«ҚАҚПАҚТЫ ҚАРА ҚАЗАН» АТАНҒАН ҚЫЗЫЛҚОҒА

мал  шаруашылығы  мықты  дамыған  өңірге  айналуы  тиіс

«Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға ауданы бүгінде ірі өзгерістер мен үлкен жаңалықтардың бел ортасына айналды. Бір жылдары қол жетпес армандай көрінген газ желісімен бүгінде аудан халқы 96 пайызға қамтылып отыр. «Ақ бұлақ» ауыз су бағдарламасы да алғашқы жемісін бере бастады. Енді ауданның алдында кәсіпкерлерді тарту арқылы ауыл  шаруашылығын дамыту, соның ішінде мал басын көбейту міндеті тұр.

 

Есепті баяндамасында осы және өзге де мәселелерге тоқталған Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында одан да зор істер тұрғанын айтты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін оң бағалаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов малды өңір халқын үлкен жаңалықтармен де қуантты. «Аудан үшін білім саласында өткір тұрған мәселелер бар. Осыған орай, Тасшағыл ауылынан алдағы уақытта жүз орындық балабақшаның салынатынын мәлімдеймін» деген облыс әкімі жантеректіктерді қинаған жайға да тоқталды.

«Бұл ауылда мектеп жасындағы 96 бала бар. Сол балалардың 37-сі бүгінде Мұқыр орта мектебінде оқып жүр. Ауылдың әлеуметтік сұранысын ескере отырып, алдағы уақытта Жантерекке 60 орындық мектеп салынатын болады» деген облыс басшысы балалардың мектепке кедергісіз қатынауы үшін тасымалдаушы көліктің берілетіндігін айтты. Тағы бір елең етерлік жаңалық, Жангелдин, Жасқайрат, Көздіқара ауылдарына кірме жолдар салынып, елді мекен көшелеріне асфальт төселетін болды.

Есепті жиын одан әрі ауыл тұрғындарымен арадағы диалогпен жалғасты.  Тұрғын үй құрылысы комбинаты мен үй тұрғызу фабрикасының іске қосылуын, консервілеу өнеркәсібінің жұмысын бастауын ерекше ризалықпен атап өткен зейнеткер Қайырбай Ерекенов ендігі кезектеқой және түйе жүнін өңдейтін кешенді іске қосудың маңыздылығына тоқталды. «Біздің ауданда «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы халықтан мал өнімдерін қабылдап, өңдейтін сервистік дайындау орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш сервистік орталыққа шаруа қожалықтарының ғана емес, әрбір жеке шаруагерлердің де өз өнімдерін өткізіп, етпен қамтуына көмек беруіміз керек» деді ол. Cондай-ақ, ол округтерде тазалық жұмыстарын жүргізуге қатысатын техника бөлу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік-терді жоғары бағалаған жеке кәсіпкер Ләззат Сахиева «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы өткен жылы несие алып, кәсібін ашқанын әңгімеледі.

Жангелдин ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Дәмеш Есқуатова аталмыш ауылдағы Миялы орта мектебінің мәселесін көтерді. «Білім ордасының төртінші блогы жиырма жылдан бері жөндеу көрген жоқ. 2011 жылдан бері апатты жағдайда тұрған блогқа жөндеу жұмыстары жүргізілсе» дейді ол. Бұл орайда, облыс әкімі қаржының бөлінетіндігін, мектептің сүріліп тастап, қайта салынатындығын айтты.

***

Қызылқоға өңіріне сапар барысында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов қоғамдық қабылдау өткізді. «Қызыл-қоға-Бастау» несие серіктестігінің  төрағасы Сүйеуғали Дүйсәлиев Миялы селосынан  сервистік дайындау орталығын ашуға жәрдем сұрай келді. «Мал өнімдерін – оның ішінде ет, тері, жүн қабылдап,  өткізу және ет өнімдерін өңдеп, мал сою жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алсам деймін.  Ол үшін 70 миллион теңге көлемінде қаражат керек» деді ол. «Мал арасында тарап отырған бруцеллез дертін жою да маңызды» деген облыс басшысы кәсіпкер мәселесінің шешілуіне мүмкіндік болатынын жеткізді.

Миялы селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жергілікті қауымдастықтың мүшесі Жаубасар  Мұханбетов Миялы селосына берілетін ауыз суды тазалап, тұшыту үшін сағатына 80 текше метр суды өңдейтін қондырғы орнату туралы өтінішін айтты. Облыс басшысының сөзінен белгілі болғанындай, «Атыраустройпроект» ЖШС-нің мамандары суды өңдейтін қондырғы орнату үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындаған. «Енді тиісті сараптамадан соң, қаражат мәселесі қаралатын болады» деді облыс әкімі. Ал, Сағыз селосындағы «Сағыз» ЖШС-нің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Құлмағамбет Қоданов «Ақ  бұлақ» бағдарламасының жобасына енбей, су құбыры тартылмай қалған аталмыш ауылдағы 200 үйге су жеткізу мәселесіне ықпал етуді сұрады. Бұл мәселеде де жобалық-сметалық құжаттар жасақталған соң тиісті сараптаманың болатыны айтылды.

Мұқыр селосының тұрғыны Тоғжан Нұрадинова жоғары білімі бола тұра жұмысқа орналаса алмай жүр.Бұл орайда, облыс басшысы жас маманды аудандық ішкі істер бөліміне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қызметіне орналастыру жоспарланып отырғандығын айтып, қуантты.                           

Өзгерістер мен жаңалықтардың ордасына айналған ауданды алда әлі зор міндеттер күтіп тұр. Ендігі жерде бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, өңір экономикасын көтеруде аянбай еңбек ету ғана қажет.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА, Мағрупа ҚАЗИХАН, Бауыржан СИСЕНОВ.

Суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз