Жарнама
Жаңалықтар

КӨНЕ КАНАЛДАР КҮРМЕУІ НЕМЕСЕ БҰЛ ЖӨНІНДЕ МАМАНДАР НЕ АЙТАР ЕКЕН?

Осы мәселені көтеріп, редакция табалдырығын аттаған жылыойлық зейнеткер-гидротехник Мұқаш Бөлтеков – кезінде суландыру шаруасына талай тер төгіп, оған етене араласқан жан. Маманның айтуынша, Жайықтың оң жағалауында жалпы ұзындығы бір шақырым шамасында Бағырлай, Ақсай, Нарын, Сарыөзек, т.б. каналдар бар. Олар өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері өзеннен НАП-1,1 маркалы жүзбелі сорғы (насос) арқылы алынатын сумен сол маңдағы елді мекендерді қамтамасыз ету үшін пайдаланылып келеді. Осы каналдар арқылы төрт түлік те аптапта шөлін басатын.
Әйтсе де, Мұқаш Бөлтековтің айтуынша, осы каналдардың бойында тұрақты суландыру жүйесі жоқ көрінеді. Ендеше, қазір айтылып жүргеніндей, осы нысандарды тереңдетіп қазу, оларды үнемі суға толтыру қажет пе? Ол өзін ақтап отыр ма? Мәселен, әр жылы механикалық тәсілмен осы каналдарға 100 млн. текше метрден астам су жіберіледі екен. Оның 70 пайыздан көбі сүзгілеу мен булану салдарынан жойылады. Қаншама шығын десеңізші? Оның үстіне, каналдар мен жүзбелі көпірлерді пайдалану үшін жылына бір миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалады екен. Бұл да қыруар қаражат емес пе?
Енді, байырғы маман не ұсынады? Қасқалдақтың қанындай бір ұрттам суды қайткенде тиімді және аз шығынмен пайдалануға болады? Міне, Мұқаш Бөлтековтің айтуынша, Кулагино мен Аққыстаудың аралығына магистральды су құбырын тартқан жөн. Оның бойында қажетті нысандарға су тарататын тиісті тетіктер тұрғызылуы тиіс. Солар арқылы Индер, Махамбет және Исатай аудандарының елді мекендері мен шаруашылықтарын да қамтамасыз етуге болады. Осы шара жүзеге асар болса, өңірдің су шаруашылығы қайта жарақтандырылып, үлкен үнемшілдікке жол ашылар еді.
Байырғы гидротехниктің пікірінше, қажетті нысандарға тарату тетіктерімен магистральды су құбыры Жайық бойына орнатылған стационарлық сорғы стансасының күшімен секундына 500 литр немесе жылына 1,5 млн. текше метр сумен толықтырылады. Барлық көмекші құралдарымен осы нысанды тұрғызуға төрт миллиард теңге шамасында қаржы қажет. Егер, жоғарыда айтқанымыздай, қазір әлгі каналдарды тұрақты пайдалануға жылына бір миллиард теңге жұмсалып жатқандығын ескерсек, онда жаңа нысанды тұрғызу құны сол нысандарды төрт жыл қолдану қаражатына тең болар еді. Сонда, қайсысы тиімді? Жылына ескі каналдарға бір миллиард теңге бөлген бе, әлде бір шығынданып магистральды құбыр тартып алған ба?
Сайып келгенде, осы жаңа нысан арқылы аса көп қаржысыз және инвестициясыз жоғары тиімділігімен су шаруашылығын қайта құруға болар еді. Ақырында, жоғары сапалы полиэтилен тұрбалардан тұрғызылған мұндай құбырдың қызмет істеу уақыты шексіз дерлік. Яғни, әбден тұрба тозғанша пайдалануға болады.
Ал, енді осы нысан салынғанда ол өзін қашан және қалай ақтайды? Бұл монополия мекемелердің қызметін реттейтін құзырлы орынның қандай тариф тағайындауына, яғни су бағасының қаншалықты боларына байланысты. Ол, қайткенде де, арзанға түспейді. Салыстырмалы түрде алғанда, Теңіз кенішінде мұнайшылар Еділ суының әр текше метрін 1000 теңгеге сатып алып отыр.
Ал, каналдарды пайдаланбағанда бау-бақша мен көкөністі қайда өсіруге болады? Осы орайда айтылатын ащы шындық – жоғарыдағы каналдардың бойындағы суармалы жерлерде өсірілетін өнімдердің өзіндік құны тым жоғары. Өйткені, мұнда егіске пайдаланылатын су екінші мәрте көтеру жолымен келеді. Мұндай жерлерді ұдайы қайта өңдеп тұру керек, себебі екі мәрте қолданыста болған соң құнары кетеді. Соның салдарынан ұзақ мерзімге тастап кетуге де тура келеді.
Сондықтан, тұрақты суармалы жер үшін Жайыққа жақын, соның жағасындағы жерлердің таңдалғаны тиімді. Мұнда су бастапқы көтерілу тәсілімен жүзеге асырылады, демек, шығын аз кетеді. Жерасты суларын реттеуге де ыңғайлы. Демек, қайткенде де, өзен бойының орасан мүмкіндігін тиімді пайдаланған жөн. Қазір айтылып жүргеніндей, кезінде Жайыққа жақын жерлердің дені кез келгенге сатылып, ұзақ мерзім кәдеге аспай да жатқан көрінеді. Енді мемлекеттік реттеу тетіктерін барынша кеңінен қолданып, соларды тезірек қайтару қажеттігі туған.
Осы орайда байырғы маман өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған Аманкелді массивін қалпына келтіруді ұсынады. Сөйтіп, бұрынғы «Правда», «Путь Ильича», «Передовик», «1 мамыр», «Опытная станция», т.б. шаруашылықтардың жалпы көлемі бес мың гектарлық суармалы жерін қолданысқа қайта енгізуге болмас па? Сонымен қатар, көлемі 16 мың гектарлық Примор суландыру жүйесін де жаңғыртқан жөн. Қазір барлық жабдықтарымен осы жерлер текке жатыр немесе жартылай ғана пайдаланылуда. Оның да қайтарымын арттыруға болар еді.
Қазір бірқатар шаруашылық тамшылата суару тәсілін қолданып жүр және жер өңдеудің қазіргі заманғы озық әдістерін пайдалануға бетбұрыс жасады. Мұның бәрі өте құптарлық, өйткені олар суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ал, сонда байырғы каналдар қайтеді? Оларды көміп, тегістеп тастау керек пе? Әрине, жоқ. Демек, ескі нысандарды көктемде келер ағын суларды қабылдап, төмен қарай ағызуға пайдалануға болады. Сөйтіп, осы каналдар бойындағы шабындықтарды суаруға мүмкіндік тумақ.
…Міне, редакцияға арнайы келіп, қолындағы сызбасын көрсеткен байырғы гидротехник Мұқаш Бөлтеков ортаға осындай ой тастады. Көне каналдарды қолданыста ұстауға әр жылы қыруар қаражат жұмсағанша, барлық мәселені бір ғана магистральды құбырмен шешіп тастауды ұсынады. Зейнет жасындағы жан қарабастың қамын күйттеп жүрген жоқ, өңір үшін өзекті проблемалардың бірін көтеріп отыр.
Ендеше, кім не айтады? Осы орайда ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының пікірі қандай? Суландыру мәселесіне тікелей жауапты басқа құрылымдар басшылары нендей ақыл қосар екен? Ортақ мәселені оңтайлы шешуге бағытталған хаттар легін күтеміз.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button