Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Инсульт жасарып барады

Гипертонияжоғары қан қысымы ретінде инфаркт, инсульт және бүйрек жеткіліксіздігінің дамуы қатерлерін арттырады. Қадағаланбаған гипертония соқырлыққа, аритмия және жүрек дертіне әкелуі мүмкін. Диабет, басқа да жүрекқан тамыры факторлары болған жағдайда асқынулар арта түседі.

i

Басқосуда мезгілсіз өлім-жітім мен мүгедектікке алып келетін гипертония ауруын анықтау,  сәйкесінше  ем қабылдау  туралы  айтылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас невролог дәрігері Нұржан Антазеевтың айтуынша, артериялық қан қысымымен бұрынғы кезде егде жасқа келгендер ауыратын болса, қазір жастар да осы дертке шалдығуда. «Облыс бойынша инсульт алғандардың қатарында 23-26 жас аралығындағы жастар тіркелген. Қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау мен күйзеліс қан қысымын жоғарылатып, инсультке шалдықтырады. Тіпті, бұл аурумен тек еліміз ғана емес, бүкіл дүние жүзі күресуде» дейді невролог дәрігер.

Ал, облыстық  кардиоорталықтың дәрігері Жанар Оралбекова қан қысымы бір қалыпты емес науқас жандарға дәрігерлер жақын адамындай жаны ашып, кеңесін беру керектігін айтады. «Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлер бір жағынан психолог болуы керек. Уақытылы тексеріліп, дәрі ішіп тұру қажеттігін науқасқа дұрыс түсіндіргені абзал. Сонда ғана бұл аурудың алдын аламыз. Артериялық гипертония ауруы тұқым қуалайтын дерттің қатарына жататынын ұмытпауымыз қажет. Ауырғандардың 90 пайызының аталары кезінде инсультке шалдыққан, қан қысымы қалыпты болмағаны анықталады» дейді Жанар Мейрамқызы.

Шаһардағы  барлық емханалардың жалпы тәжірибелік дәрігерлері мен медбикелері де ауруды болдырмау мақсатында жасап жатқан жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, қалалық №3 емхананың медбикесі Гүлшат Шопанова жұртшылықтың скринингтік тексеруге уақыт тауып келетінін айтса, қалалық №2 емхананың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Элена Даутова облыс орталығында тұратын тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі төмен екенін айтып отыр. «Уақытылы скринингтік-тексерістен өтпегендерді мәжбүрлеп емханаға тартып отырмыз» дейді Элена Даутова.

Гипертонияның алдын алу үшін тұзды, майлы тағамдардан бас тарту керек. Шылым мен ішімдіктен бойды аулақ ұстап, дене белсенділігін арттыру қажет. Күйзеліске ерік бермеген жөн.

Инсульт – ми  қан  айналымының бұзылуымен байланысты ауру. Нәтижесінде, мидың белгілі бір бөлігіндегі қан айналымы төмендейді немесе толығымен тоқтайды. Бүгінгі күні инсульт халықтың өлім-жітім себептерінің арасында екінші орында тұр. Сондай-ақ, инсульт мүгедектікке әкеп соғатын аурулардың ішінде бірінші орынға ие. Инсульт алған адамдардың 80 пайызға  жуығы мүгедектікке ұшыраса, соның ішінде 25 пайызы қалған өмірінің барлығында тұрақты түрде күтімді қажет етеді.

Нақты мәліметке сүйенсек:

Биылғы жылдың бір айында 100 адамға есептегенде, инсульттен 18,8 пайыз науқас көз жұмған.            80 пайызы  мүгедектікке алып келген. Науқастардың тек 7-8 пайызы бұрынғы қалпына келген.

Дертке әкелетін

негізгі себеп:

Науқастардың дәрігерге деген сенімінің жоқтығы. Қан қысымының төмендеуіне немесе жоғарылауына байланысты артериялық гипертонияның алғашқы белгілері білінсе, дәрігер міндетті жазып беретін дәріні жұртшылық ішуден қорқады. Уақытылы дәрі ішілмесе, ауру кез келген уақытта басталып, науқас инсульт алуы мүмкін.

Атырау облысында өткен жылы артериялық гипертониямен жаңадан 6496 науқас тіркелген.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button