«JAS OTAN»-НЫҢ V СЪЕЗІНЕ ЕЛУГЕ ТАРТА АТЫРАУЛЫҚ ЖАС ОНЛАЙН ТҮРДЕ ҚАТЫСТЫ
Астанада «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының кезекті V Съезі өтті. Елордада өткен маңызды шараға биыл әр өңірдің жастары онлайн түрде қатысып, тамашалады. Атырау облысынан съезге елуге тарта белсенді жас бейне байланыс арқылы көріп отырды.
Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиынға арнайы қатысып, «Nur Otan» партиясы жастар қанатының мүшелерін «Jas Otan»-ның 20 жылдық мерейтойымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталып, осы жолда үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.
– Мен бүгінгі таңда күллі қазақстандықтар мақтан тұтатын табыстарымызға жету қаншалықты қиын болғанын жақсы білемін. Өскелең ұрпақ қолда барды қадірлеуге, Отанымыздың әрі қарай өркендеуін ойластыруға, өз елін мақтаныш етуге тиіс. Жастар мүддесі әрдайым менің басты назарымда, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті егемендік жылдары елімізде нақты әрі тиімді әлеуметтік лифттер құрылғанын айтты. – Менің бастамаммен ел үшін ең күрделі кезеңде іске қосылған «Болашақ» бағдарламасымен 15 мыңға жуық жас қазақстандық білім алды. Бес жыл бұрын Назарбаев Университеті студенттерінің алғашқы легі түлеп ұшты. Осы жылдардың ішінде оқу орнында бес мыңға жуық маман даярланды. Мемлекет іске қосқан әлеуметтік лифттердің арқасында мыңдаған жас қазақстандық табысқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Nur Otan» партиясының Төрағасы жастар қанатының мүшелеріне пандемия кезіндегі қайырымдылық шараларына және волонтерлік қызметке белсене атсалысқаны үшін зор ризашылығын білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті жастар белсенділігі әрдайым саяси прогрестің қозғаушы күштерінің бірі болғанына назар аударды.
– Қазіргі кезде жігерлі әрі бастамашыл болудың маңызы ерекше. Өйткені біз тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп отырмыз. Көпшілікке таныс өмір салты артта қалғаны сөзсіз. Технологиялар мүмкіндіктеріміздің әлеуетін айтарлықтай арттыруда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы елді дамыту және Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту ісіне жастардың белсене атсалысуының маңызын атап өтті. – Ел ертеңі мен ұлт тағдыры жастарға тікелей байланысты. Қазіргі ұрпақ заман талабына сай дамып отыруы керек. Бүгін айтылғандардың бәрін менің өсиетім деп түсініңдер, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жастарға ақылын айтты.
ЖҮРЕГІ ЕЛІМ ДЕП СОҚҚАН ЖАСТАР ПІКІРІ
Бұл жолғы съезде – «Jas Otan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Jastar – Otanǵa!» бағдарламасының жобасы негізіндегі мәселелер кеңінен айтылды. Жобаның негізгі мақсаты — жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, сонымен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және біріктіруге күш салу.
Съезде өз салалары бойынша үздік атанған жастар сөз сөйледі.
«Jas Otan» ЖҚ төрағасы Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ:
«Jastar – Otanǵa!» жобасы аясында 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасының жобасы әзірленді. Шілде айында жарияланған жоба 5 ай бойы жастар арасында қызу қоғамдық талқыға түсті. Көптеген бағдарламалар қабылданды. Соның ішінде биыл студенттердің жатақханалардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына жүйелі мониторинг жасалып, нәтижесінде 11 мың білім алушы орналасқан 30-дан астам жатақханада қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Пандемия салдарынан орын алған күрделі кезеңде жасотандық белсенділер де ортақ істен сырт қалмады. Елбасының бастамаымен жүзеге асқан «Біз Біргеміз!» акциясына 5 мыңнан астам жасотандық волонтер жұмылып, 320 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін, 100 мың отбасыға 5 миллион медициналық масканы тегін таратты. Мақтааралда орын алған төтенше жағдайда белсенді волонтерлар 30 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіп, мың тоннадан астам гуманитарлық көмекті үйлестіруге қатысты.
Бұл пандемия уақыты жастар үшін үлкен саяси мектеп болды. Халықтың мұң-мұқтажын өз көзімізбен көріп, олардың шынайы тұрмыс-тіршілігімен таныстық. Осы кезеңде атсалысқан әрбір жас волонтер өмірлік тәжірибе алып, халықпен бірге болудың, бір-бірімізге деген шынайы жанашырлықтың не екенін түсінді».
Біз өз кезегімізде атыраулық жасотандықтардың да съезд соңында пікірлерін білген едік.
Алтынгүл Есенаманова,«Jas Otan» жастар қанаты Мақат аудандық филиалының төрайымы:
«Жасым 23-те. Жасотанлықтармен бірге ұш жылдан бері қызмет етіп келемін. Биылдан бастап аудандық филиалының басшылығына тағайындалдым. Қазір ауданда екі кент, бір округте 7328 жас бар. Олар барлық салада табысты еңбек етуде. Алға қойған өзіндік ойлары, пікірлері бар. Бұл съезд біздің жастарымызға рух берді. Сенімділік берді».