ІТ маманы: Ізденбеген  көштен қалады

aiti Жаңалықтар

Атыраулық болашақ «айтишниктер» енді «алып үштікке» кіретін бірлескен кәсіпорынның ІТ-мамандарынан дәріс алады. Жуырда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде әдеттегі сабақтардан өзгешелеу лекцияға қатысудың сәті түсті. Себебі, оны бұл жолы университет оқытушысы емес, өндірістің қайнаған қазанында еңбек етіп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС деректер және талдау жетекші инженері Жандос Өміралин өткізген еді. Бәрінен бұрын компания мамандары мұндай қосымша сабақтарға жыл сайын ерікті түрде ақысыз негізде қатысып келеді екен. Яғни, кәсіпорыннан да, университеттен де жалақы алмайды. «Бұл компанияда еңбек еткен 12 жыл ішінде біраз тәжірибе жинақтадым. Осы жерді мекен еткендіктен, Атыраудың жастарына көмектесіп, білгеніммен бөліскім келді» дейді бізбен әңгімесінде Жандос.

Тәжірибелі тәлімгердің дәрежесі

Иә, соңғы жылдары елімізде ІТ-мамандарына сұраныс артып келеді. Өйткені, цифрлық жүйе қоғамға дендеп енгендіктен, бұл саланың кадрларына қашан да қажеттілік жоғары. Соның бір көрінісіндей, көпшілік түсіне қоймайтын, біле бермейтін оқиғалар мен болжамдарды «айтишниктер» деректер арқылы анықтап, кейбір оқыс жағдайлардың алдын алатын көрінеді. Ол үшін ІТ-мамандар үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы тиіс.

– ІТ мамандары заманауи трендтерден қалмай, ұдайы білім алып отыруы қажет. Айталық, қазір үйреніп, жұмыс істеген бағдарламалар мен қосымшалар бес жылдан кейін мүлдем жарамсыз болып қалуы мүмкін. Өзімнің осыдан он жыл бұрын оқығаным қазір қажетке жарамайды. Демек, әлемдік трендтерден қалмау, бәсекеге сай болу маңызды, – дейді Жандос Өмірәлин.

Барлық ілімнің бастауы – математика

Рас, қазір көп нәрсеге көзқарас пен талап өзгерді. Егер бұрын бір тақырыпқа қатысты мәлімет жинақтап, зерттеу үшін бірнеше күндеп кітапханада отыру қажет болса, бүгінде барлығы ғаламтор бетінде тұр. Пернетақтаның батырмаларын бассаңыз болғаны «Гугл-көмекші» бәрін екі-ақ секундта алдыңызға шығарып береді.

Десек те, мұның барлығы сауатты әрі білікті бағдарламашылардың, яғни, «айтишниктердің» еселі еңбегі екенін ұмытпауымыз шарт. Ал, бірінен-бірі асып түсетін бағдарламаларды ойлап табу үшін күн сайын сан алуан жаңа платформалар шығарылғанымен, барлық ілімнің негізгі бастауы – математика екен. Сондықтан, сағат сайын өзгеріп жатқан заманауи технологияны меңгеру үшін математиканы жақсы білу керек. Кейіпкеріміз Жандос Өміралин бәсекеге қабілетті болу үшін ең алдымен осы пәнді жетік меңгеру қажет деп есептейді.

ajtiii

Бұл жолы Жандос Өміралин «мұнай-газ саласындағы ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқып жатқан 2-курс студенттеріне «Инновациялық шешімдер кезінде «үлкен деректерді» қалай қолдануға болады?» тақырыбында дәріс оқыды. Бір ерекшелігі, кейіпкеріміз сабақты ұзын-сонар лекция түрінде емес, тәжірибе негізінде жасалған қысқаша таныстырылым мен қызықты сұрақ-жауап форматында өткізді. «Үлкен деректер» арқылы көптеген нәрсені анықтауға болады. «Мысалы, бір ұңғыма, кен орнынан алынатын мұнай көлемі қандай? Оны қандай тереңдікке дейін қазуға болады? Қанша көлемде мұнай өндіре аламыз? Геологиялық барлау жұмыстарын оптимизациялау, өндірістік тәуекелдерді бағалау, бұрғылау процесі «деректер қорымен» тығыз байланыста», – дейді кейіпкеріміз.

Шектеу де, шекара да жоқ

Кейіпкеріміздің айтуынша, ІТ салада әр елдің өзіне ғана сәйкес келетін нақты бір алгоритмі жоқ. Мәселен, қазақстандық дәрігерлер Америкада немесе Өзбекстанда бірден жұмыс істей алмайды. Олар алдымен білімін жетілдіріп, сол елдің емдеу әдіс-тәсілдерін меңгеруі тиіс. Содан кейін ғана қызметін жалғастыра береді. Ал, «айтишниктер» Атырауда отырып-ақ шетелдің әйгілі «Амазон», «Гугл» сияқты платформаларында еңбек ете алады. Жандостың бірнеше досы осындай компанияларда тәп-тәуір қызметте көрінеді. Сол себепті, бұл салада шектеу де, шекара да жоқ. Ең бастысы, ағылшын тілін білуі шарт. Өйткені, бүгінде осы саладағы прогрессивті қадамдар Америкада жасалғандықтан, ақпарат пен жаңашыл деректерді алғаш болып алу үшін ағылшын тілін білудің маңызы зор.

 – Өзім қарапайым отбасынан шыққанмын. Қазақстанның әр түкпірінде еңбек еттім. Бес жыл Малайзия елінде жоғары білім алдым. Содан кейін осы Атырауға келіп, 12 жыл бойы «Теңізшевройл» компаниясында табысты жұмыс істеудемін. Өзімді атыраулықпын деп айта аламын. Өйткені, өмірімнің ең жарқын кезеңдерін осы қаламен байланыстырамын. Бір жағынан, мен студенттерге үлкен компанияда жұмыс істеу үшін бай-бағланның баласы болу шарт емес екенін түсіндіргім келді. Қарапайым отбасынан шықсақ та, алып кәсіпорында еңбек етуге мүмкіндік көп. Тағы да қайталап айтамын, ол үшін үнемі оқып, білімді жетілдіріп отыру керек. Мен өзім әлі оқып, үйреніп келемін,-дейді бізбен әңгімесінде Жандос.

«Мен жастарға сенемін!»

Мұндай терең мағыналы дәрістерді «Теңізшевройл» қызметкерлері ерікті түрде ақысыз негізде өткізеді екен. Бұл бір жағынан осы жерде білім алып жатқан жастардың оқуына, жан-жақты болуына жәрдемдессе, екінші жағынан «кеңсе қызметкерлерінің» де жас буынмен энергия алмасуына көп көмегін тигізетін көрінеді.

 – Әрине, біздің шәкірттерді аузына қарататын оқытушылық қабілетіміз жоқ шығар, – дейді жастарға мейірлене қараған Жандос. – Бірақ, күнделікті жұмыс барысында көріп, біліп жатқан тәжірибемізбен бөлісу – міндетіміз деп есептеймін. Оның үстіне, қазір біздің де жастардан үйренеріміз көп. Мәселен, былтыр «жасанды интеллект» туралы айтылғанда біз «уау» деп таң қалатынбыз. Ал, жастар оған қалыпты жағдай ретінде қарайтынын байқадық. Оларды не мазалайтынын білдік. Жалпы, өткен жылы да біз Құлсары қаласындағы колледжге барып, «қонақ дәрісін» өткізгенбіз. Биыл университетке келдік. Егер алдағы уақытта да ұсыныстар болып жатса білгенімізбен бөлісуге дайынбыз.

«Қонақ дәрісіне» қатысқан 2-курс студенттері бірауыздан инженер әрі оқытушыға алғыстарын білдірсе, осы пәннен дәріс беретін университеттің аға оқытушысы Жаңылсын Аманбаева қос тарапқа да тиімді шараға мұрындық болған «ТШО»-ға ризашылығын жеткізді.

«Пандемия кезінде біз де онлайн негізде «ТШО»-да өндірістік тәжірибеде болып, білімімізді жетілдірдік. Бүгінде өндірісте технология жыл сайын өзгеріп жатқандықтан, оны біз де көріп, біліп отыруымыз керек деп есептеймін. Көп реттерде кен орындарына барып, қауіптілігі жоғары аумақтардың басы-қасында болуға студенттердің мүмкіндігі бола бермейді. Егер сонда жұмыс істеп жатқан қызметкерлер тығыз байланыс жасап, өздері айтып берсе жастардың жақсы үйренуіне көмегі тиер еді, – дейді Жаңылсын Шынбергенқызы.

Білім ордасына – жаңа зертхана

Атап өтер жайт, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен инновациялық жобаларға арналған заманауи зертхана ашылыпты. Аталған кешенде мұнай-газ өнеркәсібі мен инновациялық технологияларға бағытталған зерттеулер жасалатын болады. Онда жастар мен оқытушыларға өз идеяларын жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Бұл зертхана мұнай-газ индустриясының тұрақты дамуына ықпал ететін жаңа технологиялар мен шешімдерді құру, сынау және енгізу алаңына айналмақ.

 – Мұнай-газ индустриясын, өнеркәсіптік энергетиканы дамытуда инновациялар мен озық технологиялар шешуші рөл атқарады. Жаңа зертхананың ашылуы – студенттерімізді сын-қатерлерге қарсы тұруға дайындаудағы маңызды қадам. «Өнеркәсіптік энергетика» зертханасы ең озық технологиялар мен жабдықтармен жабдықталған. Қаржылай қолдау көрсеткені үшін және серіктестік үшін ТШО компаниясына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз,-дейді АтМГУ басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова.

Зертхананың ашылу салтанаты кезінде облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев бүгінде цифрландыру дәуірі қарқынды жүріп жатқанын атап өтіп, бұл зертхананың маңыздылығы жоғары екеніне баса тоқталған еді. Өйткені, мұнда енді студенттер теориялық білімін жетілдіріп, өндірісте қолданылатын жабдықтарда тәжірибелік дағдыларды игере алады.

Р.S: Әрине, мұндай дәрістер көпшілікке жаңалық болмауы да мүмкін. Бірақ, жұртқа қалыпты көрінген істің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қазір барлығы ақшамен өлшенетін кезеңде ерікті түрде білім берудің өзі үлкен іс. Себебі, сол арқылы болашақ мамандарға мүмкіндік ашылып отыр. Ата-бабамыздан сіңген қасиет бүгін де жалғасын тауып жатқандығы қуантады. Ал, жастарын ойлаған елдің ертеңі жарқын боларына сенім мол. «Көңіл көңілден су ішеді» демейтін бе еді, мұндайда?!

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз