Күйеуі жалқау, енесі балағаттайтын келіншек белгілі блогерден ақыл сұрады
«Бәрі әйелге байланысты дейсіз, ал еркек жалқау, қырсық, ерке бала болса ше? Әйелі түгілі әкесін не, шешесін тыңдамайды! Сағат түскі 12-1-ге дейін ұйықтайды. Әкесі алқаш, шешесі жұмыс істеп асырайды. Өзім декретте отырмын. Шешелері өте салақ, балаларына дым үйретпеген бәрін өзі істеген бірақ оны да келістірмейді. Мен келін болып түскен кездегі үйдің түрін көрсеңіз ғой, (сұмдық, бомждын үйі сияқты). Қазір күйеуім екеуміз ит пен мысық сияқтымыз, еш сыйластық жоқ! Ене боп ақыл айтып бірдеңе үйретудің орнына жақсылап боқтайды. Айқайлайды да жатады, бұндайға шыдай алмаймын… Өз анам қазір қатты науқас, маған соны ойлайсың тек қана деп тиіседі. Қайтем айтыңызшы, мен шаршадым, есім ауысып жынданатын болдым», — деген келіншекке Құралай ханым өз жауабын берді.
«Енең сипаттауың бойынша жағаны ұстап, сол иыққа қарап үш түкіретіндей, сұмдық адам екен. Қайын атаң да онша емес сияқты. Күйеуің туралы оқығанда, тіпті үш түкірік емес, адамның құсқысы келетіндей ме, қалай өзі? Сен қазір солармен бірге қайнап, жайнап жүрген əртіссің! Ал саған сахнадан түсіп, залдағы орындыққа отырып алып, бақылайтын көрермен болуың қажет. Сен олардан өзгеше, ерекше жан болуға тырыс!
Бұл адамдар саған тағдырдың берген сыйы! Бұл өмірің құрылысшы бір нысанды алғандағы бітіретін жұмыс секілді, орысша айтқанда «объем работы». Жұмысын сапалы орындауы арқылы айлық, «премия» алатын жұмысшы тəрізді, сен де өз еңбегің арқылы бағаланасың! Күн-түн демей, аянбай еңбек етсең, жылдар бойы қызмет қылсаң — Құдайдан да, айналаңдағы адамдардан да түрлі марапаттар алып, бағаланып бақытты болып кетесің!
Айналаңдағы адамдарды жек көріп, одан əрі қиналып өмір кешуге немесе саналы түрде, тағдырдың маңдайға жазғанына көніп, Құдайдан тілеу тілеп, отбасы адамдарының жəне өзіңнің де өзгеруіңе ықпал жасап, болашақ ұрпағыңның мықты болуы, бақытты болуы үшін ерінбей еңбектенсең, бəрі жақсы болатынына сенемін», — деп жауап қатты белгілі блогер.