ҚАЛА ЖОЛДАРЫ ЖӨНДЕЛЕ БАСТАЛАДЫ
Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев Еркінқала ауылдық округіне барып, мұнда күрделі жөндеуден өтіп жатқан ауылішілік жолдардың сапасын тексерді. Аталған округте жалпы 46710 шаршы метрдің құрайтын (7-8 шақырым) жол мен 6091 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда жұмыстың жартысынан астамы орындалған. Жұмысшылардың айтуынша, ағымдағы жылдың шілде айында жөндеу жұмыстары толық аяқталады.
— Қазір алты көшеде жөндеу жұмыстары жүруде, — дейді қосалқы мердігер «Атырауинждорстрой» мекемесі директорының орынбасары Зайни Мұстажапов. — Екі қабат асфальт пен қосымша қабаттың ортасына 15 см-дей қиыршық тас төселді. Жол қабатының қалыңдығы — 40 см. Әр үйдің қақпасына кіретін тұста бетон тақта орнатылды. Сонымен қатар, Томарлы, Самал мөлтек аудандарында да осындай жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Жолдың сапасына оң бағасын берген шаһар басшысы ендігі салынатын немесе жөнделетін жолдардың барлығының жанына бордюр төселіп, жаяу жүргіншілер жолы да қатар салынуы қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, қала жолдарының шұңқырларын бітеу жұмыстарымен танысты.
— Осы жылы қала көшелерінің шұңқырларын бітеуге қажетті қаржы бөлінді. С.Датов, Құрманғазы, Баймұқанов, Канцев, Т. Амандосов көшелерінің 1700 шаршы метр жолын жөндеу жұмыстары жүргізу қолға алынуда. Қазіргі таңда жұмысты С.Датов көшесінен бастадық. Ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтаймыз, — дейді қалалық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басмаманы Дулат Жұмашев.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.