Көпбалалы 19 ана алқамен марапатталды
Атырауда көпбалалы 19 ана алқамен марапатталды. Салтанатты шара отбасы күніне орай өтті, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қалалық әкімдікте қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасановтың қатысуымен көпбалалы 19 ананы алқамен марапаттау салтанаты өтті. Шара Қазақстанда 9 қыркүйек күні атап өтілген отбасы күніне орай ұйымдастырылды.
Полымбет Хасановтың айтуынша, бүгінде Атырау қаласында 5 мың көпбалалы ана бар, олардың 2940-ы 6 және одан да көп сәби сүйген батыр аналар. Қала әкімі атынан «алтын алқамен» көпбалалы 4 ана және «күміс алқамен» облыс орталығының 15 тұрғыны марапатталды.
— Мен сияқты көпбалалы ана үшін бұл марапатқа ие болу үлкен мәртебе. Мемлекетіміз батыр аналарға ерекше көңіл бөлгеніне қуаныштымын. Жұбайым екеуміз 1 жас пен 18 жас аралығындағы 7 баланы тәрбиелеп отырмыз, отбасымыз өте жақсы, керемет балаларымыз бар, — дейді алтын алқа иегері Мейрамгүл Жұбайғазиева.
Шара соңында қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов көпбалалы аналарды өткен отбасы күнімен құттықтап, зор денсаулық пен жанұя бақытын тіледі.