
Исатай ауданында салынып жатқан екі спорт кешенінің құрылысы 60% аяқталды
Исатай ауданының Нарын және Зинеден ауылдық округтерінде дене шынықтыру және сауықтыруға арналған қос кешеннің құрылысы 60% аяқталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Заманауи талаптарға сай салынатын нысандар спорттық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіліп, медициналық қызмет көрсететін және жаттықтырушыларға арналған арнайы кабинеттермен жабдықталады.
– Құрылыс жұмысы сәуірде басталды, биыл қазанда аяқталады деп жоспарлануда. Нарын ауылындағы кешеннің мердігері – «Атырау Эксперт Проект» ЖШС, ал Зинеден ауылындағы нысанның құрылысын «Батыс Котло Монтаж» ЖШС жүзеге асыруда, – деді Исатай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғали.
Қазіргі таңда екі нысанда да құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Нарын ауылында құрылыс жұмыстарының 60% аяқталды. Мұнда 18 жұмысшы мен 5 техника қамтылса, Зинеден ауылында 16 адам мен 4 техника тартылған.
Айта кетейік, Исатай ауданында бұған дейін Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев және Исатай ауылдарында осындай кешендер салынған болатын. Сонымен қатар ауданда 29 заманауи спорт алаңы бар.