Иран-Ғайып ӘБІТАЙҰЛЫ: «Қоғамға керек екенімді Атырауда сезіндім»
– Драматургияда қалам тербеу қиын. Дегенмен, пьеса жазуды ерте жастан бастапсыз. Қазір 60-қа жуық қойылымның авторы екеніңізді білеміз. Негізгі ойды қайдан аласыз?
– Бір нәрсе бір нәрсеге себеп болады. Батыс өңірден Алтын адамның табылуына орай «Мәңгілік елдің Алтын адамы» драмасын жаздым. Елбасының күні кеше жарияланған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына орайластырып, фестивальдің де атауын солай атадым.Сүйінбайдың 200 жылдығына да «Сүйінбай» эпостық драмасын арнадым. Мәдениет және спорт министрлігі де менің 70 жасыма байланысты өнер тойын Атырауда өткізуді қолдап, аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлының бас-көз болуымен фестиваль өтті.
«Неден бастаймыз?» деп ойландық. Сүйінбай атамыздың 200 жылдығында Ұзынағаш деген жерде дүниеге келгендіктен ақынның мерейтойына орай сол жердің ақсақалдарының айтуымен пьеса жазылған еді. Қойылым жазыл-ғанымен, оны қоюға келгенде қиыншылықтар болды. Алматы облысы қош көрмеді. Ал, тапсырыс берген адамдардың қолынан келмеді. Әкемтеатрына да ұсындық. Олар да қабыл алмады. Сөйтіп жүріп, әлемдік деңгейдегі режиссер Мұрат Ахмановқа «қойсаң, осы сенің ғана қолыңнан келеді» деп пьесамды аманаттап тапсырдым. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауа ма?» дегендей, ақыры ауып келіп, осы Атырау өңірінен қолдау таптық.
– Атырау туралы қандай ойда қалдыңыз?
– Бұған дейін Махамбеттің 200 жылдығына орай өткізілген халықаралық конкурста Махамбет бабаға арнаған драмалық шығармам үшін Гран-Приді жеңіп алған едім. Ол Оралда қойылды. Атырау туралы бұрыннан білемін. Өңірдің ерекшелігі, табиғаты, аруақ қонып, нар шөккен киелі орта екені туралы түсінігім бұрыннан қалыптасқан. Көптеген ел сыйлаған азаматтар бұл жерде басшылықта болды. Олардың ішінде Иманғали Тасмағамбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қызметтері жұртшылықтың көңілінен шығып келеді. Соның дәлеліндей, бүгінгі олардың ізін жалғап келе жатқан облыс әкімі де өнерге жақын. Мен үшін Атырау өңірі – рухани байлықтың кені секілді елес береді.
– «Мәңгілік елдің Алтын адамы» қойылымының шығуына облыс әкімі Нұрлан Асқар-ұлының да қатысы бар» деп қалдыңыз…
– Бұл шығарма ақын мен әкімнің арасында өрбіген үлкен тарихи әңгіме барысында туындады. Мен осы жерде өзімнің қоғамға керек екенімді шын сезіндім. Біз дос бола отырып, ел мен жер хақында жиі әңгімелесеміз. Алтын адамдағы негізгі ой да тарихи жәдігер Алтын адаммен байланысты. Менің жазып отырғаным Сыр бойында болған ақылды әйел туралы еді. Оқиға Шөмен ағайындыларының арасындағы кикілжіңге байланысты бір ананың екі баласы туралы өрбиді. Біреуінің шешесі дүниеден өтіп кеткесін қазақтың анасы жетім баланы өз перзентімен тел емізіп, өсіреді. Есейгенде, олар шекісіп қалып, ананың туған баласын екіншісі өлтіреді. Соңы дауға айналып, сол кездегі билер шеше алмай, ананың өзі тоқтау айтып, бір байламға келген екен.
– Әйел тақырыбында жақсы жазатыныңызды төрт күн бойына өткен драмалық шығармаларыңыздан көрдік. Олардың жанын түсіну қиын ғой. Әлде әженің қолында өскен баласыз ба?
– Әйелден перзент болып жаралсақ, неге олар туралы жырламасқа?! Менің екі шешем бар. Әкем – 44 жасқа дейін бала көрмеген адам. Шешем – әкемнің төртінші әйелі. Бірақ, дүние-ге келген бойда үлкен шешем мені қолына ал-ған. Ол сол кездегі алғашқы коммунист әйелдің бірі, өте сауатты кісі болды. Айткүл Хангелдина деген шешемнің тәрбиесінде болдым, ертегі-аңыздарды, татарша әндерді жақсы айтатын. Нағашыларым үлкен жазушы, партия қызметкерлері, ақын болған. Сол кісілердің ықпалы болды ма, мен де жазуды жаныма серік еттім.