәтен» бірлескен кәсіпорнында бас менеджер міндетін атқарды. Бұл кен орнын да көрдік. Қазіргі заманға сай жабдықталған жатақхана мен асханаға, жұмысшыларға жасалған жайлы жағдайға тәнті болдық. Түріктермен терезесі тең дәрежеде араласа жүріп, жергілікті мамандарға қамқорлық істейтін. Талай жас осы өндірісте қанаттанды. Шетелдіктердің өздері іскерлік қасиетін жоғары бағалады. Республика бойынша ең үздік салық төлеуші атанып, арнайы марапатты иеленді.
Төлеген Байзақов қазір де қызметтен қол үзген жоқ. Іскер жан қашан да қажет.

АДАЛДЫҚ

Бұл да оған ата-ана тәрбиесімен сіңген. Бірде марқұм шешесі «Сен ержеткенде екі адамға көйлек кигізуді ұмытпа: біріншісі – кіндік шешең, екіншісі – сені судан құтқарған қыз» деген-ді. Кіндік шешеге алғашқы жалақысынан көйлек кигізілді. Ал, өзін ажалдан алып қалған қызды … елу жыл іздеді.
Жалпы, осы оқиғаның өзі қалай болып еді? Кішкене кезінде үлкендерге еріп судан шықпайтын. Жұмыстан босамайтын әке-шешесінің үнемі қадағалап жүретін уақыты да жоқ. Естияр балалар бұларды суға лақтырып, жүзуді үйрететін. Содан бір күні шын батып кете жаздады. Тереңдеу жерге лақтырып жібергенде тұншыға бастаған. Ешкім байқамады. Тек бір бойшаң қыз байқап қалып, желкесінен бүре ұстап, жағаға алып шыққан. Сонда әлгі қыздың өзі бесінші сыныпта көрінеді. Өзіне бес жасында қайта өмір сыйлаған сол аяулы жанға да жарты ғасырдан соң арналған көйлегін кигізіп, мойнынан үлкен парызын түсірген. Мұны ана аманатына адалдық демеске бола ма?
Сол адалдығы Теңіз кенішін игерушілерге Мемлекеттік сыйлық берілер тұста бар қырынан көрінді. Пендеміз ғой, мұндай атақтан тыс қалар ма едік? Даңқ та–бір сиқырлы дүние, өзінің тылсымына тартады. Оның үстіне, кім өзін өзгеден кем санайды?
Ал, Төлеген Байзақов бас тартты. Алғашқы талқыға түскен тізімде мұның да есімі тұрған. Еңбегі сіңгені де рас. Атақты 37-ұңғымадағы өртті басуға ұмтылып, шауып жүргенде көлік апатына да ұшыраған. Бірақ, ешкімнің ала жібін аттамаған, біреудің еңбегін иемденіп көрмеген адалдығына басып, алғаш қызмет істеген волгоградтық бұрғышылар екендігін айтып, соларды ұсынады. Әрине, өзінің сыйлас ағасы Асабай Хисметов есімі қалып қоймауын талап етті. Сол апатқа байланысты осы абзал жан орынсыз орнынан да алынған-ды. Басшылыққа өзі тағайындалған. Мәскеудің пәрменімен болған жайға еш кінәсі болмаса да, айыпты секілденіп жүрген. Марқұм ағасы атақ алғанда, үстінен жүк түскендей болды.
Сол адалдығы жетпістің жетегінде де сақталған. Әлі күнге ешкімге иненің жасуындай жамандық жасамапты.
Эпилог
Кеше кезінде өзі басшылық қызметте болған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында Төлеген Байзақовтың 70 жылдығы аталып өтті. Бала шақтан бірге өскен құрдастары, қызметтес болған әріптестері, жолдас-жоралары мен сыйлас жандары құрмет көрсетті. Солардың бірқатары — бүгінде есімдері елімізге танымал мұнай майталмандары. Ал, бұл баяғы қарапайымдылығынан танбай, жай ғана күлімсіреп отырды. Солай. Әуелден қалыптасқан қасиет бұл.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button