Жарнама
ЖаңалықтарЭкология

Көгалдандыру – жалпыға ортақ міндет

Қазыналы аймақтың қоршаған ортасы қалай қорғалуда? Бұл сауалға өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ БИСЕМБИЕВ жауап берді.

— Облыс орталығы мен Индер, Құрманғазы аудандарында 52 446 гектар орман қорының үштен бірін 110 адамдық күзет қорғайды. Бұл үшін осыған дейін қазынадан 447 млн. теңге бөлініп келді. Мәселен, 171 млн. теңгеге арнайы техникалық құралдар алынған. Сонымен қатар, 85 шақырым жерге минералдандырылған жолақтар салынса, 65 га аумаққа ағаш отырғызылып, 150 га орман алқабы өсірілді. Жыртқыштар санын шектеуге 39 млн. теңге қаржы қаралып, нәтижесінде соңғы бес жылда 2161 қасқыр, бөлтірік және шибөрі атылды, — деді ол.

Енді, қоршаған орта қалай қорғалуда? Соңғы мәліметтер бойынша ауаға 142 мың тонна зиянды қалдық  шығарылған. Ал, ол 2010 жылы  94 мың тонна болған еді. Өндіріс орындары өздерінің айналасын көгалдандыруға міндетті. Осы орайда «Болашақ» зауыты мен «Самал» вахталық поселкесінің арасындағы 14 га аумаққа тал егіле бастады. Соңғы жылдары 452 млн.теңге бөлініп, Исатай ауданындағы Зинеден мен Исатай, сондай-ақ, Жылыой ауданының Майкөмген селоларында құм көшкіні тоқтатылды. Бұл жұмыстар Қызылқоға ауданының Миялы мен Жасқайрат селосында да жалғасады. Азғыр полигонының жекелеген учаскелері қоршалады. Қала аумағында ауа, су, топырақ сапасына сараптама жасалады.

Елді мекендерде жерасты суларын іздестіру мақсатында республика есебінен соңғы екі жылға 171 млн. теңге қаралып отыр. Бүгінде Құрманғазы, Индер, Исатай, Махамбет аудандарының тоғыз елді мекенінде су қоры анықталды. Биыл Жылыой, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының Бәли, Тайсойған, Кереген-Сағыз және Қоянды кен орындарының су қорлары қайта есептеледі. Сондай-ақ, биыл пайдалы қазбаларды барлау-өндіру мен жер қойнауын пайдалану құқығына он келісім-шарт жасақталмақ.

Әйтсе де, күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Айталық, 1977 жылы салынған, қаланың 35 га аумағын алып жатқан қоқыс полигоны толып тұр. Оның мәселесі қалай шешілмек? Осыған орай кореялық тәжірибе негізінде 2018 жылға қарай Атырауда қатты қалдықтар полигонын салу көзделіп отыр. Оған дейін жобаны қаржыландыратын халықаралық қайта құру және даму банкі сметалық-жобалау құжаттарын жасақтауы қажет.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button