Ісім ізгі болсын деп… немесе біз ел үшін не тындырдық?
Тарихта әр елдің құрылып, қалыптасып, одан әрі дамуының әрқайсысы бөлек процесс. Оны жасайтын қарапайым қалың бұқара. Ал, соның барлығын ұйымдастырып, тарихи қадамдарға мұрындық болатын бір адам болады. Мұны бұрын «көсем» деуші еді, қазір «көшбасшы» деп атап жүр. Мейлі, қалай десе де, ондай адамның абырой-беделі одан кеміп кетпейді. Мәселе – істің оң бағытқа қарай жылжуында. Тәуелсіздік уығын тұғырына нық қадап, көкбайрағын желбірете көтеріп, «Қазақстан» деген рухты мемлекетті әлемнің азулы елдерінің алдында мойындата білгенімізге де 30 жылдың жүзі аунады. Бағыт түзу, бағдар айқын. Қайткенде де, әлемдік доданың бел ортасынан асып, үздіктер тобынан шығып қалмау.
Ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жоспар-жобаларды парақтап отырып, өткенге біраз шегініс жасадық. 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бері Қазақ елінің жүріп өткен жолын жер жүзінің көптеген дамушы елдеріне мысалға ұсынуға болады екен. Ең бастысы, біз əлемге ядролық қарудың қажетсіздігін, оның аса жақсылыққа апармайтынын ұғындырдық. Көптеген елдер, тіпті азуы алты қарыс державалардың өзі бұған енді ғана мəн бере бастады. Халық санасын серпілту үшін түрлі іс-шараларды жасағанда да дүниежүзілік тəжірибелерге сүйене отырып, ортақ мəміле-тоқтаммен шешімдер қабылданған. Шекараның кілтипанына да осы əдістерге сай байлам жасалды. Мемлекеттік басқару құрылымдары, саяси науқандар өткізу, тағысын-тағы түрлі жөн-жоралғылар да шебер ұйымдастырылды. Əрине, басты құндылық – елдің бейбіт өмірі, тыныштықтың тұрақты сақталуы. Бүгінгі қоғамда əрқилы көзқарас, пікір қайшылығы, өзара түсініспеушіліктер, саяси қадамдарға наразылық əрекеттері айтылып та, жасалып та жүр. Ол заңдылық. Демократиялық қоғамның басты қағидаттары деп қабылдаған жөн. Ал, осыған біз, яғни қарапайым қалың бұқара өз тарапымыздан қаншалықты үлес қостық? Мəселе осы сұраққа келіп тірелгенде айтарымыз да, көрсетеріміз де жоқ екенін жасырмауымыз керек. Саясаттың отын көсеп қайтеміз, кəдімгі автокөлік жолына көңіл аударайықшы. Тек Атырау облысының аумағында ғана. Шүкір, жылма-жыл көлік жолы жаңартылып жасалып жатыр. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында тек 2020 жылы ғана облыстың 37 елді мекенінде жалпы ұзындығы 270 шақырым кірме жəне ауылішілік жол салынып, реконструкциялау мен жөндеуден өткен. Атырау қаласында 85 көшенің 62 шақырым жолы қайта жаңғыртылған. 2 0 1 9 ж ы л ы о бл ы с т ы қ ж ə н е аудандық деңгейдегі көлік жолының 57 пайызының ғана жағдайы «жақсы» жəне «қанағаттанарлық» деп бағаланса, 2020 жылы ол көрсеткіш 61 пайыз болыпты. Енді 2021 жылдың қорытындысымен 66 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Діттеген межеге қол жеткізу үшін, яғни өзіміз жүретін жолдың бүлінбеуі үшін жолаушылар мен автокөлік жүргізушілері қаншалықты үлес қосып жүр?! Əңгіме – сонда!..
Республикалық маңызы бар «АқтөбеАтырау-Астрахан» тасжолының бойымен күн сайын жүздеген жолаушы жүріп жатыр. Бірақ солардың тоқтап, бой жазған жерін орнында қалған қоқыс үйінділеріне қарап тап басуға болады. Егер Сіз Еуропа елдеріне шығып, жол бойында сондай үйінділерді қалдырсаңыз қыруар айыппұл төлейсіз. Ендеше, өз жеріңізге өзіңіздің жаныңыз ашымай ма? Немесе Атыраудан Орал, Ақтөбе, Ақтау, Астрахан бағытына жүретін жолаушы тасымалымен шұғылданушы жүргізушілер, бір сөзбен айтқанда же ке м е н ш і к т а кс и л е рд і ң к ө л і к жылдамдығын шектен тыс арттыруына тек «уақыттан ұту» деп қарамау ке р е к . Ж ы л д а м д ы қ т ы а рт т ы ру біріншіден, «жүргізушінің автокөліктегі жолаушының өміріне қасақана қауіп төндіруі» болып табылады.
Екіншіден, автокөліктің техникалық мүмкіндігіне қосымша салмақ түсіру, яғни өзінің табысына қосалқы шығын əкелу.
