ҚАМСЫЗ ОТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Жайықтың екі бетін жағалай қоныстанған Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының халқы жыл сайын көктемде қар суының еруі мен өр суының келуінен біраз әбігерге түсіп,  мазасыз күндерді бастан кешетіні де шындық. Себебі, Жайық өзеніне келіп құятын Деркөл, Шаған, Ертек, Ростошь сияқты басқа да шағын өзендердің деңгейі қар суымен молайып, өзенді кемерінен асырып, бойын жағалай орналасқан елді мекендерге су басу қаупін төндіретін әдеті тағы бар.

 

Ауа райын болжаушылардың мәліметіне сүйенсек, биыл өңірдегі қардың мөлшері жылдағы деңгейде. Бірақ, жылда су басып, апаттық жағдайға ұрындыратын Ресейдің Волгоград облысында, Орал тауының жоғары жағында қыста жауған  қар мұрты мұқалмастан әлі сіресіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы полковник М.Құрмановтың мәлімдеуінше, Ақтөбе облысындағы өзендердің су бассейндерінде ылғалдану әдеттегіден 20-40 пайызға кем, ал Жайық өзенінің бастауында, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары аумағында қардың көлемі жылдағыдан аз көрінеді. Волгоград облысындағы метеорологиялық жағдай мен гидрологиялық ахуал  көктемгі еріген қар суын еш кедергісіз өткізуге мүмкіндік береді деген болжам бар.

Су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар департаментімен облыс аумағындағы өзендердегі су деңгейіне күн сайын мониторинг жүргізіп, талдау жасап отыру қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Орынбор, Астрахан және Волгоград облыстары бойынша азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттың зардаптарын жою жөніндегі бас басқармаларымен ақпараттар алмасу жайы да ойластырылған.

Қазір табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескерту мен оны ауыздықтау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірқатар ұйымдастыру шаралары қолға алынып, жүзеге асырылуда. Облыстағы тиісті басқармаларға автокөлік жолдары мен темір жолдардың бойындағы өткелдердің су өткізгіш құбырлары мен көпір өткелдерінде өр суының кідіріссіз өтуін қатаң бақылау, қала мен аудандар әкімдіктеріне су тасқынына қарсы шаралар ұйымдастыру, Жайық-Каспий бассейндік  инспекциясына гидрологиялық жағдайға байланысты Жайық, Қиғаш, Ойыл, Сағыз және Жем өзендері бассейндерінде су қорларын қорғау мен оның пайдаланылуын реттеу міндеті жүктелген. 

Дегенмен, көктемгі су тасқыны аймаққа еш зиянын салмай, өте шығады екен деп қаннен-қаперсіз отыруға тағы болмайды. Қамдансаң, қапы қалмассың дегендей, күні бүгін облыс бойынша екі жүз мыңдай қапшық, он екі тонна жанар-жағармай, екі жүз тонна құм әзірленген. Құтқару қызметінің жүзден астам адамы мен отыздай техникасы, осыншама жүзу құралы, бір Eurocopter EC 145 тікұшағы кез келген уақытта төтенше жағдайға байланысты әрекет етуге дайын. Облыстың жергілікті атқарушы органының биылғы жылға қаралған төтенше резервтің көлемі 210 млн.  теңгені құраса, төтенше жағдай кезіндегі шұғыл мұқтаждық үшін бюджеттен 318 млн. теңге  қарастырылған.

Жуырда ғана облыс  әкімінің орынбасары – облыстық  төтенше жағдайлар комиссиясы төрағасының орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында  биылғы көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу және оған дайындық мәселесі талқыланған болатын. Алқалы отырыстан белгілі болғанындай, қазір облыстағы судан қорғану бөгеттерінің жалпы ұзындығы – 515 шақырым. Оның өзі 1967-1994 жылдары аралығында тұрғызылған бөгеттер. Облыс әкімінің қаулысымен былтырдан бастап, бұл қорғаныс бөгеттері мен жағалауды бекіту құрылыстары қалалық және аудандық әкімдіктер теңгеріліміне берілген.

Дейтұрғанмен, елді мекендер мен шаруашылық нысандарын су басу қаупінен қорғау үшін Исатай ауданының Зинеден ауылы тұсынан ұзындығы 1,7 шақырымдық бөгет тұрғызу, 185 шақырымдай бөгетті жөндеп, бекіту қажет болып отыр. Бұлардың бүгінгі техникалық жай-күйі сын көтермейді. Мұнай кәсіпшілігіне қарасты бөгеттерден  басқа, қорғаныс бөгеттері мемлекеттік комиссиямен қабылданбаған, одан әрі пайдалану үшін теңгерілімге берілмеген, сметалық құны анықталмаған және төлқұжаты жоқ. Реті келгенде айта кету керек, бұл бағытта Индер және Махамбет аудандарының әкімдіктері су тасқынына қарсы тұрғызылған қорғаныс бөгеттеріне мемлекеттік акт алып, заңдастыру жұмыстарына баса назар аударған, керісінше, Атырау қалалық, Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Жылыой аудандық әкімдіктерінде әзірге жайбарақаттық басымдау.

Түйіндеп айтқанда, құзырлы мемлекеттік органдар мен тиісті мекеме, кәсіпорындар көктемгі су тасқыны қарсаңында етек-жеңдерін жиып, тілсіз жаудан болатын апаттың алдын алудың барлық шараларын алулары тиіс.

Бақытжан  ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз