ТАБЫС ТАУЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫН АШУҒА НЕ КЕДЕРГІ?
Atr.kz/5-наурыз, 2019 жыл.
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы:
Елбасымыздың тапсырмасына орай, биылғы жоспарланған 15 мың ауыл тұрғынын оқытумен қатар, жұмыссыз жүрген 40 мың ауыл жастары «Бастау бизнес» жобасына қатысатын болады. Жалпы сұраныстың артып отырғанын ескере келе, жобаға бөлінетін қаражыны 20%-дан 30%-ға көтеруді ұсынамыз. Бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі 63 млрд. теңге болуға тиісті.
Елбасы айтқандай, көп балалы отбасыларға үйде отырып табыс табу мүмкіндіктері жасалады, қосымша гранттар мен шағын несиелер квотасы бөлінетін болады. «Атамекен» өз тарапынан көп балалы отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке оқытып, қарапайым бизнес-жоспарларды ұсынуға дайын. Үйде отырып қолөнер, кондитерлік өнімдер дайындау, киім тігу секілді кәсіпті жүргізуге мүмкіндіктер жасалады. Шығарған өнімдерін сату және тұрақты табыс жолын қалыптастыруға Өңірлік кәсіпкерлер палаталары барынша көмектеседі.
Осы жұмысты жүйелі бағытқа қою үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасында көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған, қажетті қаржы қарастырылған арнайы бөлім болуы керек.
Жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін арнайы өңірлік даму бағдарламалар қажет.
Елбасы осы мақсатта ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке, әкімдіктер мен «Атамекенге» нақты тапсырмалар берді.
Өңірлік бағдарламалар әр аймақта бизнестің жаңа әлеуетті бағыттарын анықтап, сол салада жаңа жұмыс орындарын ашуға түрткі болады.
Қажетті қаржы бөлінер болса, бұл жұмысты барлық өңірлерде осы жылдың аяғына дейін шешуге болады.
- Халықтың тұрақты табысының өсуі баға өсіміне тікелей байланысты екені белгілі. Бүгінгі күні инфляция 510 бағдар бойынша есептелуде. Дегенмен, халықтың басым бөлігі үшін ең маңыздысы –азық-түлік пен киім-кешек, аяқ-киім бағасы. Бұл қажеттіліктер орта деңгейлі отбасындағы жалпы шығын үлесінің 60 %-дан астамына тиесілі. Біз әлі де біраз тауарлар бойынша импортқа тәуелдіміз. Ал теңгенің құнсыздануы инфляцияға алып келеді. Мысалы, соңғы 5 жылда импорт көрсеткіші киім-кешекте – 85%, азық-түлікте – 36%, сусындар бойынша – 20%, жиһаз бойынша — 65% құрады.
Мемлекет басшысының импортты алмастыру және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қатысты тапсырмасы да бар.
Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» бағдарламалары арқылы тұрғын үй және жол салу құрылысында да импортты алмастыратын үлкен әлеует бар. Елбасының тапсырмасына орай тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға қосымша 40 мыңнан астам пәтер салынатын болады, сондай-ақ елді мекендердегі жол желісін кеңейту де тапсырылды.
2019 жылдың шілдесіне дейін әр мемлекеттік орган мен әкімдікке алдағы үш жылға арналған тұрғын үй және жол салу саласында жергілікті қамту үлесін арттыруға қатысты нақты индикаторлар қойылуы қажет.
Тауар бағасы-ның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюта айырбастау бағамының түсінікті болжамы қажет. Өткен жылы мұнай бағасының тұрақтылығына қарамастан теңге 20%-ға төмендеген болатын.
Осының салдарынан кәсіпкерлік секторын несиелеу қарқыны да бәсеңдеді. 2018 жылғы көрсеткіштерге сүйенсек, заңды тұлғаларға несие беру 4,6%-ға қысқарған, ал шағын бизнеске берілетін несие 15%-ға азайған. Нәтижесінде жыл басындағы несиелеу көрсеткіші ішкі жалпы өніммен салыстырғанда небәрі 22%-ды құраған, ал, 2015 жылғы несиелеу көрсеткіші ішкі жалпы өніммен салыстырғанда 30%-дан астам болған.
Ұлттық банктің жаңа басшылығы алдында экономика саласын несиелеуге қатысты күрделі мәселенің шешімін табу міндеті тұр. Мәселенің шешімін табу үшін Үкімет, Ұлттық банк және «Атамекен» өзара жұмыс бағытын анықтайтын диалог құруы тиіс. Бұл диалогты Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңесі алаңында өткізуге болады.
Банктегі жалпы несиелеудің төмендеуіне қарамастан тұтынушылық несие беру секторы артуда. 2018 жылы жеке тұлғаларды банк арқылы қаржыландыру көрсеткіші 17%-ға өскен. Сондай-ақ, нарықта жеке тұлғаларға несие беретін түрлі онлайн-компаниялар мен ломбардтар саны көбейген. Алайда, бұл сегмент микронесиелік ұйым ретінде тіркелмеген әрі шекті жылдық 56% мөлшерлемесімен шектелмеген. Мұның салдарынан тұтынушылық несие алушылар саны күрт артып, қарызға белшесінен батқандар саны көбейген.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, заңнамаға «Атамекен» несие алушылар құқығын қорғауға бағытталған ұсыныстарды әзірлемек.
Ұлттық қордан әлеуметтік бағытқа бөлінетін қаржыдан бөлек, қосымша қаржы көзі көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілетін жұмыс нәтижесінде арттырылатын болады. Айтар болсақ, көлеңкелі сектор үлесі ішкі жалпы өнімнің 26% құрауда.
- Мемлекет басшысы кедендік әкімшілік етуден түсетін қор жайлы айтқан болатын. Қытаймен екі ортадағы кедендік статистика көрсеткіштеріндегі айырмашылық 7 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Бұл дегеніміз, мемлекет бюджеті бір жылда 300 млрд. теңгеден астам кірістен құр қалуда деген сөз. Онымен қоса, жасырын импорт тұтынушыларға қажетті басты тауарлардың елімізде шығарылуына кедергі болуда, ол көлеңкелі сауданың басты салдары. Мұның шешімін кедендік барлық процедураларды цифрландыру арқылы жүргізу керек, сондай-ақ жасырын тауар тасу жолдарын жабуға қатысты қатаң шараларды қолдану арқылы биылғы жылдың өзінде оң көрсеткіштерге қол жеткізе аламыз. Басымдықты Қытайдан келетін импортқа қатысты кедендік әкімшілік қызметін жақсартуға салған жөн.
Дегенмен, бақылауды күшейткеннің жөні осы екен деп, адал кәсіппен айналысып жүрген бизнеске бақылауды тым асыра қолданудың қажеті жоқ.
«Атамекен» ҚР ҰКП қоғаммен байланыс департаменті.