Іскерлік байланысқа – кең өріс
Қазақстан мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына ширек ғасырға жуықтады. Содан бері екі елдегі өзара ынтымақтастық пен достық байланыстың нәтижесінде сауда-экономикалық салада іргері жылжу байқалады.
Дүйсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі, доктор Гидо Херцті қабылдады.
Аймақ басшысы неміс бизнес өкілдерінің өз инвестициясын салуы арқылы облыстың мұнай-газ кластерін, әсіресе мұнай химиясын дамыту, ауыл шаруашылығы мен балық өнеркәсібін, құрылыс индус-триясы мен көлік логистикасын өркендетуге қолайлы жағдай туғызылатындығын әңгімеледі.
Неміс компанияларының қазыналы аймақпен жақсы қарым-қатынас орнату нәтижесінде үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында сауда айналымының көлемі 161,7 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 есеге артық, экспорт көлемі үш млн. доллар шамасында болды.
Бүгінде облыстағы германдық 21 компанияда неміс капиталы бар. Олар экономиканың түрлі салаларында табысты жұмыс жасауда. Екі жақты кездесу барысында аймақ басшысы алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыс жоспарлары туралы айтып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға шақырды.
— Екі ел арасында қалыптасқан экономикалық, саяси қарым-қатынастар біздің облысымызда да өзінің заңды жалғасын тауып жатқандығы қуантады. Елбасының тапсырмасын орындай отырып, шетел инвесторларын өңірге тарту арқылы аймақтың экономикасын қар-қынды дамытуға мүдделі іскер бизнес өкілдеріне еліміздің қолданыстағы заңдары шеңберінде жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, — деді Нұрлан Асқарұлы.
Өз кезегінде елші Гидо Херц мырза Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық та, экономикалық та байланыстардың тиімді кезеңі қалыптасатындығын айтып, неміс бизнесмендері де инвестициялық қолайлы ахуалда жұмыс жасауға ниет білдіріп отырғандығын облыс әкімінің қаперіне берді.