Үшінші қателік – автокөлік жолын бүлдіру. Осы үш жағдайда да Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне сəйкес, жүргізуші тиісінше жауапкершілікке тартылады. Оның үстіне, көліктің ауыр не жеңілдігі де қаперден шықпағаны жөн. Республика Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы жолда жүру ережесі» деп аталатын нормативтікқұқықтық актіде мұның барлығы тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Ұзақ қашықтықтағы көлік жолының жағдайы неғұрлым жақсарған сайын жол бойында адам өлімі көбейіп, жүргізушінің əумесерлігінен бейкүнə жолаушы беймезгіл көз жұмады. Ал, жол шұрқ тесік болса, тағы да мемлекетті кінəлаймыз. Сонда мемлекет халқының бабын тауып, жағдайын жасағанына да айып шегер болса, онда қазынадан ақша шығындап, жолды тегістеудің қажеті болар ма?!
Бұл мəселе бұған дейін бірнеше мəрте биік мінберлерде сөз болғанмен, шешімін таппай келеді. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі талай рет тиісті құрылымдардан жауапкершілік сұрады. Тəртіпті осалсытқан шенеуніктер жұмыстан да босатылды. Дəл осы жағдай жуырда тағы қайталанды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен автокөлік жолының сапасына қатысты республикалық құрылымдардың басшылары, бірнеше облыс əкімінің салалық орынбасары қызметінен кетті. Əйтсе де, мəселе мұнымен шектелер ме екен? «Аюға намаз үйреткен – таяқ» екені шын. Ендеше, есер жүргізушінің тəртібін түзету үшін заңның күші қатаң, ең бастысы саналы тəрбие болуы шарт. Əйтпесе, қазынадан қыруар қаражат бөліп, жолды жыл сайын жөндеп отырса да жағдайдың реттеле қоюы неғайбіл. Атырау облысы əкімінің сұранысына сəйкес мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың шешімімен «2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының əлеуметтікэкономикалық дамуының Кешенді жоспарына» сай көлік жəне логистика саласына бес жылға қыруар қаражат бөлініп отыр. Сол қаржыға көрсетілген мерзімде облыстағы 125 шақырым жол қайта жаңғыртылып, тағы 515 шақырымы жөндеуден өтпек. Сонда жергілікті деңгейдегі 1815 шақырым жол «жақсы» жəне «қанағаттанарлық» деген бағаға ие болуы шарт. Бұл облыс аумағындағы автокөлік жолының 95 пайызы жақсарады дегенді білдіреді. Осынша ауқымды жұмыс тек жолдың жағдайын жақсартып қоймай, бес жылда 4,5 мың адамды жұмыспен қамтиды деген болжам бар. Əлбетте, Атырау облысының кешенді дамуына 9,6 миллиард теңге бөлінетінін естігенде, шынымен жүрегіміз жарыла қуандық. Өйткені, күрмеуі қиын біраз істің түйіні шешілгелі тұр. Əйтпесе, үйдегі жұмсақ жиһазда жатып, əлеуметтік желі арқылы жан-жаққа желсөзді гулету кез-келген еріккеннің қолынан келер-ақ. Ал, қолдап жасар іске келгенде кежегеміз кейін тартып, бүгежектеп қалатынымыз рас қой. Nur Otan партиясының Сайлауалды бағдарламасында осындай қордаланған түйіндердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны, ол үшін уақыт қажеттігі айтылғанда тағы да біраз шуладық. Билікке тіл тигізіп, көпке топырақ шашқандай əрекет еткенімізге бүгінде жүз ұялады. Сөйтсек, «көз қорқақ, қол батыр» екен. Көшбасшы партия өз сөзінде тұрды. Алғашқы қадам – Атырау облысының бесжылдық дамуына 9,6 миллиард теңгенің бөлінуі.
Мемлекет бюджетінің үштен бірін құрайтын Атырау өңіріне мұндай жылы қабақтың болуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы, Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың таразы басын тең ұстауының нəтижесі. Абайша айтсақ, «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел». Олай болса, əркім билікке сын айтпас бұрын өз ісіне есеп бергені жөн. Дұрысында, мұны да данышпан Абай айтқан. Ал, өзіміз аузымыздан тастамайтын Америка Құрама Штаттарының 35-інші президенті Джон Кеннеди «Елім маған не істеді деп емес, мен еліме не істедім деп сұра» деген өсиет қалдырыпты. Бұл да өзінен бір ғасыр бұрын Абай айтқан сөздің мағынасын меңзейді. Қазақтың оқымаған данышпан қарияларынан қалған сөзде: «Жақсылықты əуелі адал еңбегіңмен отбасыңа жаса, отбасыңнан ауысса көршіңе, ауылыңа жаса, əрі қарай деңгейің жетсе еліңе жаса», – дейді. Ал, ендеше!..
Басқа шауып, төске өрлеп қайтеміз, ағайын. Ісіміз ізгі болсын десек, елге қызмет етуді әуелі өзімізден бастайық. Меніңше, Назарбаевтың көшбасшылығы Кеннедидің кемел істерінен бір мысқал да кем емес. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, ақиқаты сол!..
Назарбек ҚОСШИЕВ, журналист-документалист