Инвестициялық субсидия алуға мүмкіндік мол
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға Жолдауында елімізде аграрлық саланы дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірінен саналатындығын айта келіп, «Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанды өзінде өндірілетін отандық азық-түлік өнімдерімен толықтай қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру. Мұның өзі, киелі алтын бесігіміз – ауылдарымызды гүлдендіруге зор септігін тигізіп, тың серпін берері сөзсіз» деген болатын.
Кемел келешекке бастайтын ауқымды істердің ауылдан басталатыны ақиқат. Бұл үрдіс әсіресе еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері айқын көрініс тапты. Соңғы алты жылда аймақтың ауыл шаруашылығы саласында 20-дан астам ірі жоба жүзеге асты. Оларға салынған инвестиция көлемі 19,8 млрд. теңгені құрап, бірнеше жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 62,7 млрд. теңгеге, нақты көлем индексі 102,5 пайызға жетті.
Мәселен, 2013 жылы Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС-де мүйізді ірі қара малының сүтін өндіріп, одан түрлі өнімдер дайындап шығаруға арналған тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Соған байланысты мұнда аналық сиырлар мен торпақтарды бағып-күтуге, қажетті жемшөп қорын өзінде өсіріп, гидропоникалық тәсілмен балауса күйінде әзірлеуге мүмкіндік беретін заманауи кешен пайдалануға берілді. Ал, «Сарайшық» ЖШС-де ешкі өсіріп, сүтінен ондаған өнім түрлері дайындалатын шаруашылық жұмыс жасай бастады.
Ал, 2014 жылы Атырауда балық өнеркәсібін дамыту мақсатында «Caspian Royal Fish» кәсіпорны тауарлы бекіре фермасы ашылды. Бұл бағалы балық түрлерін өзімізде өсіріп, еті мен уылдырығын нарыққа шығаруға мүмкіндік берді. Сол сияқты, 2015 жылы «Алмалы құс» ЖШС-нің құс фабрикасы іске қосылды. Содан бері тауық жұмыртқасы «Сарайшық» коммуналдық базарында, қаланың басқа да сауда орындарында халыққа арзан бағамен сатылып келеді. Осы салада «Атырау Сауда» ЖШС-нің Жылыой ауданында ашқан шағын кәсіпорнының да өзіндік үлесі барын айтқанымыз ләзім.
Сонымен қатар, аймақта алғаш рет түйе мен қой жүнін өңдеп, түрлі өнім шығаруға бағытталған «Caspi Lana Atyrau» ЖШС фабрикасының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, «Атырау-Бөдене» құс шаруашылығы мен «АтырауАгроФеликс» ЖШС-нің көкөніс дақылдарын өңдеу мен құтыдағы өнім шығару цехы да тұтынушыларға қызмет көрсете бастады. Тұтастай алғанда, сол жылдың ішінде облыста жалпы сметалық құны 24,2 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылып, 655 жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұдан соң 2016 жылы құны 2,8 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылды. Бұл үрдіс 2017-2018 жылдары да жалғасын тапты. Өндіріске тиімділігі жоғары жаңа технологияларды енгізіп, шаруаны ұтымды ұйымдастырудың арқасында өткен жылы облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 57 042,6 млн. теңгені құраса, оның 33 220,6 млн. теңгесі мал шаруашылығының, 25 143,3 млн. теңгесі егін шаруашылығының еншісінде екен.
Кейінгі кездері мал шаруашылығын қайта жаңғыртып, дамытуға, соның ішінде асыл тұқымды түліктердің басын көбейтіп, өнім сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда облыста 7 шаруашылықта 45 мыңнан астам асыл тұқымды қой өсірілсе, осынша шаруашылық құрылымында осы санатқа кіретін 3000-ға жуық мүйізді ірі қара бағылуда. Ал, асыл тұқымды айыр өркешті түйенің саны 1 790-ға жеткізіліп, бұл іспен облыста 4 шаруашылық айналысуда. Және 1 шаруашылықта 527 асыл тұқымды «Қазақ жылқысы» бағылуда.
Атыраулықтар үшін ежелгі кәсіптердің бірінен саналатын егін шаруашылығында да айтарлықтай табыстар аз емес. Соңғы жылдары тәжірибеде тиімділігі мен табыстылығын көрсеткен израилдық тамшылатып суару технологиясын кеңінен пайдалануға бағыт ұсталуда. Жылдан жылға аталған тәсілмен баптап-күтілетін егіндік алқаптың аумағы ұлғаюда. Былтыр оның көлемі 2540 гектарға жеткізіліп, алдыңғы жылғыдан (2306 га) 240 гектарға жуық көбейген. Мұның сыртында, малазықтық дақылдар егістігінде соңғы үлгідегі жаңбырлатқыш техникалардың да тиімділігін көрсетіп отырғанын айтсақ, артық емес. Облыста егін салынатын жердің ауданы ғана емес, алынатын өнім көлемі, соған сәйкес гектар қайтарымы артты.
Ауыл шаруашылығының түрлі саласында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалар да өз жемісін беруде. Бұл ретте сиыр, жылқы және қой шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары шеңберінде қабылданған міндеттемелер толығымен орындалған. Кәсіпкерлерге несие мен субсидия беру, қолдау көрсету мәселесі де оңтайлы шешіліп, күткендегідей нәтижесін беруде. Мысалы, Индер ауданында 6 шаруашылық қолға алған ісін әрмен қарай табысты дамыту үшін мемлекеттен берілетін инвестициялық субсидия алуға қол жеткізіп отыр.