Көкөністі арзан бағамен алыңыз!
Биыл Атырау облысының тұрақтандыру қорына 1,5 мың тоннадан астам көкөніс және халыққа аса қажетті деген азық-түлік тауарлары жиналды. Бүгіннен бастап коммуналдық сауда орталықтары мен дүкен сөрелеріне шығарылған бұл өнімдер өңірдегі баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа жыл қарсаңында тұрақтандыру қорындағы аталған тауарлар азық-түлік бағасының шамадан тыс қымбаттап кетпеуіне септігін тигізбекші. «Сарайшық» коммуналдық базарында картоп, қырыққабат және сәбіз бен қызылша, пияз 80 теңгеден сатылуда. Алма мен қызанақтың әр келісі 240-250 теңге. Негізінен жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге басымдық берілетіндіктен, бұл сауда орталығында баға осындай тұрақты. Содан да шығар, қазір қаланың түкпір-түкпірінен келіп жатқан тұтынушылар қарасы да аз емес.
Жергілікті тауар өндірушілерге орын тегін берілетіндіктен бағасы көпшілікке қолжетімді. «Сарайшық» базарына 25 жергілікті шаруа қожалығы өз өнімдерін шығарып, халыққа ұсынады. Көкөніс түрлерінен өзге бірінші кезекте тұтынылатын ұн, қант, өсімдік майы секілді 19 түрлі азық-түліктің қоры қоймада сақталған.Сонымен қатар, облыс орталығындағы өзге базарлардағы баға саясаты да атқаруші биліктің жіті назарында.
– Тұрақтандыру қорының қоймасында қазір 1207 тонна картоп, 115 тонна пияз, 100 тонна сәбіз және 111 тонна қырыққабат сақталған. Осы әлеуметтік маңыздағы тауарлар аймақ бойынша белгіленген бағамен сауда-саттық орындарында 10-20 пайызға төмен сатыла бастады, — дейді «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының департамент басшысы Дмитрий Дю.
Бақытжан ЖҰМАТ