ІЗГІЛІКПЕН ҮНДЕСКЕН КЕЗДЕСУ
Аталған шараға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Абай Тасболатов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов және Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Жұматай Әлиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, оған Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаттары, ҚХА мүшелері, қайырымдылық қорларының жетекшілері, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Тұңғыш Президент қорының, бизнес құрылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиналған қауым алдында алдымен сөз алған Мәжіліс Төрағасының орынбасары соңғы жылдары елімізде қайырымдылықпен айналысып келе жатқан қазақстандықтар қатары артуда екендігін ерекше атады. «Әсіресе, бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрекет ету үстінде. «Қайырымдылық керуені» шарасы аясындағы кездесу нағыз патриоттардың жүздесуі болып отыр. Бұл шынымен де солай. Ашық азаматтық ұстанымы бар, бейбітшілік пен келісімге үлес қосуда, сондай-ақ, қолдауға ие жандарға қолұшын беріп келе жатқандар жетерлік. Кейбір депутаттар да қайырымдылық акцияларымен айналысып, көптеген шараларға демеуші болып келеді», — деді Абай Бөлекбайұлы. Төрағаның орынбасары бұл орайда бір кездері өзі Алматыдағы Әскери академияның басшысы болған кезде және Республикалық гвардияны басқарып жүргенде де балалар үйіне қолдау көрсеткендігін еске ала кетті.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов Елбасы тапсырмасымен «Қазақстан Республикасындағы қайырымдылық туралы» Заң әзірленіп, қабылданғанын тілге тиек ете кетті. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясына еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға қатысты жүктелетін міндет те салмақты екендігі тұрғысынан ойын өрбітті. Жалпы, кездесу барысында көптеген депутаттар әртүрлі қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, тіпті, ірі іс-шараларға да демеушілік көрсетіп келе жатқандығы атап айтылды.
Мәселен, он жылдан бері SOS балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ҚХА депутаттық тобының мүшесі Юрий Тимощенко зайыбы Тамарамен бірге қарасып келсе, оның әріптесі Егор Каппель Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің пәтерлерін жөндеуден өткізіп бергені мәлім болды. Сол сияқты Мәжіліс депутаты Глеб Щегельский бес қайырымдылық қорына қаржы аударғаны да ерекше аталды. Оның әріптесі депутат Николай Кузьмин Парламент бастамашылығымен қабылданған «Қайырымдылық туралы» Заңға жақында Президенттің қол қойғанын мақтанышпен жеткізді. Ал, депутат Ольга Киколенко болса, «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасының жұмысқа алынғанымен бөлісті.
Бірқатар пікір алмасулардан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат Зухра Саяпованың жетекшілігімен республикалық «Жаңа ойлар табысқа жетелейді» және «Армандаған мамандық» байқауының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті.
«Егемен Қазақстан»,
27 қараша, 2015 жыл.