
Жаңалықтар
Алғашқы сайлаушыға кітап тарту етілді
Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы №139 сайлау учаскесіне ағылған жұрттың қарасы қалың. Мұнда сағат 07.00-де мемлекеттік Әнұранды тұрғындар мен сайлауды бақылаушы байқаушылар, сенімді өкілдер тік тұрып қосыла шырқады.
Жалпы, аталған сайлау учаскесіне қарасты 1442 адам дауыс беруге тіркелген. Аққыстаулық Жібек Қалмағабетова алғаш болып дауыс бергендердің қатарында. Оған сайлау учаскесінің төрағасы Ербол Ақтанов сыйлыққа кітапты тарту етті.
Сондай-ақ сайлау комиссиясының өкілдері 1940 жылы туған тұрғын Бәтіш Сариеваның үйіне барып, оның саяси додада дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Ақжаулықты ана елге тыныштық, жұртына амандық тіледі.
Ақарыс АЙДАРБЕК