Жаңа әліпби – ЖАҺАНҒА АШЫЛҒАН ЖОЛ
Atr.kz/19 наурыз, 2019 жыл. Латын әліпбиіне көшу кезек күттірмейтін мәселе екенін тіл жанашырлары мен мүйізі қарағайдай ғалымдар айтудан кенде емес. Бірақ, қоғам санасында серпіліс туғызатын мұндай жаңашылдыққа қаншалықты дайынбыз? Бұл жөнінде кімнің не ойлағаны бар екен?..
Латынға көшу бізге не береді?
«2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты».
(Елбасының «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» бағдарламасынан)
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әліпбиді үйрететін мамандар мен орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісе беру қажеттігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ол жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақытқа кириллица алфавиті де қолданыла тұратынын атап өткен еді. Осы орайда, Мақат ауданы, Доссор кентіндегі Бержан Қанатбаев атындағы орта мектеп директорының орынбасары Азамат Дәулетқалиев жаңа реформадан жасқанбауға шақырады.
– Тарихтан белгілі, 1929 жылға дейін қазақтар араб графикасын қолданды. Кейін біртіндеп латынға көшкенін қазіргі «Атырау», бұрынғы «Социалистік құрылыс» газетінің 1937 жылы шыққан санынан анық көруге болады. Бұл сол кезде барша қазақ оқырманының сүйіп оқитын басылымы еді. Демек, латын қарпінен ешкімге ешқандай зиян келген жоқ. Ол газеттің шығуына да аса зор қиындықтар туғызбады. Содан 1940 жылы кириллица келгенде де жағдай өзгермеді. Мәселе қай әліпбиді қалай қолдануда емес, қай тілде ойлауда болып тұр. Қазіргі жастар ақпаратты тез қабылдайды, олардың латын тілін де оп-оңай меңгеріп кететініне еш шүбә келтірмеймін, – дейді ол.
Бұл бағытта, филисофия ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының да өз пікірі бар.
– Соңғы жүз жылда мемлекеттік тіл саясаты небір құбылыстарды өткерді. ХХ ғасырдың басында «орыс емес халықтар бір тілде сөйлеп-жазуы керек» деген түсінікпен халықтар жаппай кириллицаға көшірілген еді. Кейін, 1928 жылы түрік, малай тілі мен латын әліпбиіне көшу үрдісі басталып, ортаға «латын – жеңімпаз пролетариат алфавиті» деген ұран тасталды. Ал, отызыншы жылдардың соңында Кеңестер Одағында орыстандыру саясаты белең алды. Сөйтіп, «Ұлттық республикалар мен облыстарда орыс тілін міндетті түрде оқыту» қаулысы қабылданып, латын графикасы қалып қойды. Бірақ, орыс тілі ұлттық фонетикалық ерекшеліктерді бұрмаландырып жіберді. Міне, сол мәжбүрлі түрде енгізілген кириллицадан арылудың бүгінде бір жолы – латынға қайта оралу. Осылайша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырту қажет. Қалай болғанда да, Ресейдегі кей саяси топтардың «қазақстандықтар орыс мәдени кеңістігінен алыстайды» деп қынжылыс білдіруі де тегін емес, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, біріншіден, жаңа әліпбиге әбден сіңісіп кету үшін уақыт керек. Кириллицамен жазылып келген мұраны латынға әп-сәтте көшіре салу оңай іс емес. Екіншіден, балабақшадан бастап, жоғары оқу орындары үшін оқулықтар, техникалық, жаратылыстану бағытындағы ғылыми әдебиеттерді қайта басып шығаруға көп қаржы қажет. Осы орайда, мемлекеттік тілдегі баспа өнімдеріне сұраныс азайып, орыс тілді құралдарға бет бұрылуы да мүмкін. Әйтсе де, ғылыми технология мен қаржылай қолдау табылса, бұл мәселені де шешуге болар.
– 2009 жылы өткізілген халық санағына сүйенсек, қазақтардың 98,3 пайызы ауызекі сөзді түсінеді, 95 пайызы қазақ тілінде оқиды, 63,2 пайызы еркін жазады. Бірақ, көпшілігі орыс сөздерін қосып, шұбалаңқы сөйлейді. Қазақ телевизиясының көрермендері көп те, газет оқырмандары мен сауатты жаза алатындар аз. Өкініштісі, бұқаралық ақпарат құралдарында, іс қағаздарын жүргізуде, сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында, басқа да салаларда орыс тілі басымдау. Бүгінде орыс мектептерінде 700 мыңдай оқушы білім алады. Себебі, ондағы оқулықтар әлдеқашан сан сынақтан өткен. Осылай, «қазақ тілінің мәртебесі төмен елде латын әліпбиіне қалай сұраныс тудырамыз?» деген мәселе туындайды.
Әңгіме орыс тілінің мәртебесін әдейі төмендетуде емес, оған деген қоғам сұранысын талдап-саралау керек. Сонымен бірге, демографиялық жағдайды да ескерген жөн. Елімізде қазақтар мен түрік текті халықтардың саны өсіп, орыс, славян тектілер азаюда. Демек, тіларалық қатынастар да өзгеріп жатыр деген сөз. Сондай-ақ, «тіліміздің біртұтастығына залал келмей ме?», «ел-жұрт екіге бөлінбей ме?» деген қауіп те жоқ емес. Алайда, бәрі уақыттың еншісінде. Әліпби ауыстырудың терең экономикалық, мәдени, этникалық сипаты бар. Сондықтан, қандай жағдайға да дайын болуымыз қажет. Ол үшін балалар әдебиетін, қазақ әдебиетін, театрын, киносын, өнерін, музыкасын, мектебін, мәдениет қайраткерлерін қаржылай қолдап, қазақ кітаптарына, баспасөзіне, ана тілімізге жанашырлық таныту керек, – дейді Амангелді Әбдірахманұлы.
Ұлттық тіліміз – ұлттық кодымыз
«Латын әліпбиі» дегенді біреулер «латын тілі» деп қате түсініп жүр. Әліпби ауысқанымен, одан қазақ тілі өзгермейді. Махамбет ауданы Бейбарыс селосындағы Чкалов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлфара Бисенованың пікірінше, латын таңбаларын жазу ережелерін қазірден енгізе беру керек. Яғни, неғұрлым тез кіріссек, соғұрлым өзімізге жеңіл болады.
– Қай қаріпті алып қарасақ та, емле ережесінде ұқсастықтар болады. Мәселен, «а» әрпі барлық буында жазылса, «о», «ө», «ұ», «ү» әріптері үш буынды сөздердің соңында жазылмайды. Ал, халықаралық терминдер мен орыс сөздерінің орфографиясына келер болсақ, екіұдай пікір бар. Айталық, «директор» сөзін «директр» дейміз бе, әлде «директыр» деп жазамыз ба? Осындай кішігірім мәселелерді бір жүйеге келтіру қажет. Сол сияқты, «ч» әрпін қолданбайтын болсақ, «чемпион» секілді сөздерді қалай таңбалаймыз?
Бәлкім, балабақшада, бастауыш мектепте ағылшын тілін оқытуды қоя тұрған дұрыс болар? Себебі, латын әліпбиіндегі қазақ сөздерін сауатты жаза білмейтін баланың басы қатып кетуі мүмкін ғой! Оның үстіне, ағылшын мен латын әріптерін шатастырып, әбден мезі болады. Меніңше, бастауыш сыныпта бала ана тілінен басқасына алаңдамауы керек. Ол алдымен ана тілін толық меңгеріп алмайынша, ештеңе де шықпайды. Әйтпесе, «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетедінің» кебін киеді. Одан ертең еліне жаны ашып, қазақша ой түйетін азамат шығуы екіталай, – дейді ол.
Осы орайда, филология ғылымдарының докторы, академик Рәбиға Сыздықованың: «Қазақ мектептерін көбейту керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Жаһандану заманында ана тіліміздің болашағына, тазалығына ерекше мән беруіміз қажет» деген сөзінің де жаны бар.
«Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деген-ді Елбасы өз мақаласында.
Жалпы, соңғы кезде, әлем бойынша әліпби ауыстыру науқаны бәсекеге айналып кетті ме, қалай? Техникалық мамандар компьютер түйметақтасындағы 26 таңбадан тайқып кетпей, қазақ дыбыстарын әртүрлі амалмен белгілеп шығу керектігін айтады. Яғни, тілімізді компьютерге икемдесе, қаражат шығынын едәуір азайтуға болады. Қалай десек те, бір ғасыр бойы қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып, одан өз әліпбиімізді жасау – қиынның қиыны.
Р.S.:
Жасыратын несі бар, бүгінде сөздің этимологиясына, яғни, қарапайым шығу тарихына, қайдан бастау алып, қалай пайда болғанына жіті мән берілмейді. Түбірі бір болғанымен, түрліше мағына беретін жаңа сөздер қаптап кетті. Ал, санаға сіңіп кеткен кірме сөздерді, соның ішінде, орыс тілінің терминдерін қазақша нұсқамен емес, кәдімгі қазақ сөздерімен ауыстыратын мезгіл жетті. Ендеше, латын әліпбиінің де берері мол екенін ескерейік.
Амандық АБДОЛ