ҚҰЛСАРЫ «ДОСТЫҚ» САЯБАҒЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Ал,  Жаңа  Қаратонда  Мұнайшылар  саябағының  негізі  қаланды
Өткен жылы Құлсары қаласындағы бірінші ықшамауданда «Достық» саябағының негізі қаланып, аудандық әкімдік, ТШО компаниясы басшылары бастап, қала тұрғындары қостап, жас көшеттер отырғызылған болатын.

Сонда сөйлеген сөзінде «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер «Мұнайлы өңірде осынау саябақтың іргетасының қалануы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асуына тамшы да болса қосылған үлес болмақ» деп, Атыраудан кейінгі екінші қаланың жасыл желекке бөлене беруіне тікелей атсалысатындарын білдірген еді. Соның жоралғысы ретінде екі мың көшетті және сыйға тартып кетті. Компания басшысы уәдесінде тұрды. Сөйтіп, саябақты көз тартатын қоғамдық орынға айналдыру, тал егіп, көгалдандыру сияқты жұмыстарына барлық шығынды серіктестік өздері көтеріп алған болатын.
Өткен кезеңде ТШО компаниясының белсенді араласуымен саябақтың ортасына су тамшылары күн нұрымен шағылысқан субұрқақтар орнатылып, жасыл желектерге жанаса ертегі кейіпкерлері және жан-жануарлар бейнесі көрініс тауып, саябақта жағалай гүлді вазалар, аспалы орындықтар жайғастырылды. Сонымен қатар, іңір қараңғылығын түретін жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Енді, міне, қаланың кіндік тұсы айрықша абаттанып, көздің жауын алар қалыпқа еніп отыр.
Осыған байланысты жұма күні Құлсары қаласында «Достық» мәдениет және демалыс саябағының ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, ол Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен тұспа-тұс келуімен, өзіндік символикалық мәнімен ерекшеленді.
Мерекелік салтанатта Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов сөз алып, Құлсары қаласы үшін маңызды жобаны жүзеге асырғаны үшін «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шынайы алғыс сезімін білдірді.
 
Аталған жоба өзінің тиімділігін көрсеткендіктен, Жаңа Қаратон кентінде де Жылыой ауданы мен Жаңа Қаратон әкімияттарының, сондай-ақ ТШО басшыларының қатысуымен келешек Мұнайшылар аллеясының іргесін қалау рәсімі өтіп, онда сөйлеген аудан басшысы М.Ізбасов Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің қолдауымен ТШО-ның мердігер ұйымдары жүзеге асырғалы отырған бұл саябақтың жеті мыңға жуық халқы бар жаңақаратондықтар үшін тосын сый болатынын және игілікті істің бастауына құтты болсын айтты.
Компания басшысы Тим Миллердің айтуынша, 1993 жылдан бері ТШО Атырау облысының тұрғындары және қызметкерлері үшін әртүрлі әлеуметтік жобаларға 875 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Сондай-ақ, компания 2014 жылы да Атырау облысының денсаулық сақтау, білім беру және қоршаған ортаны қорғау салаларына қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлді.
Бүкіл өмірлерін жерасты байлығын игеруге арнаған ардагерлер өз сөздерінде жас ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан осы бір жасыл белдеулі шаруаны жағымды жаңалық, тағылымды іс деп бағалап, алғыс айтты.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз