Іздеусіз қалған тағдыр
Тарихқа жүгінсек, Исатай батыр бастаған топ 1837 жылы 13 желтоқсанға қараған түнде Жайық өзенінің шығыс бетіне Кіші жүзге өткеннен кейін қолға түспеу үшін үш топқа бөлінеді.
Исатай бір топ серігімен бірге қуғыншылардан аман құтылғанымен, оның әйелі Несібелі мен балалары Жақия мен Дінбаян (Дүмбиян) көп кешікпей қолға түседі. Кейін көтеріліске қатысушыларды жазалау жүрген кезде көтерілістің барысында әкесінің жанында болып, қолына қару алып, жау әскерімен де соғысқан, Тастөбе шайқасының бел ортасында болған 27 жастағы Жақияны әскери сотпен қара жұмысқа жіберу, одан әрі мәңгі жер аударуға жаза белгіленеді. Сол кездегі заңдылық бойынша 12-ге толмағандар ешқандай жазалауға жатпайтындықтан Дінбаян жазалауға ілікпейді.
Дінбаяннан Өтепқали, Түсіпәлі, Сыралы, Қарес, Қарелі деген ұл балалар және Нәшін атты қыз тарайды. 1846 жылы дүниеге келген Өтепқали Бөкей ордасының І Теңіз жағалауы округі аумағында болыстық старшыны қызметін атқарған, ел арасында беделді адам болған.
Өтепқали Дінбаянұлы кім?
Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусымдағы орыс емес, бұратана халықтардың 19 бен 31 жас аралығындағы ер азаматтарын орыс-герман майданына қорғаныс құрылыстарын салу және тыл жұмыстарына жұмылдыру жөніндегі жарлығына қарсылықтан туған ұлт-азаттық қозғалыс Батыс Қазақстанды да, оның ішінде Бөкей ордасын да қамтыды. Халық наразылығының екпін алған жері І Теңіз жағалауы округі болды.
Осы кезде Едіге Нарынбаев бастаған теңіз жағалауы ауылдарының екі-үш беделді жігіттері халық батыры Исатай Тайманұлының немересі, Мыңтөбе жақта тұратын Өтепқали Дінбаянұлын іздеп барады. Ол туралы академик Қажым Жұмалиевтың «Жайсаң жандар» атты естеліктер жинағында (Алматы, 1969 ж.) Өтепқалидың Жаңақалаға барып, Сейтқали Меңдешевпен кездесіп, осы жарлықты орындау не орындамау туралы пікірлескені айтылады. Ал, қаламгер Хайдар Ермұратовтың 1972 жылы жарық көрген «Октябрь нұрландырған өңір» атты еңбегінде Бөкей даласындағы 1916 жылғы патша жарлығына байланысты жағдай баяндалып, Мыңтөбе ауылындағы Өтепқали Исатаев халықтың қиналғанын естіп, қайғырып отырғанда оның үйіне екі-үш кісі келіп, сәлем бергенін, «Қара сиыр» ауылының қадірлі азаматы Едігенің сөз бастап, ауыл жігіттерінің жиналып, «Патша жарлығына көнбейік, қара жұмысқа барудан бас тартайық. Соғыс майданына барып өлгенше, өзіміздің туған жерімізде өлгеніміз артық» деп бекініп отырғанын айтып, Өтепқалиды осы қозғалысқа басшы болуға қалайтын көпшіліктің сәлем-тілегін жеткізеді. Халық қамы үшін күрескен атасы Исатайды есіне алған Өтепқали сәл ойланып, келісімін береді. «Өтепқали бастап, патша жарлығына қарсы тұратын болыпты» деген хабар ауылдардың бәріне тарайды.
Сөйтіп, Өтепқали мен Едіге ел ішінде түсінік жұмыстарын жүргізіп, жиын орталығы болған Ақай мен Саға мекеніне теңіз жағалауындағы және құм өңіріндегі ауылдардан мыңға тарта адам жиналады. Қара мылтықпен, найзамен, шоқпармен қарулана бастайды. Олар тыл жұмысына алынатындардың тізімін тартып алып, өртеп жібереді, тізімдеуде әділетсіздік жасаған болыс өкілдеріне қысымшылық көрсетеді. Каспий теңізі арқылы Ақай батағасына келген пароход бірнеше күн күтіп, бос қайтады.
Бұл хабарды алысымен Астрахан губернаторы шұғыл казактардың қарулы отрядын жібереді. Өтепқали мен Едіге, оның бір топ серігі тұтқындалады. Әкім-қаралардың «қазақтарды майданға алмайтын болды» деген алдауымен наразылыққа қатысушылар үйді-үйлеріне тарайды. Осы сәтті пайдаланып, қайта келген кемеге І Теңіз жағалауы округінен үш жүз жігітті тиеп, майданға қара жұмысқа әкетеді. Олардың ішінде мыңтөбелік жыр дүлдүлі Насихат Сүгірұлы да бар еді. Ол Австрия, Румыния елдеріне барып, бастан кешкен азаптары мен қиындықтары жөнінде «Айдады патша жыраққа» толғауын жазды. Өтепқалидың ұлы Құбайдолла да тыл жұмысына алынған.
Газетке жазылған мақала
Жаңақала жақтағы қозғалысты ұйымдастырушы, кейін Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің төрағасы болған С.Меңдешов Орал қаласында шығатын «Екпінді құрылыс» газетінің 1936 жылғы 18 маусымдағы санында жариялаған мақаласында былай деп жазды:
«Ресей патшасы ІІ Николайдың 1916 жылғы орыс-герман майданына қара жұмысқа алу туралы жарлығына Астрахан губерниясына қарасты Бөкей ордасының тұрғындары қарсы шықты. Көтерілістің екі орталығы болды, біріншісі – Новая Казанка, екінші орталығы – Теңіз округі. Оны Исатай батырдың немересі Өтепқали Дінбаянұлы басқарды. Халық арасында беделді, старшын болған Өтепқали жақын ағайыны Едіге Нарынбаевпен бірге патша жарлығына наразылар тобын құрды. Екі мыңдай сарбазбен Саға мекенінде ту көтеріп, ондаған киіз үй тігіп, соғысқа әзірлене бастады».
Насихат ақын «Еділ – Жайық – екі су» атты толғауында:
…Аз ғана бәйіт шығардым
Көкіректегі шер үшін.
Жалы биік жақсылар –
Өтекем мен Едекем
Ел ішінде аға екен,
Желге ұстаған пана екен.
Өшіккен жерге көлбеген
Қайыспас қара нар екен.
Қорған болар еліне
Қылыштың болат қабы екен.
Қараңғыда шам болған
Жарқырап тұрған ай екен.
Қиқу шықса алыстан
Шақыратын намысқа
Елдің соққан қамы екен, — деп Өтепқалиды мақтаныш етеді.
Өтепқали мен оның серіктері 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін түрмеден босатылып, туған ауылы Мыңтөбеге оралып, өмір көшінде кеңес өкіметінің орнауы, ұжымдастыру, орта және бай-кулақтарды кәмпескелеу мен қуғындау кезеңдерінің куәсі болып, 1928 жылы 82 жасында қайтыс болады. Мыңтөбе тауының бір биік төбесіне жерленген.
Ел-жұрты үшін етігімен су кешкен ерлерді ұмытпау, рухын қастерлеу – басты парызымыз. Осы тұрғыда «Өтепқали Дінбаянұлының мәңгілік тыным тапқан жерінде жоқтаусыз қалуы қалай?» деген сұрақ туады.
Олай дейтініміз, жақында бір топ жергілікті өлкетанушы Мыңтөбеге сапарымыз кезінде таудың оңтүстік жағындағы бейітіне барып, дұға бағыштадық. Кезінде ағаш тақтайдан тұрғызылған бейітінің орны ғана қалған, ағаштары жерде шашылып жатыр, құлпытасы да көрінбейді. Әйтеуір, «Сазанқұрақ» мұнай компаниясының 2006 жылы бейіт басына қара граниттен белгі қойғаны мұнша жақсы болар ма? Атамыздың бейітін айғақтап сол белгі ғана тұр.
Қазақ жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің бір бөлшегі болып саналатын Каспий теңізі жағалауындағы наразылық қазақтардың отарлық саясатқа қарсылығымен бірге сана-сезімінің өскендігін байқатты. Ендеше, Исатай Тайманұлының немересі – тар заманда, зар заманда ел қамы үшін ермінез көрсеткен тарихи тұлға Ө.Дінбаянұлының рухын ризалап, басын қарайтар уақыт келді.
Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі