Жарнама
Жаңалықтар

Исатайда ұлттық ойындар фестивалі өтті

Исатай ауданында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында ұлттық спорт түрлерін насихаттауға бағытталған «Ұлттық ойын – болашақтың мұрасы» атты ІІІ ұлттық ойындар фестивалі өтті. Бұл іс-шара Исатай аудандық «Барыс» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы мен Жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Ұлттық ойындарды жаңғырту арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатындағы жарысқа ауданның сегіз мектебінен 100-ге жуық оқушы қатысып, ұлттық ойындардың 10 түрінен бақ сынады. Асық ату, бес асық, ләңгі тебу, қой көтеру, арқан тартыс, белдесу, тартыспақ, тоғызқұмалақ, бұқа тартыс және садақ ату сияқты дәстүрлі ұлттық ойындар жарыстың негізгі бағдарламасына енгізілді.

Фестивальдің құрметті қонақтары ретінде спорт әлемінің әйгілі тұлғалары қатысып, жастарға өнегелі сөздер айтты. Облыстың бірнеше дүркін түйе палуаны, самбо, дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері, қазір республика Туризм және спорт министрлігінің бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Кенжебек Сағатжанұлы, сондай-ақ самбо күресінен әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бисембай Абдулкаримұлы қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Спорттық доданың басты мейманы – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Қошқаров қатысушыларға ақ жол тілеп, қазақтың ұлттық ойындарын дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

Фестивальдің ашылуында Исатай ауданының әкімі Нұрым Бекежанұлы сөз сөйлеп, ұлттық ойындардың жастар мен қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
— Бүгінгі іс-шара ұлттық ойындарды насихаттап, оқушыларды отансүйгіштікке және ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат етеді. Ұлттық спорт түрлері – біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі. Осы фестиваль арқылы біз жастардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға және оларды дамытуға септігін тигізеді деп сенемін, — деді ол.

Аудан басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, әрбір оқушының ұлттық ойындарды меңгеру арқылы физикалық және рухани дамуына үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ, бұл іс-шара олардың бойында патриотизм мен достық сезімдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап көрсетті.
– Бүгінгі жарыста көрсеткен өнерлеріңіз бен белсенділіктеріңіз болашақта ұлттық спорттың дамуына септігін тигізеді. Ойын барысында өзара ынтымақтастықта болыңыздар, достарыңызбен бәсекелестік танытып, жеңіске жетуге ұмтылыңыздар. Сіздер – еліміздің болашағысыздар! — деген әкімнің жалынды тілегі жарысқа қатысушылардың рухын көтеріп, ұлттық сезімдерін оятты.

Фестиваль барысында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Абдулкаримұлы да қатысушыларға өз сәттілік тілегін жеткізіп, олардың ұлттық спортты дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Сіздер – елдің болашағы және ұлттық спорттың жарқын жұлдыздарысыздар. Бүгінгі жарыста көрсеткен өнерлеріңіз бен қажырларыңыз ұлттық ойындарымызды дамытып, оларды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, — деді ол.

Жиында исатайлықтар құсбегі Арман Абдулкаримұлына тұлпар мінгізді. Сондай-ақ, Умраға жолдама сыйлап, бұл дәстүрлі қазақтың ел ағаларының құрмет көрсетуі ретінде бағаланды. Спортшыға көрсетілген сый-құрмет жас спортшыларға ынталандыру болып, олардың ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызды рөлін көрсеткендей болды.

Ұлттық ойындар фестивалінің нәтижесі бойынша командалық есепте І орынды Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп иеленсе, ІІ орынды Аққыстау орта мектебі, ал ІІІ орынды Х.Нәубетов орта мектебі қанжығасына байлап, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл жарыс балалардың рухани және физикалық тәрбиесіне үлкен үлес қосып, ұлттық спортты одан әрі дамытуға жол ашты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жаңа жобалар қолға алынбақ.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button